Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

АЭС салуды қолдау басталып кетті

01.09.2023, 17:12 358

HALYQLINE.KZ

Жуырда ғана Алматы облысындағы Үлкен аулында атом электр стансасына қатысты қоғамдық тыңдау өткені белгілі. Онда Энергетика министрлігінің мамандары жергілікті халыққа АЭС-ның тиімділігін түсіндірді. Алайда жиылғандар қолдаушылар мен қарсы шығушылар болып екіге бөлінген еді.

Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС салуды халықпен санасатынын, референдум өткізетінін хабарлады.

– Біз маңызды стратегиялық мәселелерге қатысты түпкі шешімді референдум арқылы қабылдауымыз қажет. Бұл – 2019 жылы сайлау алдында менің халыққа берген уәдем.

Атом электр станциясын салу немесе салмау мәселесі – еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн деп санаймын. Нақты мерзімін кейін анықтаймыз, – деді президент.

Жолдаудан кейін кейбір танымал адамдар бірден АЭС салу жұмысын қолдауды бастап кетті. Оның басында мәжіліс депутаты Самат Нұртаза тұр.

– Сайлауға салады. Референдум өтеді. Көпшілік АЭС салуды қолдайды, себебі халықтың көзі ашық. АЭС керек. Өмірді жеңілдету үшін. Фейсбуктағы 200 негатив пікірмен күллі Қазақстанды өлшеуге келмейді, – дейді депутат.

Депутатқа Алма Досанова атты пікір қалдырушы еліміздің бұған дейін энергия көзін дамытудағы әрекеті желге ұшып кеткенін жазып, көпшілік көкейіндегі сұрақты қойды.

– Самат, біздің деңгей АЭС салуға, салмаса да оны қабылдап алуға өсті ме?! Кім салып береді АЭС-ті?! Жемқорлық жайлаған елге қаншалықты керек?! Ертең АЭС-пен бір жаман жағдай, апат болса, сіз сияқты қолдау жасағандар жауап береді ма?! Бірдеңе болса , өздеріңнің таңдауың дей салайын деп тұр ғой. ЭКСПО не үшін өтті?! Баламалы энергия деп неменеге жыртылдық?! ЛРТ-ны айтпағанда дені дұрыс қазандық бар ма елімізде!? Үш ай жаздан кейін қыста бірінен кейін бірі ұшқан қазандықтарды ұмыттыңыз ба?! Мен шынымен көп нәрсені түсінбеймін. Қорқынышым басым, – деді ол.

Мәжілісменге пікір білдірушілердің көпшілігі атом электр стансасы салынса Ресейді жолтпасын деген ойда.

Энергетика министрлігінің жүргізілген зерттеулердің қорытындысы бойынша атом электр станциясы құрылысының ең қолайлы ауданы ретінде Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылының аумағы таңдалған. АЭС салуға төмендегі компаниялар үмітті:

– HPR-1000 қытайлық CNNC компаниясы;

– APR-1400 реакторы бар корей KHNP компаниясы;

– ВВЭР-1200 және ВВЭР-1000 реакторлары бар Ресей Росатом компаниясы;

– EPR-1200 реакторы бар француз EDF компаниясы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: