Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өмірлік ұстанымы биік жан

23.08.2023, 10:30 196

HALYQLINE.KZ

Жалағаш ауданының тарихында Нұржан Елемесовтің есімі алтын әріппен жазылуы тиіс тұлға. Бұл кісі – адал еңбегімен ел құрметіне бөленген жан.

Нұржан Елемесов 1905 жылы Қармақшы ауданы, Ақтайлақ деген жерде Елемес Көбесұлы деген дәулетті кісінің отбасында дүниеге келеді. 1916-1917 жылдары әкесі Елемес дүниеден озады. Сонда әкесінен ерте, 11-12 жасында айырылған Нұржан Елемесұлы жігері жасымай, бойындағы қайраты, талпынысы арқылы алға ұмтылып, қайсарлықпен өмір сүре білді. Жастығына қарамай, тайсалмай, алға қойған мақсатына қол жеткізе білді. Нұржан Елемесов тамыры кеңге жайылған үлгілі әулеттен шыққан еді. «Тектіден текті туады, тектілік жолын қуады» дегендей, Нұржан Елемесұлының анасының есімі Кенже, Аспан Шөмекей елінің биі Тұрымның қызы болған. Кенже анасы елге құрметті, белгілі кісі болған. Сондықтан да болар, Нұржан ақсақалдың дүниетанымы мен өмірге көзқарасы ерекше болған.

Нұржан Елемесұлы алғашқы білімін ауыл молдасынан алады. 14-15 жасында әкесінің досы, Жолшора Талдыбайұлының қарамағында пошташы-шабарман болып жұмыс атқарады. Сауат ашу мектебiнен бастауыш бiлiм алған. Сонан соң ауылдық Кеңес төрағаларын дайындайтын Ақтөбедегі қысқа мерзімді кеңес-партия мектебiн және Шымкенттегі колхоз төрағаларының курсын оқып бiтiрген. 1933-36 жылдары 1 май ауылдық Кеңесiне қарасты «Қара ой» қолхозының төрағасы, 1936-40 жылдары 1 май ауылдық Кеңесiнiң төрағасы, 1940-44 жылдары осы ауылдық Кеңеске қарасты «Қызыл жұлдыз» колхозының төрағасы, 1944-46 жылдары Мәдениет ауылдық Кеңесiне қарасты Қазақстанның ХХ жылдығы атындағы колхозының төрағасы, 1946-47 жылдары 1 май ауылдық кеңесiне қарасты «Қызыл жұлдыз» колхозының төрағасы, 1947-50 жылдары Мәдениет ауылдық кеңесiне қарасты «Бiрлiк» колхозының төрағасы қызметтерiн атқарып, қиын уақыттың ауыртпалықтарына мойымай адал еңбек еткен. 1950 жылы ұсақ колхоздар iрiлендiрiлгеннен кейiн Жамбыл атындағы колхозда мүйiздi iрi қара фермасының меңгерушiсi болды.

Нұржан Елемесовтың ел алдындағы марапаттары да жетерлік. Атап айтар болсақ, «Қазақстанға-15 жыл», «ОСОАВИАХИМ белсендісі», «Коммунистік еңбектің екпіндісі» төсбелгілерімен, «Еңбекте үздiк шыққаны үшiн», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезінде тылдағы қажырлы еңбегi үшiн», «В.И.Лениннiң 100 жылдығы», «Еңбек ардагерi», Бүкiлодақтық халық шаруашылығының жетiстiктерi көрмесiнiң күміс медальдарымен марапатталған. Сонымен қатар «Ауыл шаруашылығындағы белсенді жұмысы үшін» деп, Қазақ КСР-ның Құрмет Грамотасымен де марапатталыпты.

Нұржан Елемесовтың байырғы колхоз төрағасы ретінде елге сіңірген еңбегін Қызылорда облысы мен Жалағаш ауданының «Құрметті азаматы» Камал Бердаулетов ағамыз: «Нұржан Елемесов ел басқарудың сыналған шебері еді, ол халықтың қалың ортасынан шыққан өзінің сындарлы істерімен, сырбаз мінезімен халықты баурап алушы еді» деп жазды өзінің «Колхоз құрылысы» деген естелігінде. Осы деректерден біз Нұржан ақсақалдың мықты іскерлігін көріп тұрмыз.

Ол достыққа адал, шыншыл, турашыл жан еді. Адамгершілік қасиеттерінің арқасында жүрген ортасында сайлы азамат болды. Жоғары талапшыл, қатал болғанмен, аудан басшылары алдында ауыл мүддесі үшін аянбай қайсарлықпен күресетін еді.

Нұржан Елемесұлы ел қошеметіне бөленіп, халық құрметіне ие болған, шоқтығы биік, мәртебесі жоғары, азаматтылығымен қатар мәдени өресі биік, ақпейіл азамат болған. Зиялы қауыммен, өнер адамдарымен, дiн өкiлдерiмен жақсы қарым-қатынаста болғаны ел арасында жиi айтылады. Жиенбай жыраудың баласы Рүстембек жыраумен, ақын-жыраулар Әбілда Жүргенбаев, Балқашбай Жүсiповтермен, күмiс көмей Көшеней жыраумен, қазақ әдебиетінің көрнекті классигі Асқар Тоқмағанбетовпен, ақын-жазушылар Темiрше Сарыбаев, Қомшабай Сүйенішов, жыршы-термешiлер Сары Рахметов, Жұмабек Аққұловтармен, Алдашбай ахуннның баласы Асан мақсұм, Дәулетназар ахунның баласы Әбiлхақ мақсұм және Садық ахунның баласы Тәжiдин емшiлермен де жақсы сыйластықта болғанын білеміз.

Қазіргі уақытта Нұржан Елемесов туралы құнды, партиялық құжаттар Қызылорда облыстық архивінде сақтаулы тұр. Осының өзі бұл кісінің қайраткерлігін көрсетеді.

Шыңдары көк тіреген асқар таудың да алыстаған сайын тұлғаланып, мұнарланып биіктей түсетіні сияқты уақыт өткен сайын Нұржан ақсақалдың қадір-қасиеттері биіктеп, кезінде бірге жүрген достардың, қызметтестердің, ағайын-туыстардың сағыныш сезімін тудыратыны ақиқат. «Адамда үш бақ болады» деген халықтың даналық сөзі бар. Олар елден алғыс алу, өзіңді халықтың іздеуі және ісінің, еңбегінің өшпеуі екен. Бүгінде біз осының бәрін марқұм Нұржан Елемесов ақсақалдың өз басынан, отбасынан, артында қалған мұрасынан көріп отырмыз. Ол отбасының игілігі мен өркендеуіне барлық жағдайды жасап, ұрпағына өнегелі тәрбие бере білгені тектіліктің үлгісі іспеттес еді. «Жақсының шарапаты тиеді» дегендей, Нұржан ақсақалдың өнегесін үлгі тұтып, бойындағы жақсы қасиеттері балалары арқылы танылып жатса, бұл да бір тектіліктің белгісі болар. Адалдық – адамның ең басты қағидасы. «Біреудің ала жібін аттама» деп Нұржан ақсақал өз балаларына ақыл айтып, әрқашан жақсылық пен ізгілікті дәріптеп отырған. Қандай адам болмасын, оның атқарған игілікті іскерлігі нақты ісімен өлшенеді.

Нұржан Елемесов тірісінде өлмейтін із қалдырған басшы бола білді және артында өшпес мұра қалдырды.

«Адам боп келдім өмірге,

Адам боп өтсем арман жоқ» деп ақын Ж.Аманұлы жазғандай, Нұржан ақсақал өмірге адам болып келіп, адам болып кетті. Дүниеде мәңгі ешнәрсе жоқ. Ол адал еңбегімен, өнегелі ісімен, қарапайым адами қасиеттерімен, биік болмысы және кісілік келбетімен елінің жадында әрдайым жаңғырып тұрады.

Нұржан Елемесовтың жарқын бейнесі ешқашанда өшпек емес. «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артында із қалдырған» демекші Нұржан ақсақалдың елге жасаған еңбектері елдің есінде мәңгі жасамақ. Ақсақалдың ұрпақтары аман болып, мың жасасын. Нұржан Елемесұлы ел үшін тарих қойнауына енген құнды да, қазыналы тұлға болып қала бермек. Ардақты Нұржан атамыздың иманы салауат болып, пейіште нұры шалқысын.

«Адам ұрпағымен мың жасайды» дейді халықтық қағида. Нұржан ақсақалдың атын өшірмей, үрім-бұтағына жеткізер деп, өрелі ұлдарына, қылықты қыздарына Алла тағала өмір берсін!

«Өткен адам болады көзден таса,

Өлді, өшті оны ешкім ойламаса.

Ол кетсе де, белгісі жоғалмайды,

Керектісін ескеріп ұмытпаса» дегендей ел дамуына сүбелі үлес қосқан Нұржан Елемесовтыің ігі істерін, ұлтжандылығын, патриотизмін артында қалған ұрпағы жалғастыра береді деп үміттенеміз.

Бақытжан  АХМЕТБЕК,

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі, Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: