Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жасөспірімдерді теріс жолға түсірмейік

18.05.2023, 10:40 299

Қызылорда қаласындағы ірі сауда орталықтарының бірінде 13-14 жастағы  жасөспірімдер жұмыс істеудің «жаңа тәсілін» меңгеріпті. Олар сол маңнан өткен жүргіншілерге бата-тілек айтып, келген көліктердің терезесін жуып, ақша тауып жүр. Ораза айындағы жарапазан айтудан басталған бұл үрдістің әзірге тыйылары жоқ.

Балалар бұл кәсіпке әбден дендеп алса керек, жүргіншілерді  балдай тілімен үйіріп әкетеді. Бірде сауда орталығынан шыққаным сол еді, қолында көбік су мен шүберек салынған пакет, иығында барсетка сөмкесі бар  екі оқушы әңгімеге тарта жөнелді.

– Ағай, көлігіңізді  жуып берейік пе?

– Менде көлік жоқ еді…

– Ендеше, бата берейік, тыңдаңыз:

Асың, асың, асыңа,

Береке берін басыңа!

Бөденедей жорғалап,

Қырғауылдай қорғалап,

Қыдыр келсін қасыңа!…

Мұны естіген соң, қалтамдағы барыммен  бөлісіп, оларды әңгімеге тарттым. Байқасам, балалар сабақтан тыс уақытта көлік жуып, жарапазан айтып, ақша табуға шығады екен. Бұлардың еңбек етіп жүргеніне бір сәт марқая қарап, әркімнің көзіне жәутеңдетіп қойғанымызды ойладым да, ішім алай-дүлей күй кешті. 

Психологтер кейінгі жылдарда кейбір жасөспірімнің ерте есейіп кететінін айтуда. Олардың  көбі – толық емес отбасының балалары.

– Мұндай балалар анасының бір жағына шығысып, қолғабыс еткісі келіп тұрады. Бұл ойының жақсы екенін түсінеміз. Бірақ, олардың балалық шағы қайта айналып келмейді. Балалық шағын дұрыс өткізбеген жеткіншекпен көп жұмыс істеуге тура келеді. Біз бұл жерде үй шаруасы  мен сыртқа шығып ақша табудың екі бөлектігіне назар аударуымыз керек. Олардың ойын ақша табудан көрі сабақ оқу, спортпен шұғылдану, қосымша үйірмелерге бару секілді нәрселер мазалау керек, – дейді Жанна Әбдірзақова.

Енді жасөспірімдердің  еңбек етуіне байланысты заңымызда не жазылғанына назар аударайық.

Еңбек кодексінің 31-бабына сәйкес, 16 жастан бастап жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Дегенмен, 14-15 жастағы жасөспірімдердің еңбек келісімшарт жасасуға құқығы бар:

– негізгі орта және жалпы орта білім алып жатқан 15 жастағы жасөспірімдер оқудан бос уақытта, денсаулығына зиян келтірмейтін, оқу процесін бұзбайтын жерлерде жұмыс істей алады;

– 14 жасқа толған оқушылар кинематография ұйымдары, театр, концерт ұйымдары, циркте денсаулығына және имандылық тұрғысынан дамуына нұқсан келтірмейтін болса, жұмыс істей алады.

Аталған 14-15 жастағы жасөспірімдер жұмысқа тұрған кезде еңбек шартына өзімен бірге заңды өкілінің біреуі қол қоюы тиіс. Ал біз сөз етіп отырған жоғарыдағы жасөспірімдердің еңбегі заң талаптары ауылынан мүлде алыс екенін байқап тұрмыз.

Жетісіп жүрген ата-ана баласын ерте бастан жұмысқа жеккізбейді. Сол себепті бұдан әлеуметтік жағдайдың қылаң беріп тұрғанын аңғару аса қиын емес. Дегенмен, ата-аналар балаларына  көшеден ақша сұратып, алақан жайғызып,  жаман үйретпесе екен.

Сыр  баласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: