Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сыр өңірінің ауыл және су шаруашылығы нысандарын аралады

26.06.2023, 9:50 190

HALYQLINE.KZ Кеше ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин бастаған Үкімет делегациясы Қызылорда облысына жұмыс сапары аясында Сыр өңірінің су шаруашылығы нысандарын аралады. Алдымен Үкімет делегациясы Қызылорда су торабына барды. Еске салсақ, Қызылорда су торабын күрделі жөндеу жұмыстары 2020 жылы күзде басталды. Оған 2 миллиард 600 миллион теңге бөлінген. Қазіргі таңда негізгі жұмыстар аяқталған, су торабының екі арнасы жұмыс істеуде. Алдағы уақытта су торабының автокөлік көпірі нығайтылмақ. Жоба жыл аяғына дейін аяқталып, толық пайдалануға беріледі.

Әрі қарай Серік Жұманғарин «Абзал және К» ТС-нің күріш алқабына барды. Айта кетейік, «Абзал және К» ТС 1994 жылы құрылған. Сырдария ауданы Нағи Ілиясов ауылында күріш егіп, алынған өнімді компания зауытында өңдейді. Компанияның күріш өнімдері қазақстандық нарықпен қатар Ресей, Украина, Тәжікстан, Өзбекстан, Моңғолия тағы басқа елдерге сатылады.

Мұнан әрі Үкімет басшысының орынбасары Нағи Ілиясов ауылында жүргізілген абаттандыру жұмыстарын, салынған әлеуметтік нысандарды тамашалады. «Абзал и К» ТС бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында ұзақ жылдан бері елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуына инвестиция салып келеді. Өткен жылы 300 млн. теңгеден астам қаржыға Еңбекшілер аллеясы бой көтерді. Еске салсақ, күнi кеше Серiк Жұманғарин өңiрде «Жерi күрiштi, елi ырысты Қызылорда» көрме-жәрмеңкесінің ашылу рәсіміне қатысты. Тауар өндірушілердің қатысуымен арнайы мәжіліс өткізді.

«Бүгінгі сапарымыздың басты мақсаты – облыс әкімінің бастамасымен ұйымдастырылған күрiш жәрмеңкесіне қатысу. Әрине, бұл – өте дұрыс бастама. Келiссөз барысында көптеген маңызды құжаттарға қол қойылды», – деді Үкімет басшысының орынбасары сапар қорытындысында.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: