Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қара ағаш түбіндегі оқиға (Хикая- детектив)

07.05.2020, 10:20 756

Алдажар  ӘБІЛОВ

16.  ТЕРГЕУ  ӘЛІ  БІТКЕН  ЖОҚ

Түскі үзіліс кезінде 101-мен хабарласып, мән-жайды баяндаған Орынбек аудандық ішкі істер бөліміне келіп, алдағы жұмысты жоспарлау үшін өзіне бөлінген кабинетте отырыңқырап қалды. Санкция алу үшін ертең прокурорға апару керек, тергеуге беймәлім болып тұрған тұстар бар ма, әлде назардан қалып қойған жайтта­р бар ма, істі қайта қарап отырған, Нұрлан келіп: «Ореке, байқарсың, не то жағ­дай­лар болып жатқан сияқты», – деп ескертіп кетті. Кезекші Сағадаттың қатты қорылға басып­, ұйықтап жатқанын айтты, ойына мана бөлім бастығы­ның бұған жөнсіз тиісіп, «Істі неге дұрыс  жүргізбей  жатырсың?», – дегені түсті. Бұл да қарап қалмады: «Сізге тергеуді дұрыс жүргізбей жатыр», – деп арызданушы бар ма? Бар болса менің әрекетіме ведомствалық қадағалау жасайтын тергеу басқармасы мен прокурор бар. Бұған сіздің қатысыңыз қандай?» – деп тіктеле сөйледі. Мұныкі заң бойынша дұрыс, ол мұны күтпесе керек, үнсіз қалды.

Барлығы жоспар бойынша келе жатқан сияқ­ты. 101-мен әңгімеден ол мұны қайта шақыртатынын ұққан, «Біз түк білмеген бола берейік. Ананың ісі сотқа өтетін болсын. Сенің орныңа басқа тергеуші барып қалатын шығар, тікелей бастығың солай істейтін болар, бізге анау сотталып осында, десяткаға келсе болды, қалғанын кездескенде айтармын. Жалпы, «ход коньем» жасаймыз. Ясно?!» дегенінен осы іске қатысты тергеу басқа арнада қайта жалғасарын түсінген.

Көп күттірмеді, телефон безілдеп қоя берді. Тұтқадан Оңғарбаевтың дауысы қырыл-сырылын араластыра төпей жөнелді: «Былықтырып жатсың ба… басқа не бітіресің… бастықпен ұрысқа­ннан басқа қолыңнан не келеді сенің? Сезіктіні босатпақ дей ме… Әй… есің дұрыс па… Омаровты жібердім, қазір барып қалады, шыққанына бір сағаттан асты. Істі соған өткіз, Сексеуіл станциясында двойной убейства болып жатыр, соған барасың. Түнімен жет Ақмешітке. Түсіндің бе… Смотри, ә … бұларды…».

Орынбек «101-дің болжамы дұрысқа шықты-ау», – деп ойлады, істі өткізуге дайындауға кірісті. Омаров келісімен барлық жағдаймен таныстырып, беттері нөмірленген, тігілген істі өткізген ол бірінші қабатқа түсіп, уақытша ұстау абақтысына бас сұқты. Сағадат ояныпты. Мән-жайды айтты. «Алты жылдан бері дұрыс ұйықтағаным болды, түк сезбей қатып қалыппын», – деді ол.

Орынбекті Нұрлан, Асқар, Қазыбек үшеуі күре жолдан көлікке мінгізіп жіберді. Шығарып салушылардың жүздері жарқын, өз істерінің нәтижелі болғанына деген ризалық әр сөзден аңғарылады. Әзіл-қалжыңнан ту көтеріп тұрған әңгіме арасында енді бұрынғыдан да сақ болу керектігі айтылып қалды. Бұл оларға Сағадаттың «Алты жылдан бері дұрыс ұйықтағаным болды, түк сезбей қатып қалыппын», – дегенін айтты. Қазыбек те: «Ореке, біз де бүгін түк сезбей қатып ұйықтайтын шығармыз» – дегенде жігіттер  жарыса күлді. Олар істің сотқа кететініне, қылмыстының жазасыз қалмайтынына сенімді еді.

Ертеңіне облыс орталығынан бес жүз шақырым қашықтықтағы Сексеуіл станциясына кеткен Орынбек қылмыс бетін ашып, он күннен соң оралды. Облыстық ішкі істер департаментінің коридорында кездесе кеткен Омаров: «Оу, Ориксон! Қалайсың? Кеше Жанталиядан келдім, Макс айтпақшы мен барамын дегенше істі бұзылмайтындай етіп, шегелеп тастаған екенсің, менікі тек сотқа өткізу болды. Кешке жұмыстан соң мұны жуып жіберуге болады. Мен  қарыз болып қалғанды қаламаймын, еңбек – сенікі, атағы – менікі. Ну, как?»  – деп екі алақанын ысқылап қойды. Сырт адам «Ориксоны кім, Жанталиясы несі?» – деп қалуы мүмкін ғой, сондықтан мұны да аша өткен жөн, кім шығарғанын Алла біледі, әйтеуір, депар­таменттегілердің көбісі Жаңақорғанды – Жанталия, ал өзі құралпы жас тергеушілер Орынбекті – Ориксон деп атайтын. Бұл ыңғай таныта қоймады, ал ол ізінен қалар емес. «Әй, маладес Ориксон… Бұл бір біткен іс, успешный тергеу болды», – деп ол сөйлеп келе жатқанда Орынбек ішінен «Жоқ, тергеу әлі біткен жоқ… Негізгі шаруа енді басталады», – деп қарсылық білдірді. Иә, мұны дауыстап айтуға болмайтын. Тергеушіні он бес күннен соң құпия жүргізілер жаңа бір іс күтіп тұрған болатын.

Екі-үш күннен бері шуақ төгіп тұрған күн райы тағы бұзыла бастады, көкті бұлт торлады, тұтаса төнген бұлт мезгіл тал түс болса да төңіректі қараңғылық бояуымен әрледі. Үш-төрт күннен бері тып-тыныш болып қалған аспан­ лезде мыңдаған дию, жып-перілер ойнақ салғандай қалыпқа түсті, мұздай тамшылар себеле­й жөнелді. Аспанды қақырата, жерді тітірете найзағай ойнады. Кім білген, бәлкім, бұл жаратушымның пенделер тойымсыздығы мен жауыздығына деген ашу-ызасы ма екен, әйтеуір, өзгешелеу сатыр-сұтыр, жарқ-жұрқ етті.

(Соңы. Басы  өткен  сандарда.) 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: