Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақтан тұңғыш олимпиада чемпионын шығарғым келеді

27.07.2023, 11:20 799

Алмас  ӨТЕШОВ,

ауыр  атлетикадан  әлем  чемпионатының  күміс  жүлдегері:

Ауыр атлетика тарихында әлем чемпионатының жүлдегері болған тұңғыш қазақ Алмас Өтешовті спортсүйер қауым жақсы біледі. 2016 жылы Халықаралық ауыр атлетика федерациясы оны допинг қолданғаны үшін төрт жылға спорттан шеттеткен еді. Осы жағдайдан кейін қызылордалық зілтемірші спорттың айналасынан көрінбей кетті. «Ауыр атлеттің допинг дауынан кейінгі өмірі қалай өрбіді?» деген сауалға жауап іздеп, Алмас Өтешовтің өзімен сұхбаттасқан едік. Әңгіме барысында спортшы басынан түрлі жайттың өткенін, өзінің қателігі мен алдағы жоспары туралы ашық айтты.

– Осы күні спортсүйер қауым бізге «Алмас Өтешов көрінбей кетті, қайда жүр екен?» деген сауалды қояды. Әңгімемізді де осыдан бастасақ…

– Қазір Алматы қаласындамын. Жұмыссызбын. ҚР Ауыр атлетика федерациясынан жұмыс сұрап жүргеніме біраз жыл болды, мені жолатпай отыр. Мен «басшы болайын, лауазымды қызмет беріңдер» деп жатқан жоқпын, жаттықтырушы болып жұмыс істегім келеді. Миллион теңге айлық сұрамадым, үкімет бекіткен жалақы жетеді, есесіне нәтиже көрсетемін. Нәтижеден соң жалақыны көбейту жағын қарастыруға болады.

Қазақтан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы (ауыр атлетика – ред.) болу менің өмірбақи арманым еді. Сол арманға өзім жете алмасам да, қазақтың қара домалақтарын жеткізсем деймін.

– Допинг дауына оралайықшы. Неге бұлай болды деп ойлайсыз?

– 2016 жылы қазақстандық ауыр атлеттердің көпшілігін допинг қолданды деп спорттан шеттетті. Неге? Өйткені, алдағы Рио олимпиадасында біздің спортшылардың көп салмақ бойынша чемпион атанатынын білді. 77 келі салмақта Ниджат Рагимов, 85 келіде Денис Уланов, 94 келіде Алмас Өтешов пен Жасұлан Қыдырбаев, 105 келіде Илья Ильин мен Александр Зайчиков. Көрдіңіз бе, бұл спортшының бәрі жүлдеге ілігер еді. Қай-қайсымыздың болмасын, алтын жүлде алу мүмкіндігіміз өте жоғары болды. Оны еңсерген салмағымыздан айқын байқауға болады. Иә, өткен шақта сөйлеп, «өйтер едік, бүйтер едік» деу оңай. Бірақ, мен сол уақыттағы жігіттердің потенциалын айтып отырмын. Негізі, кез келген спортшы витамин ішеді. Шетелдің сарапшылары мұны білді де, әдейі бізді аяқтан шалды…

– 4 жыл спорттан шеттетілдіңіз. Мұнан соң өміріңіз қаншалықты өзгерді?

– Допинг дауынан соң бірнеше жерде жаттықтырушы болып жұмыс істедім. Қаржылық қиындықтар туындады. Артынан келіншегіммен ажырастым, 4-5 айдың ішінде бәрі-бәрі қабаттасып кетті. Сол уақытта ащы су ішіп, өзімді жоғалтып алғаным рас. Бірақ, осы күні тәубеме келіп, емделдім. Қазір ащы суға мүлдем жоламаймын.

Жаттықтырушылыққа жұмыстың реті келмеген соң құрылыста қара жұмыс істеуге тура келді. Алматы қаласында машинаны жалға алып, таксист те болдым. Одан да басқа түрлі-түрлі жұмыс істедім. Ер жігіттің басынан небір қиындықтар өтеді ғой. Бірақ, жаным қалайтын жұмысқа орналасқым келеді. Әлгінде айтқанымдай, ауыр атлетика спорты бойынша қазақтан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионын шығарғым келеді.

– Естуімше,  өз  еліңіз  сізді  жұмысқа алмаса да,  шетелге  жаттықтырушы етіп шақырыпты  ғой.  Неге   бармадыңыз?

– Иә, мені АҚШ-қа жаттықтырушылық қызметке шақырды. 15 мың доллар төлейтінін де айтты. Бірақ, қарызыма байланысты маған шетелге шығуға болмайды, есепшоттарым да бұғаттаулы. Осы жерде айта кетейін, маған 2013 жылы сыйлыққа  берілген 3 бөлмелі үй әлі үкімет балансында тұр, атыма аудара алмай жүрмін. Соны сатып, қарыздарымнан құтылып, балаларыма алимент төлегім келеді. Сол қарызым болғандықтан, шетелге шыға алмаймын не өз елім жұмысқа алмайды. Тіпті, не істерімді білмей жүрмін.

– Спорттан кеткеннен кейін іздейтіндердің саны азая түскен шығар…

– Иә, бұл белгілі жайт ғой. Допинг дауынан соң Қызылорда облысында спорт саласына жауапты бірнеше тұлғаның алдына бардым, олардан еш қайыр болмады. Туған топырағымнан шәкірттер дайындап, үлкен додаға қоссам деп ойлаған едім. Айтпақшы, сұрағыңызға байланысты мына жайт есіме түсіп отыр. Көптеген басшылық қызметте істеген көкеміз Бердібек Сапарбаев қайтыс болар алдында, Жаңақорғанға келіп: «Ауыр атлетші Алмас баламыз қайда жүр, көзге көрінбей кетті ғой?» деп мені сұрапты. Сонда кім айтқанын қайдам «оның жағдайы жақсы, Қызылордада бизнесі бар» деп жауап беріпті. Менде қайдағы бизнес, туған жерімнен, елімнен жұмыс таба алмай жүрмін ғой.

Шынымды айтайын, ол кісінің мені іздегеніне риза болдым. Енді ғана «Бердібек Машбекұлымен қалай байланыссам екен, алдына қалай барамын?» деп жүргенімде, қайтыс болды деген хабар естідім. Өкінішті-ақ, иманды болсын!

– Бокста 69 келі «қазақтың салмағы» аталушы еді ғой, сол секілді бір кездері ауыр атлетикада 94 келіде қазақстандықтар өте мықты болды ғой…

– Иә, бізде ішкі біріншіліктердің де деңгейі өте жоғары болатын. Ұлттық құрамада бір салмақта бірнеше мықты атлет болды. Бәсекелестік бар жерде көп еңбектену керек. Бір-бірімізден көп нәрсе үйрендік. Мысалы, Илья Ильин – өте талантты ауыр атлет. Ондай спортшы енді 100 жылда бола ма, болмай ма, оны бір Алла біледі. Ол – Мұхаммед Әли, Марадонна, Пеле, Тайсон сияқты ерекше талант, дарын иесі. Допинг дауы болмағанда Илья олимпиада шыңын 3 не 4 рет бағындыратын еді деп ойлаймын.

– Алмас  Өтешовтің  алдағы  жоспары  қандай?

– Мен өзіме сенімдімін. Тағы да айтамын, спорт саласында жүрген басшылар сеніп тапсырса, елдің атын шығаратын чемпиондар тәрбиелеуге мүмкіндігім бар. Спорттағы да, өмірдегі де қателік басымнан өтті. Бірақ, ешкімнің ала жібін аттаған жоқпын. Өмір бойы спортта жүрмін, өз саламның қыр-сырын жақсы білемін. Мені қинап тұрғаны – қарыз. Сол қарыздан құтылып, жаңа өмір бастағым келеді, сүйікті, өзім қалайтын жұмыс істесем деймін.

– Ашық  әңгімеңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан 

Рыскелді  ЖАХМАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: