Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Облыс әкімі жұмыс сапарымен Қытайға барды

07.07.2023, 9:55 221

HALYQLINE.KZ

6-8 шілде күндері Пекин қаласында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев бастаған қазақстандық делегация шетелдік инвестицияларды тарту және өзара сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мақсатында қытайлық компаниялармен екіжақты кездесулер өткізеді. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Іссапардың алғашқы күні облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қытайлық «Gepetto» мұнай технологиялары корпорациясының Басқарма төрағасы Цзэн Бинь мырзамен кездесті. Кездесуде мұнай-газ саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

«Gepetto» компаниясы — мұнай және газ өндіруді ұлғайту бойынша технологиялық ғылыми-зерттеулерді және сервистік қызметті жүзеге асыратын қытайлық ірі кәсіпорын. Компания 50-ге жуық патенттелген технологиялар мен ғылыми-техникалық зерттеулер саласында халықаралық жетістіктерге жеткен.

Былтыр «Gepetto» компаниясының басшылығы облысқа іссапары аясында екіжақты кездесулер өткізіп, тиісті зерттеулер жүргізді. Нәтижесінде Қызылорда қаласында еншілес компания құрған болатын. Бүгінгі кездесу осы жұмыстардың жалғасы іспетті. Аймақ басшысы облыс аумағындағы мұнай кеніштерінің табиғи сарқылуына байланысты мұнай өңдіру көлемін арттыруда компанияның инновациялық технологиялары мен оң тәжірибесін ескере отырып, жергілікті мұнай компанияларымен бірлескен жұмыс жүргізуді ұсынды. Нәтижесінде өңірдегі мұнай кен орындарының тиімділігін ұлғайту және өнімділігін арттыру бағытында химиялық реагенттер өңдіру, арнайы мамандарды даярлайтын оқу бағдарламаларын құру және әлеуметтік жобалар бағытында бірлескен жұмыстарды жүзеге асыру мақұлданды.

Кездесуде аймақ басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер ететін маңызды жобаларға әкімдік тарапынан тиісті қолдау көрсетілетіндігін жеткіздi. Қытайлық тарап өзара әрiптестiк орнатуға мүдделі екенін растады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: