Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылорда: медицина мамандары коронавирус жұқтырды

26.04.2020, 10:16 524

HALYQLINE.KZ –| Қызылорда облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастар саны 179 адамға жетті. Соңғы тәулікте жаңадан анықталған 9 жағдайдың мән-жайын бүгін облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

«Қазіргі таңда Қызылорда облысында коронавирустық инфекцияны жұқтырған 179 жағдай тіркелді. Соңғы тәулікте жаңадан 9 жағдай анықталды. Оның ішінде, сегізі – Қызылорда қаласынан, біреуі – Тараз қаласының тұрғыны. Қызылорда қаласында анықталған науқастардың алтауы – медицина саласының қызметкері. Олардың ішінде, 1 дәрігер, 2 көлік жүргізуші, 1 техникалық қызметкер, қалған екеуі – медбике. Олар инфекцияны скринингтік тексеруден өткізу барысында жұқтырған. Бір науқас қарым-қатынаста болғандардың арасынан анықталса, біреуі – правизорлық емханада бақылауға алынғандардың арасынан тіркелді», – деді Жақсылық Абдусаметов.

Оның айтуынша, COVID-19 індетін жұқтырған өңірдегі 179 науқаспен байланыста болғандардың жалпы саны – 2449. Оның ішінде, жақын қарым-қатынаста болғандар саны – 1291, потенциалды байланыста болғандар – 1158 адамды құрап отыр. Бүгінгі таңда барлығы бақылауға алынып, оқшауланған. Барлығының жағдайы қанағаттанарлық.

Сондай-ақ, бүгінгі таңда облысымыздағы жұқпалы аурулар ауруханасында – 101, правизорлық стационарда – 49, карантиндік стационарда – 341 адам бақылауда.

Брифингте Жақсылық Әбілқасымұлы мәлімдегендей, өткен тәулікте облысымызда коронавирустық инфекцияға байланысты 947 тест сынамасы жасалыпты.

«Соңғы тәулікте 947 тест сынамасы жасалды. Оның 651 – теріс мәнді болып шықты. Тоғызынан коронавирустық инфекция анықталды. Ал, 234 – әлі тексерілу үстінде. Бүгінде облысымызда 6500 тест сынамасының қоры қалды», – деді ол.

Қызылорда облысында коронавирус инфекциясына шалдыққан науқастардың саны – 179. Оның ішінде, Қызылорда қаласында – 46, Аралда – 4, Қазалыда – 2, Қармақшыда – 5, Сырдарияда – 26, Шиеліде – 66, Жаңақорған ауданында – 30 жағдай тіркеліп отыр.

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: