Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Білім көкжиегі кеңейіп келеді

20.09.2023, 10:10 383

HALYQLINE.KZ

«Білім – инемен құдық қазғандай» демекші, Қазалы ауданында білім саласының көкжиегі жыл сайын кеңейіп келеді. Аталмыш салада жоғары жетістік те, табыс та аз емес. Бұл да болса, ауданның бас ұстазы Әділхан Жөлекешов бастаған ұстаздар қауымының сүбелі еңбегінің жемісі. Әрбір шаңырақтың ерке баласын есті етіп тәрбиелеп, азамат етіп, білім ордасынан қанатын кеңінен сермеуіне аудан мұғалімдерінің қажырлы қайраты жұмсалатыны рас.

ҰБТ:  орташа  көрсеткіш  –  82 пайыз

Қазіргі таңда аудандық білім бөліміне қарасты 38 білім ошағы мен 50 мектепке дейінгі білім беру ұйымы қызу жұмысын бастап кетті. Бұдан бөлек өнер мектебі мен оқушылар үйі балғындардың талантын шыңдап, биікке жетелеуге кірісті. Үш ай демалыста шәкірттер «Шағала» балаларды сауықтыру-демалыс орталығында 7 ауыссыммен тынығып шықты. Соған сәйкес, биылғы жаңа оқу жылында білім белестерін бағындыруға ниетті.

Әрбір мектеп пен ауданның білім саласының деңгейі ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысымен анықталатыны белгілі. Ағымдағы жылы аудандағы мыңдаған ұстаз бен оқуға құмар оқушыларымыздың арқасында орташа көрсеткіш 82 пайызға жетті. Бұған бұрынғыдай сынақ кезеңінде өту балын жинайтын түлектерді ғана емес, талабына сенген кез келген баланың өзін сынап көруіне мүмкіндік беру де тікелей әсер ететіні түсінікті. Мұндай талап аудандағы білім беру ұйымдарының жұмыс нәтижесін шынайы көруге де көмектесуде.

Биылғы жаңа оқу жылында Қазалы ауданы бойынша 16859 оқушы білім алуды бастап кеткен. Оларды белгіленген талапқа сай оқулықтар мен оқу әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету үшін 42468 оқулық пен 7759 көркем әдебиет берілген. Қазіргі таңда барлық мектеп қажетті оқулықпен толық қамтылды.

Білім саласындағы жетістіктер жайында Қазалы аудандық білім бөлімінің басшысы Ә.Оңдасынұлы:

– Былтыр 11-сыныпты 796 оқушы тамамдаса, оның 749-ы тестке кірді. Орта балды айттық. Ал тест тапсырғандардың 645-і мемлекеттік грант конкурсына қатысты. Нәтижесінде 517 оқушы жоғары оқу орындарында тегін білім алатын болды. Мемлекет тарапынан білімді балаларға деген мұндай қолдау бұрын-соңды болмаса керек. Оның үстіне облыс әкімінің грантын қазалылық 8 оқушы жеңіп алды. Тағы 410 түлек түрлі колледжге грант негізінде оқуға түсті. Сынаққа қатысқан 34 мектептен 57 оқушы «Алтын белгі», 76 үміткер «Үздік аттестат» иегері атанды. Ең жоғары балл С.Сейфуллин атындағы №165 орта мектеп түлегі Серік Тұрарға тиесілі. Ол 133 балды еншіледі, – дейді.

Балабақша  жайы  бақылауда

Бұрын «Білім негізі – бастауышта» десек, бүгінгі таңда заманауи үлгідегі балабақшалар да балдырғандарды мектепке сақадай сай етіп тәрбиелейтін болған. Әже мен атаның, ана мен әкенің кей жағдайда мүмкіндігі болмайтын тәрбие мен білімді де солар береді. Жалпы, бұл жағынан да Қазалы ауданының балабақша қызметкерлерінің еңбегі көпке үлгі.

Қазіргі таңда аудандағы 3-6 жас аралығындағы 3426 балдырған балабақшамен қамтылған. Жалпы 50 мектепке дейінгі ұйымда 5065 бала тәрбиеленуде. Мектепке дейінгі ұйымдарда 595 педагог қызмет атқарады.

Өткен жылы бөбектердің қуанышына орай, Бекарыстан би ауылында 100 орындық жеке балабақша және Қазалы қаласында 140 орындық «Өрімтал» балабақшасы пайдалануға берілді. Әрине, бұл бағытта да «әттеген-ай» жоқ емес. Қазіргі күні 3 апатты балабақша бар. Оның бірі Бозкөл ауылындағы «Ақкөгершін» десек, келесісі – Кәукейдегі «Бөбек» пен Қожабақы ауылындағы «Айгүл» балабақшасы. Алайда, Кәукей, Бозкөл ауылындағы балабақшалар мектеп ғимаратына көшіріліп, мәселе уақытша шешімін тапқан. Қожабақы ауылындағы «Айгүл» балабақшасы 2012 жылы апаттық деп танылды. Айта кету керек, 2013 жылы балабақша ғимаратының жоба-сметалық құжаты әзірленген. Алайда, сараптама қорытындысының 2016 жылы мерзімі өткен. Сондықтан, 90 орындық балабақша құрылысы жобасын әзірлеп, сараптамадан өткізуге 16,1 миллион теңгеге бюджеттік өтінім жолданған.

Жайлы  мектептер  жан  жадыратады

Қазалы ауданында «апаттық жағдайда» деп танылған жалғыз мектеп бар. Десе де, Жанқожа батыр ауылындағы №94 мектеп апатты деп танылуына байланысты тиісті жұмыс атқарылды. Қазіргі күні жаңа мектеп бой көтеретін жер белгіленіп, іргетасы қалануға дайын тұр.

– Жаңа оқу жылы басталар бұрын барлық мектеп ағымдағы жөндеуден өтеді. Биыл бұл мақсатта 45616,0 мың теңге қаржы бөлінген. Аталған қаражатқа жөндеу жұмыстарын жүргізуге қажетті құрылыс және шаруашылық материалдары толығымен алынды. Білім беру ұйымдарында ағымдағы жөндеу жұмыстарына бөлінген қаржыға сәйкес мектеп ғимараттарына, пән кабинеттеріне, шеберхана, компьютер, мультимедия, лаборатория кабинеттері, акт залы, спорт зал мен асханалардың терезелері мен едендерін сырлау және қабырғаларын әктеу жұмыстары жүргізілді.

Сонымен бірге, Қ.Пірімов ауылында К.Күлетов атындағы №92 орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында қаржы бөлінді. Үш айға созылған күрделі жөндеу бүгінде аяқталып, алғашқы қоңырауда балалар игілігіне берілді, – дейді білім бөлімінің басшысы Ә.Жөлекешов.

Мектеп базасының білім беру ісіне дайындығын қалыптастыру мақсатында 1730 парта мен 227 дана тақта сатып алуға 51908,7 мың теңге бөлінген. Сондай-ақ, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 3 мектепке талапқа сай камера сатып алынып, жүзге жуық камера аудандық полиция бөліміне қосылған екен. Сондай-ақ, 13 мектепке дабыл нүктесі орнатылып, 10 мектепті лицензиялық күзетпен қамтуға 6540 мың теңге бөлінген. Қазіргі таңда барлық мектепке металіздегіш құрылғы алуға 576 мың теңге бөлінді. Бұл жасөспірімдер арасында болуы мүмкін қиындықтарды жеңілдетуге көмектеседі.

Әрине, бір мақаламен ауданның білім саласының бүге-шігесіне дейін ақпарат беруге келмейді. Әйтсе де «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» демекші, аудандағы әрбір жетістіктің артында күн-түні демей еңбек етіп жатқан ұстаздар қауымының тұрғаны айқын.

Қазалыдағы білім беру ұйымдарында 2537 педагог жұмыс істейді. Оның ішінде шебер, зерттеуші, сарапшы, жоғары, І санатты педагогтердің үлесі 50,1 пайызды құрайды. Қазіргі таңда аталған 2537 педагогтің барлығы білім мазмұнын жаңарту аясында біліктілікті арттыру курсынан өткен. Көшбасшылық бойынша біліктілік арттыру курсынан 37 білім беру ұйымының 36 басшысы өтіп, 97 пайызды құрайды. Сонымен қатар, 2022 жылдың қорытындысында мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін арттыру тақырыбында 149, пәндік құзыреттілікті дамыту аясында 400, жаһандық құзыреттілік аясында 24, конфликтология бойынша 11, аналитикалық дағды бойынша 8, деңгейлік курсынан 5, оқу орынбасарларының менеджменті бойынша 25 педагог біліктілігін арттырған. Біліктілік арттыру курстары міндетті нысаналы индикатордың бірі болғандықтан, бұл үрдіс биыл да жалғасын тапты. Жалпы алғанда 2023 жылдың қаңтар-тамыз аралығында барлығы 494 педагог біліктілікті арттыру курстарын тамамдаған.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: