Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Адамдар неге ашуланады?

02.10.2023, 10:25 358

HALYQLINE.KZ

(әзіл  әңгіме)

Көшеде келе жатсам, бір әйел электр тірегін таяқпен тарсылдатып ұрып жатыр.

– Оңбаған, сендерді көрсем жынып қозады. Беттерің былшиып бұл жерде қалай тұрсыңдар? Анау көшенің жолдарын қарашы, көлік түгілі жаяу адам жүріп өте алмайды. Мемлекеттің қаржысына қақалып қалғырлар, жемқорлар, ұялмайсыңдар ма? Бетсіздер…

– Кешіріңіз, кімге айтып жатырсыз? – дедім.

– Мына кісіге, – деді «столбаны» көрсетіп.

– Бұл адам емес қой.

– Білем, осы ауданның әкімі ғой.

– Мен әкім көріп тұрған жоқпын, – дедім таңданып.

– Соқырсыз ба?

– Жоқ, мынау электр тіреуі, – деп, жеңістік бермедім.

– Сіз түсінбей тұрсыз, мен осы бөренелерді әкімқараға ұқсатамын да күнде шыбықпен сабаймын. Әйтпесе, ашуым басылмайды, – деді әлгі әйел тұтығып. Анадай жерде тағы біреу жерде жатқан бетон тасты тепкілеп тұр.

– Бұл не жатыс? Халық сендерге сеніп жүр. Көшеде беті-аузын жауып бүркеніп алғандар толып кетті. Кімнің ұры, кімнің қарақшы екенін ажырата алмай қалдық қой. Әй, сендер қатындардан басқа кімге күштерің жетеді? Аузын ашқанды түрмеге қамайсыңдар. Өй, қара бет, – деп, қояды. Кім екені айтпаса да түсінікті болды. Бір шіріген бөренеге бала-шаға құмырсқадай үймелеп түкіріп жатыр.

Ойланып қалдым. Бұл кім екен?

Қазірде ашушаң адам көп. Бәрі «нервный» ғой. Аузыңды ашсаң сабап тастауға дайын тұрады. Бірақ, мынау жыныңды тарқатуға жақсы тәсіл екен.

Содан үйге келдім де аулада өсіп тұрған кәрі ағашты сөктім. Жеті атасынан бері қарай боқтадым.

– Отыз жыл болды шашымды ағарттың. Бір өзгеріс жоқ. Не көктемейсің, не көгертпейсің, беріп жатқан жемісің тағы жоқ. Жаныңда арамшөп сияқты қаулап өскен шыбықтарыңда өзің сияқты. Бір гүлдегенін көрмедім. Осы тұрған жеріңде арамен түбіңнен кесіп тастайын ба? Сені базардан сатып алып отырғызғанда сатушы «алмаға қарық боласыңдар» дегені қайда? Қашанғы күтемін. Алма түгілі айналаңа түсер көлеңкең болмай тұр, – деп айғайға бастым. Өзім еккен ағашқа қол көтеруге дәтім бармады. Тек қатты ұрыстым. Айтарымды айттым. Ішім жартылай босап қалды. Үйге кірдім. Шифонерде ілулі тұрған әйелімің бес жүз мыңға несиеге алған «шубасын» киімілгішке іліп қойдым да, әйдә сабадым. Осы тонды көрген сайын ішім күйеді.

– Бейшара, бала-шаға нанға жарымай отырғанда үстіңе кигенің мынау, саған бекерге үйленіппін. Одан да Майлыбайдың өзі артымнан қалмай жүрген тәмпіш қызын алғанда әлдеқашан жақсы өмір сүретін едім, – деп, жұдырықпен соққылай бастадым. Айтпаған сөзім қалмады. Қымбат ішіктің бір түймесін жұлып алдым. Жағасынан алып жерге салып аямай мыжғыладым. Ой бір рақаттанып қалдым. Сыртқа шықсам филармонияда жасайтын көршім, керемет күйші жігіт бір қап қиды ауласында төмпештеп теуіп жатыр.

– Домбыраны харам деген қалай екен. Обалың жоқ, мә, саған, – деп айғайлап қояды. Өзіме қарамай күліп жібердім.

Иә, «Таз ашуын тырнаудан алады» деп халық рас айтқан екен-ау…

Нұрлыбек  ЖҰБАТҚАН,

Ақтөбе  қаласы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: