Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Журналистік мәртебемді дүниеқоңыздыққа салынумен ластағым келмейді

23.11.2023, 11:00 280

Журналистика – қызығы мен шы­жығы мол, парасатты пайымды, ұшқыр ойды, шынайылық пен салқынқандылықты талап ететін мамандық. Бұл салаға бет бұру арқылы ақ пен қараның аражігін анықтап үйренесің, адамның ұлтына, дініне, жынысы мен жасына қарамай құқығын қорғауға, өздігіңше ой-өрісіңді кеңейтуге, әр дүниеге зайырлы көзқараспен қарау­ға бейімделесің. ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы Намазалы Омашев айтқандай, журналистика – бұл сен таңдайтын емес, сені таңдайтын мамандық. Осы тұста ғалым ағамыз жөн айтқан. Журналистика амалдық жоқтығынан, қызыл-көк қағазды қолға ұстауға ниеттенгендер үшін арналмаған. Бұл мамандыққа тек қана алдына қандай да бір мақсат қойған, мамандықты әрмен қарай игеремін, жазарым бар, айтарым бар дейтін, халықтың мұң-мұқтажын тыңдай алатын, жұртшылыққа эмпатиямен қарай білетін жан ғана төзіп, мансабын жалғастырып,  ілгерілей  алады.

Журналистиканы биліктің төртінші санатына қосып, кәделеп-қастерлеп жатамыз. Қастерлеуіміз орынды. Түн ұйқысын  төрт  бөліп, көз майын тамызып, өз мүддесін ойламаса да, өзгенің мүддесі үшін шырылдайтын, қоғам мен билік басын біріктіріп, дәнекер болатын, шартарапты шарлап ақпар тарататын да – тілшілер қауымы. Еліміздегі тілшіліктің тіршілігімен тұңғыш тыныстағандар да кем адамдар болмады. Дәстүрлі қазақ журналистикасының сара жолы сонау ел егемендегі үшін аянбай тер төккен, қазақ халқын ағартпақ болып, қызыл империяның құрбанына айналған зиялы қауым­нан  бастау алады. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы редакторлық еткен «Қазақ газеті», «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болам» деп азғантай ғана ғұмырын шығармашылыққа арқау еткен Сұлтанмахмұт Торайғыров қыз­мет еткен тұңғыш журнал «Айқап» сүбе­лі сөзімізге  айқын  дәлел  болмақ.

Осы тұста журналистика саласының қазақ қоғамындағы рөлі ерекше. Мен де жоғарыда атап өткен тұлғалар секілді еліме сәл де болсын пайдам­ды тигізейін деп осы мамандыққа бет бұрдым. Бала кезімнен бір дүние жазуға талпынып, дәптер шимайлау­ға құмар едім. Журналистика мамандығын таңдағаныма әкемнің де ықпалы болды. Әкең тілші болған соң, сәйкесінше үйде кітаптар да көп кездеседі. Бала кезімде түсі­нейін, түсінбейін өзімше әр кітапты ақтарып, ұғынуға тырысатынмын. Атам да бұл саладан ада бола қоймады. Атамның газетке деген құмарлығы менің де газет оқуыма әсер етті. Апта сайын үйге «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», «Айқын», «Халық», «Сыр бойы» газеттері келгенде төбем көкке көтеріліп, атамнан тез оқуын өтініп, кезекке тұратынмын. Бала кезімде газет мен үшін ең соңғы бетінен басталатын еді. Қызық әрі тылсым оқиғалар, шетелде болып жатқан жағдайлар, спорт жаңалық­тары қашанда газеттің соңғы беттерінен көрініс табатын-тұғын. Бала болғаннан кейін саяси-экономикалық мәселелер аса қызықтырмайтын. Мектеп, аудан арасында Фариза оқуларына, Мұқағали оқуларына қаты­сып, жүл­дегерлер қатары­нан көрініп жүрдім. Бұл жайттар да журналистика саласына деген махаб­батымды одан әрі арттыра түсті десем артық айтпағаным болар. Бертін келе Арал ауданындағы №220 орта мектебінен түлеп ұшып, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университе­тінің «Журналистика» мамандығына мемлекеттік грант бұйырып, оқуға түстім. Бүгінде  2-курс  студентімін.

Қазіргі сәтте еңбек жолымды республика­лық «Халық» газетінде бастап жатқан жайым бар. «Халық» газе­ті – Сыр журналистикасының сүлейлерін да­йындап шығаратын фабри­ка іспеттес. Басылымның негізін қала­ған, бүгінде «Сыр медиа» ЖШС-ның бас директоры Аманжол Сақып­ұлы, «Әлімсақ» журналының және «Ұстаз мәртебесі» газетінің бас редакторы Нұрлан Көбе­генұлы, «Qyzylorda» теле­арнасының бас директоры Нұрбек Әмиша, «Qazaqstan» телеарнасының Қызыл­ордадағы меншікті тілшісі Әділбек Жақанов, «Хабар 24» телеарнасының тілшісі Бекзат Аманов сынды беделді журналистердің барлығы дерлік аталған газетте қызмет атқарған. Осы азаматтардың жүріп өткен сара жолы менің де «Халық» газетін таңдап, журналистік мансабымның алғашқы сатыларын жүріп өтуіме себепкер болды.

Ең бастысы, мамандық таңдаудан қателеспеу керек дейді ғой. Өзімді бұл таңдауда жаңылмадым деп есептеймін. Бойымнан тілшілік қызметке деген ерекше ықылас, үйренуге деген, үйрен­генімді жұртшылыққа үйретуге деген талпынысты, айрықша ерік-жігер­ді сезе­мін. Келешекте Нұртілеу Иманғали­ұлындай өткір сұрақтармен сұхбаттасушыны жаңылыстыратын, марқұм Сағат Әшімбаев секілді ораторлық қабілетімді шыңдап, тілім деп, елім  деп   көптің алдында сөз сөйлейтін, Ықылас  Ожайұлы сияқты ілім-ғылымның шырайын шығарып, асқан кемеңгерлікпен ойын айтатын, Дархан Әбдіктей ғылымның сан саңылауын түбегейлі зерттеп, сыни ойлауыммен ерекшеленіп, өз хабарыммен бүгінгі күннің ағартушылығымен айналыс­пақ  ниеттемін.

Журналистік мәртебемді біреудің біреуді даттауға берген ақшасын қалта­ма басып, дүниеқоңыздыққа салынумен ластағым келмейді. Мемлекеттік идеологияның қараңғы тұсын тізбектеп, халықтың мұң-мұқтажын құзырлы қауымға естіртіп, шетел журналистикасын, әдебиетін, киноиндус­триясы мен ғылыми жобаларын қазақ тіліне аударып, бүгінгі күннің түйткілді мәселесіне айналған қазақ контентін дамытсам деймін. Қоғам арасында белең алған мардымсыз таптаурындарға нүкте қойып, журналистің ары мен намысына нұқсан келтіретін ел арасында қанатын кеңге жайған «журналистер өсекші ғой», «журналист деген кім, жаңалық жүргізетін адамдар ма?» деген секілді кереғар түсініктерді теріске шығарғым келеді.

Айтілес  ЖАЙШЫЛЫҚ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: