Мұхит ҚҰЛМАҒАНБЕТОВ:
Гонконгтағы кванттық офтальмология зертханасын 32 жастағы қазақ жігіт басқарып жүр. Мұхит Құлмағанбетов – медиктер отбасының өкілі. Қарағандыда дүниеге келгенмен, 10 шақты жыл Қызылорда облысы Сырдария ауданының Қалжан ахун ауылында тұрды. 2002 жылы отбасымен бірге аудан орталығы Тереңөзекке қоныс аударды. Біз аядай ауылдан шыққан офтальмологтың әлемдік ғылым жолындағы аяқалысы туралы өзінен сұрап білдік.
Мұхит Құлмағанбетов – С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің түлегі. Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу резидентурасында оқып жүрген кезінде 2017 жылы Уэльстегі Кардифф университетінің білім грантын иеленді. Мыңға жуық талапкердің арасынан іріктелген жеті студенттің бірі болу жерлесіміз үшін мүмкіндіктер баспалдағы еді. Уэльсте ол оптикалық жүйелер жасауға ден қойған-ды. Мұны естіген жерлесімізге канадалық ғалымдар «құда түсіпті». Олар Уатерлоу университетіне келуді немесе Гонконгта жаңадан құрылып жатқан кванттық офтальмология зертханасына жетекші болуын ұсынған. Елдегі оқуын тамамдағалы бері Мұхит Құлмағанбетов Гонконгта.
«Шетелге жұмысқа шақырғанда эйфория болды дей алмаймын. Өйткені оған дейін де басқа мемлекеттерде оқып, өмір сүріп көрдім. Сондықтан бұл маған таңсық көрінген жоқ. Ұлыбританияға бірінші рет оқуға шақырғанда ерекше қуанғаным рас. Бұл әлеуетті адамдармен әріптес болу, бірге ғылыми жобалар жасауға алғашқы қадам еді», – деді кейіпкеріміз.
Жас ғалымның айтуынша, кванттық офтальмология – ғылыми айналымдағы жаңа термин.
«Кванттық физика, кванттық механика ғылымдарының бұрын-соңды көз ауруларын зерттеу ісімен байланысы болмаған. Біз атқарып жатқан жұмыс, құрастырып жатқан кванттық технологиялар көздің көру қабығы ауруларын ерте диагностикалауға арналған. Кез келген екі бағытты байланыстыратын ғылыми жобалар көбейе бастағанда жаңа бағыт қалыптасады. Бұл бағытта Ұлыбритания ғалымдары жұмыс қарқынын күшейтті. Арманым – жаңа технологияны Қазақстанға әкелу, еліміздің ғылыми рейтингін көтеруге үлес қосу», – деді жерлесіміз.
Гонконг зертханасында отандасымыз АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Үндістан, Гонконг, Сербия ғалымдарымен тығыз байланыста еңбек етіп келеді. Бірлескен еңбек нәтижесі соқырлыққа әкеп соғатын түрлі сырқатты ерте сатысында анықтауға бағытталған.
«Соның ішінде алдын алуға болатыны, бірінші орында тұрғаны – катаракта. Ал макулярлы дегенерация – емі жоқ аурудың ішінде ең кең тарағаны. Кванттық офтальмологияның арқасында емге көнбейтін ауруға шалдыққандарға көмектесуге болады», – деді Мұхит Құлмағанбетов.
Гонконгта ғылымды коммерцияландыруға көп көңіл бөлінеді. Мысалы, қазақстандық ғалымға зертхана құрылғысын сатып алу үшін 1 млн доллар берген. «Неге алдың?» деп құжат жинатып, сандалтып қойған ешкім болмапты.
«Шоу-бизнестің ғылымнан озық болуы сол елдің идеологиясына байланысты. Ұзақ мерзімді дамуды көздеген мемлекеттер әдетте ғылым мен технологияны дамытуға басымдық береді. Жер қоры, кен байлығы бәрібір бір күні таусылады. Сондықтан адами ресурсқа инвестиция құюдың қайтарымы мол», – деді офтальмолог.
Кейіпкеріміз дамыған елдерде ғалымдарға, дәрігерлерге құрмет ерекше екенін атап өтті.
«Әуежайға барғанымда дәрігер екенімді біліп, бизнес-кластан орын берген, кезексіз өткізіп жіберген жағдайлар болды. Олардың жалақысы жоғары. Қазақстанда да осындай жағдай жасалса деп армандаймын», – деді жас ғалым.
Мұхит Құлмағанбетов Қазақстан мен шетелдің ұқсастығы мен айырмашылығына да тоқталды.
«Жерінің кеңдігі, климаты, ауа райы жағынан Канада Қазақстанға жақын. Ұлыбритания мен Гонконгта қар, тағы басқа экстремалды климат болмағасын маған таңсық көрінді. Ауа ылғалдылығы жоғары, ол да ұнамайды. Ұлыбритания мен Канаданың өмір салты көңілге қонады. Адамдары мейірімді, күліп жүреді. Инфрақұрылым, қоғамдық көліктер кестесі адамдарға ыңғайлы, көпшілік орындарда жанға жайлы атмосфера. Канада мен Ұлыбританияда еңбек лайықты бағаланады. Канадаға жолыңыз түссе, егер сіз дәрігер немесе ғалым, қиын ілімді игерген маман болсаңыз, визаны да, азаматтықты да әдеттегіден бұрын ала аласыз», – деді кейіпкеріміз.
Назерке САНИЯЗОВА
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!