Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Жайлы мектеп» жобасы аясында тағы бір мектептің құрылысы басталды

24.10.2023, 14:45 229

Республика күніне және тарихы мен тағылымы терең облыстың 85 жылдығына орай Қызылорда қаласының сол жағалауында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен салынатын 900 орындық білім ошағының құрылысы басталды.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мектептің іргетасын қалау рәсіміне қатысып, жерлестерін қос мерекемен құттықтады.

«Мемлекет басшысының бастамасымен өткен жылдан бері Республика күнін ұлттық мереке ретінде жаңа мазмұнда атап өтудеміз. Мерейлі күн қарсаңында бірқатар ауқымды жобалар бастау алды. Президент бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста 12 300 орындық 21 мектеп салынуда. Соның бірінің іргетасын бүгін ұлық мереке қарсаңында өздеріңізбен бірге қалаймыз. 900 орындық білім ордасында ұстаздар талапты, талантты, зейінді шәкірттерді тәрбиелеп, елге қызмет ететін түлектердің қанатын қатайтып ұшыратынына сенемін», – деді аймақ басшысы.

Бүгінде «Білімді қолдау қоры» есебінен Қызылорда қаласында 7,9 млрд теңгеге физика-математика бағытындағы мектеп-интернат құрылысы қарқынды жүргізілуде. «ҚазГерМұнай» компаниясының демеушілігімен 2,5 млрд. теңгеге 350 орындық заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайының» құрылысы басталды. «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен Сырдария өзенінің сол жағалауынан 4,8 млрд. теңгеге музыкалық колледждің жаңа ғимараты салынады. Ауыл балалары үшін 900 орындық 4 мектеп осы жылы ел игілігіне табысталмақ. ​
Қала мектептеріндегі орын тапшылығы мәселесі қосымша құрылыс салу арқылы шешімін тапты. Облыс орталығындағы 4 мектептің қосымша ғимараты жаңа оқу жылында пайдалануға берілді. Мұғалімдер күнінде «Бәйтерек» шағын ауданынан 600 орындық жаңа мектеп ашылып, қала орталығына қатынап оқитын оқушылар өз үйіне жақын білім ошағына баратын болды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: