HALYQLINE.KZ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 16-17 тамыздағы Корея Республикасына жасаған мемлекеттік сапары екі ел арасындағы достық қарым-қатынастарды нығайта түсті. Оның ішінде генерал Хон Бом До сүйегін тарихи отанына қайтару рәсімі Қызылорда облысы мен Корея Республикасының өңірлері арасында екіжақты байланыстардың орнауына және дамуына зор серпін берді.
ҚР Сыртқы істер министрлігі мен ҚР Корея Республикасындағы Елшілігінен облыс делегациясының Кореяға сапарын қолдайтыны туралы хаттар, биыл Корея Республикасы Тэчжон қаласының мэрінің және Чоллабук-до провинциясы губернаторының шақыру хаттары келіп түскен еді.
Осыған орай, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған облыс делегациясы 22 мамырда Корея Республикасының Сеул қаласына іссапармен барды. Делегация құрамында Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Қазақстан Республикасының Кореядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Б.Дүйсенбаев, облыстық мәслихат төрағасы Н.Байқадамов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры Б.Кәрімова бар.
Бүгін іссапардың алғашқы күні делегация мүшелері білім және ғылым салаларында ынтымақтастық орнату үшін Шинхан университетінің президенті Канг Сонг Чонг мырзамен кездесті. Әлеуметтік ғылымдар бағыты бойынша маңдайалды ЖОО-лардың бірі – Шинхан университеті 1960 жылы құрылған.Кездесуде Канг Сонг Чонг мырза Қызылордада университет филиалын ашуға ынталы екенін білдірді. Осы ретте алдағы 20-30 жылдықта өңірдің еңбек нарығында қандай мамандықтардың сұранысқа ие болатынын екіжақты зерттей келіп, жоғары оқу орнын ашу жоспарлануда. Осы мәселелерді әрі қарай пысықтау үшін алдағы шілде айында Шинхан университеті президентінің Қызылордаға іссапарын ұйымдастыру көзделген. Еңбек нарығының болашақтағы бағыты зерттелгеннен кейін Шинхан университетінің филиалы қандай мамандықтар бойынша ашылатыны нақтыланады.
Аймақ басшысы білім беруге, ғылымды өркендетуге салынған инвестицияның қайтарымы келешекте айқын көрінетінін айтып, осы саладағы жобаларды қолдап келеді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!