Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Көктемгі дала жұмыстарына дайындық қандай?

04.04.2023, 16:35 352

Көктем келді. Енді егін жұмыстарының да кезегі жақындады. Осы айдың аяғы, ары кетсе, келер айдан бастап, диқандар дән себуді бастайды. Қыстың қамын жазда ойлайтын халқымыз егін-тегіннің жайын ерте ойлап, жердің де, аяқсудың да алдын алуды әдетке айналдырған. Осыған сай, өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында көктемгі дала жұмыстарының барысы мен күріштің жаңа сорттары туралы брифинг өтті.

83,9 мың гектарға күріш егіледі

Баспасөз алаңында облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Қайратбек Сәрсенбаев пен  «Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-ның Басқарма төрағасы Самалбек Қосанов егін маусымына дайындық пен жаңа күріш сорттары жайында тоқталып өтті.

  • Биылғы жылы облыс бойынша 195,6 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру болжанған. Оның ішінде дәндi дақылдар – 96,4 мың гектар, майлы дақылдар – 5,7 мың гектар, малазықтық дақылдар – 73,7 мың гектар, қант қызылшасы – 7 гектар, картоп, көкөнiс, бақша – 19,8 мың гектар.

Негізгі дақыл күрiштің көлемі 83,9 мың гектарды құрайды. Ауыл шаруашылығы құрылымдары биылғы жылдың егісі үшін өткен жылдың күз айларында 4,8 мың гектар күздік бидай егуді және 41,2 мың гектар сүдігер айдауды қамтамасыз етті. Өткен жылмен салыстырғанда жалпы егіс көлемін 7 мың гектарға, күріштің көлемін 5,3 мың гектарға, малазықтық дақылдарды 2,3 мың гектарға, картоп, көкөніс, бақшаның көлемдерін 222 гектарға ұлғайту межеленуде, – деді Қайратбек Әубәкірұлы.

Алға қойылған мақсат орындалуы үшін қазірден осыған сай жұмыстар атқарылуы тиіс. Сондықтан, дәнді себу үшін жер аударуға арналған техникалар мен аяқсудың жайы осы бастан шешіліп қоюы керек. Одан бөлек, қанша тұрғынға қанша жер телімі берілетіні де айтылды.

Бүгінгі таңда жергілікті 5252 тұрғынға егін егуге берілетін барлығы 3203,4 гектар егістік жер нақтыланды. Осы нақтыланған егістік жерге егін егуге ынта білдірген облыстың 137 кент және ауылдық елді мекендерде тұратын 4619 отбасының тізімі жасалынып, қазірде егісті суаруға насос қондырғылары, тұқымдар, егістікті қоршау, тұрғындарды егіс басына тасымалды ұйымдастыру жұмыстарының шығындары есептелуде.

Облыстың шаруашылық құрылымдары қажетті тұқымдық материалдарымен толық қамтамасыз етілді. Құйылған 21,6 мың тонна күріш тұқымының бүгінгі таңда 20,4 мың тоннасы тазаланды, – деді басқарма басшысының орынбасары.

«Айсара» жаңа күріш сорты

  • Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты қазіргі таңда облыс көлемінде бірнеше күріш сортын өсіріп, бүгінде «Айсара» күріш сортын жасап шығарып отырмыз. Елімізде отандық күріш сорттары 2,5 пайызға өскен. Сондықтан, біздің келешектегі бағытымыз «Сыр сұлуы» сортымен бірге, «Айсара» сортын көптеп өсіруді негізгі мақсатқа айналдырып жатырмыз. Келесі жылдан бастап, осы облыстағы шаруа қожалықтарын тұқыммен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды атқаратын боламыз, – деді  Самалбек Оразбайұлы.

Аймақтың бас брендін егу кезінде техникаларда жанар-жағармай тапшылығы болмайтын көрінеді. Мұны Қайратбек Сәрсенбаев та растады.

  • Наурыз айына бөлінген 1,1 мың тонна дизель отыны көлеміне бүгінге дейін операторлар тарапынан толықтай келісімшарт жасалып, қаржысы аударылып, оның 1 мың тоннасы зауыттан тиеліп облысқа жеткізілді. Көктемгі дала жұмыстарынан ақ егісті егу жұмыстары ағымдағы жылдың 10 наурызынан басталды.

Бүгінгі күнге облыста барлығы 16,8 мың гектарға ерте егілетін дақылдар егіліп (3,3 мың гектар жаздық бидай, 1,8 мың гектар мақсары, 11,7 мың гектар жаңа жоңышқа дақылдары), 46,3 мың гектар ескі жоңышқа мен 5,8 мың гектар күздік бидай күтімге алынды, – деді ол.  

         Диқандар биыл да жылдағыдай егін маусымын еш алаңсыз бастай алады. Тек, Сырдың суы тобыққа түсіп, тапшылық туындатпаса болды. Брифинг барысында айтылған дүниелерге сенсек, күз мезгілінде жылдағыдан мол өнім аламыз. Әрине, шаруаларға бөлінген бюджет пен бос жатқан жер толығымен игерілсе ғана.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: