Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Болашақ «Z» ұрпағының қолында

10.08.2023, 10:40 440

Бұл тақырыптан тысқары кету мүмкін емес. Қазір бала тәрбиесі де баса назар аударатын мәселеге айналып бара жатыр. Бұрынғыдай баланы бос жіберу деген қағида жоқ қазір. Туғаннан көз алдыңда қақпайлап, бір сәтке баланы назардан тыс қалдыруға қорқатындай дәрежеге жеттік. Мұның себебі белгілі. Күнара бала жоғалу, балалардың педофилдерден қысым көруі, өгей әке-шешеден қыспақ жасалу сынды әртүрлі фактор шыбын жанымызды шырқыратып жібереді. Осыдан кейін ата-ана баласын қалай еркін жіберсін?! Қоғам қорқынышты болып барады.  Мұның  шешімі  қандай?

Қоғамның қитұрқы жағдайларын күнде көріп отырғаннан кейін баланың тәрбиесін қай арнаға бұратынымызды білмей әрі-сәрі күй кешіп жатыр­мыз. Өз еркіне жіберіп, өрісінде емін-еркін өссін десең, «кейін бармақ тістеп қалмаймыз ба?» деген де ой маза­лайды. «Қамысты бос ұстасаң, қолыңды кесе­ді» дегендей, баланы бос қою да қиын. Бала тәрбиесіне байланысты қазір инстапсихологтар көбейген. Тәрбиеде  шалыс кетпейін десең, инстажеліні аралап, психолог­тардың пәрменін орындасаңыз болады. Бірақ, олардың айтқандарының астарында батыс­тық менталитет басым. Қашаннан қанға сіңген, миллиондаған жылдардан бергі менталитетті бірден батыстық ой-түсінікке ойыстырып жіберу қиын. Мәселен, желідегі балалар психологтарының дені балаға «тәйт демеу», кейімеу, ұрыспау қажет дегенді алға тартады. Оның себебін қазіргі «Z» ұрпағы ұрыс-керіссіз, ата-ана мен бала арасындағы бейбіт келісіммен өсуі керек деген ұғыммен түсіндіреді.  «Z» ұрпақты кейде «сандық ұрпақ», «цифр-адам» деп те атайды. Бұл ұрпақ көбіне балалық шағын компьютердің алдын­да, ойыншықтың орнына сандық гаджет ұстап өскен ұрпақ. Олар өзінің алдындағы ұрпақ сияқ­ты материалдық құндылықты жоғары қоймайды. Креатив­ті идея мен эмоцияға берілгіш келеді. Әрдай­ым мотивация қажет. Бұл ұрпақтың өкілдері табиғатынан креативті, шығармашыл, идея тудыр­ғыш, амбициясы жоғары келеді. Жаңа ортаға оңай бейімделеді. Жаңашылдықты тез қабылдайды. Орта, жер мен  ел  ауыстырудан  қорықпайды. Барынша еркін  жүргенді  қалайды.

– Жастар өте амбициялы. Ата-анасы сияқты карьер­алық жетістікке 10-20 жыл жүріп жеткенді қала­майды. Мансап баспалдағынан жылдам өткісі келе­ді. Тез жетістікке жетуді қалайды. Кейде жұмыс берушінің өзіне талап қоятын сәттері болады. Бірақ бұл ұрпақ басшы болуға аса ұмтылмайды. Бір емес, бірнеше жұмысты қатар алып жүргісі келетіндер көп. Оларға вертикалды емес, горизонталды карьералық өсім маңызды, – дейді мамандар.

«Бала­ны жаза­лау­ға болмайды» деп жатырмыз. Осы орайда балалар психологы Елжас Ертайұлы өзінің парақшасында былай деп пікір  білдіріпті.

– Жазаланған бала өзі де жазалау­ды үйренеді. Жазалау әдісі жұқпалы ауру секілді. Жаза­лаушы ата-анадан балаға жұғады. Жалпы, бала ата-анасына қарап өседі. Күнделікті өмірде кездесетін мәселелерді шешу жолдары мен әдістерін де солардан үйренеді. Егер ата-анасы мәселелерін жазалау арқылы шешетінін көріп өсетін болса, онда ол да өзінің мәселелерін шешу барысында ата-анасынан үйрен­ген әдісін қолданатын болады. Нақтырақ айтқанда, мұндай бала өзінің бауырларын жазалаудан бастайды. Мысалы, кішкентай іні-қарындастарын немесе сіңлілері ойыншығына тиіп кетсе, оларға айқайлап, ұра жөнеледі. Егер осы көрі­ністер сіздің балаңызда көрініс тауып жатса, өз әрекетіңізге талдау жасаңыз. Қатеңізді анықтаған соң онымен жұмыс жүргізіп, түзету  стратегиясын  дайындаңыз, – дейді.

Балаға о бастан ана тілін, дінін, мәдениетін үйре­тіп, санасына сіңіруде артықтық етпейді. Сапа­лы тәрбиенің бастауы осыдан басталады. Рас, дүние қазір астан-кестен, қалт-құлт етіп тұр. Бірақ, баланың отбасындағы сана-сезімі, таным-­түсінігі, ойы түзу қалыптасатын болса, өмірде де өзінің орнын, құқығын, хақысын білетін азамат болып өспек. Баланың бас ұстазы – ата-анасы. Ата-ана­сы балаға қандай үлгі көрсетсе, бала дәл солай қалыптасады, олардан сабақ алады. «Балаға үйретпе, көрсет» деген сөз  бар. Сондықтан  бала  көргенін  істейді.

Ұстаз Хинг Шиге бір жас ана келіп:

– Ұстаз,  ұлымды  қалай  тәрбиелегенім  дұрыс?    Қатал болайын десем, ұзақ жыл зарыға күткен, Құдайға жалбарынып сұрап алған жалғызым. Сондықтан да жүзімдіктегі жұмысыма араластырмаймын. Аяймын. Жұмсақ болсам, қолынан түк іс келмейтін, болмашы қиындыққа бордай езілетін ез еркек  боп  өспей  ме? – дейді.

– Жүзімдікте баптау жұмыстарын жүргізгенде неге бұтақтарын кесесің? Тілі жоқ жүзімді аямайсың.

– Неге? – деп, ұстаз жас ананың өзіне қарсы сұрақ қояды.

– Артық бұтақтарын қырқып отырмасам, жемісі тәтті болмайды.

– Ал, неге оған күнде су құймайсың? Балаңды күннен қорғағандай, неге жүзімді де күннің ыстығынан, қыстағы аяздан қорғамайсың?

– Күнде су құйсам, шіріп кетеді. Жүзім мол өнім беру  үшін  оған  күннің жылуы да, қыстағы аяз да  қажет. Күзде  отырғызылған  көшеттер  алғашқы  аяздан  кейін  шыңдала  түседі, – деп жауап береді ана. Сонда  Хинг  Ши:

– Бала тәрбиесі де осыған ұқсайды, – деген екен.

Түсінгенге осыдан зор тағылым алуға болады. Баланың тәрбиесі – өте нәзік нәрсе. Оған ата-ана­ның зор шыдамдылығы мен сабырлылығы қажет. Қатарынан озық, заманына сай, батыл һәм тәр­биелі болуы үшін алдымен өзімізді  тәрбиелеу  маңыз­дырақ.

Керім  ТАУАР

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: