Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Украина АҚШ-тан кассеталы оқ-дәрі алды

14.07.2023, 15:45 413

HALYQLINE.KZ

АҚШ-тың кезекті әскери көмегі барысында Украина кассеталы оқ-дәрі алды. Мұны АҚШ қорғаныс министрлігінің өкілі хабарлады.

Бейсенбіде жедел-стратегиялық «Таврия» әскери тобының қолбасшысы Александр Тарнавский Украина әзірге кассеталы оқ-дәрі пайдаланбағанын, бірақ ол «майдан шебіндегі жағдайды түбірінен өзгертуі мүмкін» екенін айтқан.

7 шілдеде АҚШ Украинаға құны 800 миллион доллларға тең жаңа әскери көмек пакетін ұсынған. Кассеталы оқ-дәріден өзге оның ішінде Bradley және Stryker беренкөліктері мен HIMARS снарядтары мен гаубицалар, әуе қорғанысының оқ-дәрілері бар.

Қару-жарақ түрлері:

– 32 дана БМП Bradley мен 32 дана Stryker;

– Patriot пен HIMARS-ке зымырандар;

– AIM-7 әуе қорғаныс жүйесіне арналған зымырандар;

– атыс қаруына арналған 28 млн оқ;

– Stinger мен Javelin-дер;

– 31 дана 155-мм гаубица;

– кассеталық снарядтар (155 мм).

Кассеталық снарядтар нысананы жою үшін бытыраңқы зарядпен атылады (лақтырылады). Яғни, бұл оқ-дәрілер шашырап ұшқаннан соң, бағатталған нысанаға дәл тию көрсеткіші 100 пайыздық деңгейде.

АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан АҚШ кассеталы оқ-дәрінің барлық қаупін түсінетінін, сол себепті бұл шешімді ұзақ ойланып қабылдағанын айтқан. Алайда Ресей әскері кассеталы оқ-дәріні Украинада қазірдің өзінде қолданып отыр, Украинаның соған тең қарумен қорғануына құқығы бар деген.

Салливанның сөзінше, Украина кассеталы оқ-дәріні мейлінше абайлап қолдануға, бейбіт адамдардың қауіпсіздігіне қатер төндірмеуге уәде берген.

АҚШ-тың Украинаға кассеталы оқ-дәрі беретіні туралы ақпарат шыққан соң Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу «олай болса біз кассеталы оқ-дәріні пайдалануға кірісеміз» деген еді. Сергей Шойгудың сөзінше, Ресей Украинада әзірге кассеталы оқ-дәрі қолданбаған. Алайда, майдан алаңынан түскен мәліметтер Ресейдің кассеталы оқ-дәрі қолданғанын көрсеткен.

Кассеталы оқ-дәріні қолдануға тыйым салатын халықыралық конвенцияға 123 мемлекет қол қойған.

Кассеталы оқ-дәрі жасайтын ірі өндірістері бар АҚШ, Ресей, Қытай конвенцияға қол қоймаған. Үндістан, Пәкстан, Израиль, Оңтүстік Корея, мен Украина да конвенцияға қол қоймаған.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: