Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жараланса да майдан даласын тастамаған жауынгер

05.10.2023, 9:40 244

Ешкім  де,  ештеңе  де  ұмытылмайды

Қазақ халқы талай тауқыметті жылдарды басынан өткерді. Тарихымыз түгенделген тұстан бастап бабаларымыз азаттық жолында, ел мен жерді аман сақтау мақсатында от пен оқтың ортасында жаугершілік жылдарды өткерді. Сол батыр бабаларымыздың ерлігі кейінгі ұрпаққа өшпес өнеге. Әсіресе, Ұлы Отан соғысында майдан даласына аттанып, қан кешкен батырларымыздың естелігін өз ауыздарынан естідік. Қазір олардың да қатары сиреп кетті. Сол бір отты жылдары қаршадай бала болса да майданға аттанып, Отан қорғау жолында жан аямай шайқасқан жерлесіміз Сауда Алданов туралы естелік сөз қозғасақ дейміз.

Ол 1921 жылы Арал ауданы, Қарақұм ауылдық округіне қарасты Жаңаталап елді мекенінде дүниеге келген. Әке-шешесі қара­пайым шаруа адамдар болады. Сауда Алданов Арал қаласындағы №13 орта мектепті 5-сыныпқа дейін оқыған. Кейін тұрмыстың тауқыметімен еңбекке ерте араласып кетеді.

1942 жылы 2 қаңтарда Ұлы Отан соғысына аттанады. Ол қалмақ даласында бол­ған ұрысқа қатысады. Элиста, Халькута қала­ларының үстімен Сталинградқа дейін соғысқан. Сол Сталинград маңында 1943 жылы қыста ауыр жараланады. Сонан әуе­лі Астраханда, сонан соң Ақтөбе қаласына келіп госпитальда емделеді. Одан шыққан соң, Киров әскери комиссариаты арқылы Тотский стансасына барып, Харьков қаласын азат етуге қатысқан. Сол ұрыста жараланып, құлақ-тілден айырылып, контузия алуына байланысты Чкаловқа келіп, ауру­ханада  емделеді.

1944 жылы сәуір айында Кривой Рог қала­сын азат етуге қатысқан. Бір неміс солдатын тұтқынға алуға көмектеседі. 2 адам болып немістің 12 әскерін айдап келген екен. 39-шы атқыштар полкі, 9-шы атқыштар дивизия­сының құрамында соғысқа қатыс­қан. 1944 жылы Волынск облысы, Тусницкий ауданында ауыр жараланып, бір апта топырақ  астында  қалған.

«Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген халық даналығы осын­дай­да айғақ­тала түседі. Сауда Алданов қанша мәрте майдан даласында жараланып, ауыр жағдайларды бастан өткерсе де, 1946 жылы елге оралады. Туған жеріне оралған соң  Сазды  елді мекеніне қоныс теуіп, Ұлжан анамыз­бен отбасын құрады. Майданнан  оралған  соң  да  қарап жатпай, совхозда жұмыс­шы болып түрлі жұмыс атқарады. Осылайша зейнет демалысына шығамын дегенше  еңбектен қол үзбейді. Майдангер өмірлік серігі Ұлжан анамызбен өмірге 6 перзент әкеліп, бәрін де ел қатарлы еңбекке баулып өсіреді. Батыр әкенің атын кірлет­пеген ұрпақ­тары тәуелсіз елдің дамуы жолында табанды еңбек етіп, өмірден өз орындарын тауып, өніп-өсіп отыр. Сауда ақсақалға да қиыншылықты қызықты өмірге жалғап, ұрп­ағының  бақытын көзбен көру бұйырды. Ол 2006  жылы 85 жасында өмірден озды. Ал Ұлжан анамыз қазір Сазды ауылында тұрады. 93 жастың белесін бағындырып, немере-­шөбере  сүйіп  отырған  бақытты  әже.

Сауда Алдановтың майдан даласындағы ерлік ісі ескерусіз қалған жоқ. Ол көзінің тірісінде бірнеше орден-медальмен марапатталды. Атап айтар болсақ, «За отвагу», «За победу над Германией в ВОВ 1941-1945 гг», «Двадцать лет победы в ВОВ 1941-1945 гг», «1941-1945 жылдарындағы ҰОС Жеңісінің 50 жылдығы», Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуковтың медалі, «1941-1945 жылдардағы ҰОС Жеңісінің 55 жылдығы құрметіне», «Еңбек адамы» төсбелгілерімен марапатталған. Қазіргі таңда Сауда Алданов атына өзінің өскен мекені Сазды ауылынан көше беру бойынша тиісті іс-шаралар ат­қарылып жатыр. 2022 жылы қажетті құжаттары жинақталып, биылғы жылы облысқа жолданған.

Бүгінгі тақырыпқа арқау болған Сауда Алдановтың ерен еңбегі мен елдікке жету жолындағы жан аямай ерлік көрсеткен ісі құрметтің қай түріне де лайық. Ол кеудесін отқа тосты. Қаншама мәрте жарақат алса да, Жеңіс ұраны естілгенше майдан даласын тастап кеткен жоқ. Елге оралған соң да еңбек­тен қол үзбей, елдің дамуына үлес қос­ты. Міне, осындай  асыл азаматтың  істеген  ерлік  ісі  кейінгі  ұрпаққа  өнеге.

Н.МАРАТҚЫЗЫ,

Арал  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: