Әміржан ҚОСАН,
арнайы «Халық» газеті үшін
Жыл сайын 30 тамыз – Конституция күні қарсаңында жұрт жапа-тармағай арнайы мақала жазып жатады. Шартты түрде оларды екіге бөлуге болады. Бірі – Ата Заңды жер мен көкке сыйғызбай, оның өне бойынан ешбір мін таппаса, екіншілері – «халықаралық демократиялық стандарттарға сай емес» деп, оны жерден алып, жерге салып, кемшіліктерін тізеді.
Кез келген Конституция – өз қоғамының жемісі әрі айнасы және де Жаңа Қазақстанға енді ғана жол бастап жатқанымызды ескерсек, меніңше, ақиқат Ата Заңға берілген осы екі, бір-біріне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын бағаның дәл ортасында.
Әрине, Назарбаев тұсында біз 1995 жылы асығыс-үсігіс қабылданып, бар билікті бір адамның қолына шоғырландырып берген Ата Заңымызды орынды сынап, мінейтінбіз. Алайда өткен жылғы конституциялық референдум сол кемшіліктердің бірқатарын түзеп, ащы сынның біразын саяси күн тәртібінен алып тастағанын мойындайық: мемлекеттің басты құжаты біршама жаңаланды, оған заман мен қоғам талаптарына сай өзгерістер енгізілді. Мәселен, президенттің бір ғана мерзімге сайлануы, оның жақын туыстарына мемлекеттік саяси қызметшілердің, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары лауазымдарын атқаруға тыйым салынуы, президенттің бейпартиялық мәртебесі секілді жаңа талаптар елбасы тұсындағы саяси сорақылықтардың енді қайталанбауының конституциялық кепілдігі болса керек.
Әр кәллада бір қиял: қоғамның өзі біркелкі емес, алуан-түрлі пікірлі. Сондықтан бір құжаттың баршаның көңілінен бірдей шығуы мүмкін емес екені де түсінікті. Ол заңды нәрсе.
Бірақ, меніңше, біздегі ең үлкен проблема сол: Ата Заңымыздың әділетті талаптарының бәрі нақты өмірде жүзеге аса бермейді.
Осы орайда Конституциялық соттың қалпына келтірілуі және оған кез келген азаматтың жүгіне алуы – оң шешім. Бірақ, сол сот арқылы өз конституциялық құқын қорғап жатқан адамдардың көптігін көріп отырған жоқпыз. Бәлкім, ол азаматтардың құқықтық сауаттығының төмендігінен, өз құқын білмеуінен болып отыр ма – кім білсін?
Конституция қоғам өмірінің бар саласын қамтиды.
Сананы болмыс анықтағандай, саясатты экономика анықтайды. Экономикалық салаға келетін болсақ, 6-баптағы жаңа редакциядағы «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі» деген тұжырымды көпшіліктің қолдағаны есімізде.
Алайда халық байлығы ескіше талан-таражға салынып, ескі Қазақстан олигархтары әлі де тағынан таймай, бағынан айырылмай тұрған қазіргі қилы кезеңде дәл осы бап тиімді жұмыс істеп тұр деп кесіп-пішіп айта аламыз ба?
Іс жүзінде, осы және басқа баптардың толыққанды орындалмауынан экономикамыз орасан зор зардап шегіп отыр!
Азаматтар әділеттікті соттан іздейтіні мәлім. Олай болса, адам (адам ғана емес, қоғам!) тағдырын жеке-дара үкімімен шешетін судьяларды да болашақта жоғарыдан тағайындамай, жергілікті халық өзі сайлап алатындай жағдай жасалса, елде әлі де толастамай тұрған әділетсіздік пен құқықбұзушылық, парақорлық пен сот өктемдігіне конституциялық шек қойылар еді.
Митингілер мен шерулерге құқы да әлі де болса өзінің заңнамалық жалғасын таба алмай отыр. 32-бапта «Қазақстан Республикасының азаматтары бейбіт әрі қарусыз жиналуға, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер өткізуге және тосқауылдарға тұруға хақылы» делінген.
Әрине, бүлік басы болуы мүмкін тәртіпсіздікке жол беруге болмайды: радикалды ұрандар жарға жығуы мүмкін. Демократияны желеу етіп, билікпен есеп айрысқысы келетін топтар мен сырттан Қазақстанға көз алартып отырған күштердің өзі не тұрады?! «Майдандатып» жүріп анау Украина Қырымынан бір күнде-ақ айырылып қалған жоқ па? Сондықтан саяси, діни экстремизмге жол бермеу – Тәуелсіздігімізді қорғаудың маңызды бөлігі!
Алайда осыны желеу етіп, жеке пикетке шыққан жазықсыз, ешбір бүлікшіл ойы мен пиғылы жоқ қарияларды полицейлердің тапа-тал түсте құдды бір қылмыскерлердей ұстап алып кетіп, абақтыға жабуы дәл сол конституциялық бапқа толығымен сай деп кім айта алады?
17-бапта «Ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайды» делінген. Олай болса, кешегі Қанды Қаңтар кезіндегі аяусыз азаптарға не жорық?!
Әдемі жазылған, алайда күнделікті өмірде орындала бермейтін не бұрмаланып кететін басқа баптар да бар.
Ата Заңның 4-бабында: «Конституцияның ең жоғары заңды күші бар және Республиканың бүкіл аумағында ол тікелей қолданылады» делінген. Міне, Ата Заңымыздың дәл осы, құқықтық-қоғамдық ерекшелігін күшіне енгізетін уақыт келген сияқты!
Сонымен бірге өткен жылы енгізілген өзгерістер қоғам мен заман дамыған сайын жаңартылып тұруы да шарт. Конституция – Құран емес, ол өзгерістердің де өз уақыты келер.
Олай болса, бүгінгі Ата Заңымыз баршамыз қолдап отырған Жаңа Қазақстан идеясы секілді: екеуі де одан сайын нақтылауды, мемлекеттік, ұлттық, демократиялық тұрғыдан байытыла әрі мән мен мазмұн жағынан дами түсуін қажет етеді.
Және де бұл шаруа тек қана биліктің не бір билік партиясының міндеті болмауы емес. Бұл – 30 жылдық авторитаризмнің құқықтық негізі боп келген назарбаевшыл Конституцияның бар теперіші мен қорлығын көріп келген барша азаматтардың төл ісі! Президент Тоқаев жариялаған «еститін мемлекет» қағидаты дәл осы жерде өз өміршеңдігін көрсетуі тиіс.
Ата Заңымыздың Күні құтты болсын, Азаттықты, Әділеттікті, Шындықты һәм Адалдықты аңсап келген ағайын!
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!