Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Полковникті сабаған ана

18.07.2023, 9:00 298

HALYQLINE.KZ

Қаз-қалпында

Сол көрініс есіме түссе, елжірей жымиямын. Арада көп жыл өтсе де ананың айбатына, бір ауданға сөзін жүргізген баланың анасына деген шексіз құрметіне тебірене толқимын.

Мен ол кезде «Қазақстанның 40 жылдығы атындағы кеңшар» аталатын ауылымыздың аудан орталығындағы шаруашылық ауласында (хоз. двор) қойма меңгерушісі болып қызмет жасайтынмын. Шаруашылық ауласына күн құрғатпай теміржол бойымен вагон-вагон жем, көмір, құрылыс заттары (тақтай, бөрене, т.б.) өзге де бағалы заттар толассыз келіп жататын кез. «Күлшелі бала сүймекке жақсы» демекші тамыр-таныс, дос-жаранның қарасы мол, дүрілдеп тұрған шақ. Аудандағы лауазымды қызметкерлермен, оның ішінде құқық қорғау саласының басшыларымен де сыйластығым бөтен емес. Әсіресе сол тұстағы аудандық милиция (ол кезде полиция – милиция деп аталады) бөлімінің бастығы, полковник шеніндегі өзімнен біршама жас үлкендігі бар азаматпен тонның ішкі бауындай жақын араласатынбыз. Кейде жұмыстан соң кәуап жеп, сыралатып, оқта-текте карта ойнап дегендей бас қосып қоямыз. Полковниктің анасы, әйелі, отбасы да мені жақсы таниды.

Бірде әлдеқандай шаруамен полковниктің үйіне бардым. Демалыс күні болатын. Түнде қонақтан шыққан ба, полковник қызулау екен. Мені көріп қуанып қалды. Жеңгемізге дастарқан жайдырып, шай дайындатты. Менің асығыспын дегенімді тыңдамай коньяк аштырды. Ал, жайшылықта ақпейіл жеңгеміз неге екені белгісіз әлденеге мазасызданып, бір жайтты ескерткісі келген сыңай танытады. Ішкен адамның жайдары келетіні белгілі ғой. Полковник болса ақтарыла сөйлеп, аңқылдап жүр. Полковник коньяк құйылған рюмкасын қолына ұстап, тілек айта бастаған еді. Кенет… есік шалқасынан ашылып, полковниктің анасы үйге кіріп келсін. Анасын көргенде сом денелі полковниктің рюмкасы қолынан жерге түсіп кетті. Өңі түтігіп кеткен анасы болса бар пәрменімен ұлының қақ шекесіне шапалағымен тартып-тартып жіберсін. Сырт көзге жер қозғалса қозғалмастай көрінетін полковник шыбын-шіркей болып, қарсы бөлмеге тұра қашты. Анасы мұнымен де тоқталмады. Алпамсадай ұлының қақпақтай жаурынынан қуалап жүріп жұдырығымен періп-періп қалды. Күтпеген оқиғадан есім шыққан мен қалшиып тұрып қалыппын. Полковниктің әйелі болса екі иығы селкілдеп: «Бітті, Жұмеке! Енді осы бөлмеден таң атқанша шықпайды. Апам (енесін айтқаны) Алматыға жол жүріп кеткен болатын. Досың апамның келетін уақытын шатастырып алған ғой» деп сылқ-сылқ күледі.

«Түйені жел шайқаса, ешкіні көктен ізде». Өзімізге соншалықты ірі көрінетін полковниктің бұл қылығын көргенде абдырап қалдым. Дастарқан басына қайта келген анамыз болса: «Айналайын, айып етпе. Өзгелер үшін ел ағасы болғанымен, маған әлі жас бала сияқты көрінеді. Ертең ертелетіп облыс орталығына жол жүретін еді. Соны уайымдап отырмын. Мені бүгін келеді деп ойламаса керек. Пойыздан түсетін уақытымды шатастырып алған ғой. Ал, сен асықпай отырып, шай іш. Әңгімелесейік» деп қонақжайлық танытты. Қайдағы?! Бойымды кернеген күлкіні зорға тежеп, кетуге асықтым. Апай болса мені қақпа алдына дейін шығарып салып, «Алматыдан әкелген базарлығымнан балалар мен келін ауыз тисін» деп жеміс-жидек салынған қомақты пакетті ұсынды. Сыртқа шығысымен ішек-сілем қатқанша күлдім. Қайран, қазақтың аналары-ай!

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: