HALYQLINE.KZ – Ұлттық тестілеу орталығы 2020 жылғы ҰБТ сұрақтарында IV тоқсанның бағдарламасы қамтылмайтынын мәлімдеді. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
– Қашықтан оқу процесіне ҰБТ-ға дайындалуға әсер етпейді деп ойлаймыз, оның үстіне, мектеп оқушылары ҰТО-ның сайтында орналастырылған сынама тестілерін тегін пайдалану мүмкіндігіне ие. Әрбір пән бойынша 70 нұсқа әзірленді. Біз оқушылардың сынама тестілерін белсенді пайдаланатынын көріп отырмыз. Карантин кезінде оқушылардың ҰБТ-ға жақсы дайындалуы үшін барлық жағдай жасалуда. Оның үстіне ҰБТ сұрақтары төртінші тоқсанның тақырыптарын емес, жалпы мектеп бағдарламасын қамтиды. Айтпақшы, соңғы жылдары фактологиялық материалды жаттау мен есте сақтауға емес, функционалдық сауаттылыққа байланысты сұрақтардың үлесі артып келеді, – деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов.
Сондай-ақ, ҰБТ-ны өткізу бұрынғы форматта қалады, алайда қосымша санитарлық шектеу шаралары енгізіледі. Карантин мерзімі ұзартылған жағдайда тестілеуді өткізудің балама нұсқасы әзірленуде.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!