Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Таллинге жіберілген адыраспан

27.03.2023, 8:40 530

HALYQLINE.KZ

Адыраспан – ақтікендер тұқымдасына жататын көпжылдық өсімдіктер туысы, терең тамырлы өсімдік. Сабы мен гүлінде уы болады. Ерекше күшті сасық иісті, дәрілік өсімдік. Биіктігі 30-80 см аралығында, бірақ көбінде 30 см төңірегінде өседі. Тау беткейлерінде, жол бойында, жазық далаларда көктейді. Жаз-күз мезгілдерінде жемістейді. Қазақстанда оның үш түрі бар. Оңтүстік Еуропа, Батыс және Орталық Азия, Солтүстік Африка мен Мексикада 6 түрі кездеседі. Қазақстанның шөл-шөлейтті, сортаңды жерлерінде, әсіресе Шу, Іле, Сырдария, Сарысу өзендері бойындағы тақырланған жайылымдарда бір түрі – кәдімгі адыраспан өседі. Мамыршілдеде гүлдейді.

Адыраспан қазақ үшін қасиетті шөп болғандықтан бәле-жаладан сақтайды деп үйдің ішіндегі көрнекілеу жерге – кереге басына іліп қояды. Жаңа үйге кірерде босағаға жын-шайтан мүлдем жоламасын деп, адыраспанмен аластаған. Сонымен қатар, иесіз үйді иесі жоқ кезде жайлап алған беймәлім жын-шайтандардан тазарту үшін адыраспанның бір бұтағын отқа салып тұтатып, аластайтын болған.

Сондай-ақ, ауыл әйелдері бірігіп текемет басқанда, әзірленіп жатқан текемет, киіздің қасына көз тимесін деп адыраспан және қызыл түсті мата төсейді. Өйткені, ондайда текеметке немесе киізге көз тисе, салынған өрнектер қиғаш немесе қисық түседі-мыс.

«Адыраспан, адыраспан шыққан жерді, сірә, баспан» деп келетін магиялық формула-тіркес адыраспанның дәстүрлі түсінікке сәйкес айырықша қасиетіне байланысты қалыптасса керек.

Адыраспанның магиялық киелі қасиетімен бірге, емдік шипалығы да бар. Халық емшілері адыраспанды адамның радикулитін, сегізкөздің нерві ауруын емдеуге де жиі қолданған.

Адыраспанды кез келген адам жұлмаған. Оған түрлі себеп бар. Біріншіден, қауызы толып, тұқымы толық піскен кезде ғана алынған. Екіншіден, ер адамның ғана үзуіне рұқсат етілген. Үшіншіден, сол адамның жаны ғана емес, үсті-басы таза, дәреті бар екеніне мән берілген. Төртіншіден, міндетті түрде Аллаға құлшылық етіп:

«Бисмиллаһи-ир-рахман-ир-рахим!

Мен келдім әр нәрсеге, адыраспан,

Атыңды қойған екен Омар, Оспан», – деп барып, өсімдіктің сағағына қолын тигізген (интернет желісінен).

Арал ауданына қарасты Құмбазар аталатын елді мекен бар. Жан-жағын шағыл құмды төбе қоршаған ауыл көзге көрікті көрінеді. Адамның мінез-құлқы өскен жерінің табиғатына орай бейімделеді деседі. Құмбазардың тұрғындары да өзінің дарқан даласындай кең пейілді. Аталмыш елді мекеннің байырғы тұрғыны Тәңірберген Аманжолов есімді ақсақалдың әулетімен құда болғанымызға біршама жылға айналды. Құданы Құдай қосады. Тәкең – өсіп-өнген әулеттің иесі, немере-шөберелерінің қадірменді атасы. Өмірден көрген-түйгені мол ақсақал әңгімені де шебер айтады. Басынан кешіргенін майын тамыза жеткізгенде өзіңді құдды сол оқиғаның ішінде жүргендей сезінесің. Бірде Тәңірберген көкеден мынадай қызықты әңгіме естідім.

Совет үкіметінің кезінде Тәкең сонау Таллин қаласына (Эстония астанасы) жолдама арқылы демалуға барыпты. Табиғаты көркем қаланың әр күні қызыққа толы өтіп жатады. Бір күні көкемізді демалыс орнының басшысы кабинетіне шақырыпты. Директор орыс тілінде көкемізбен емін-еркін әңгімелесе келе Қазақстанның қай жерінен келгенін сұрапты. Көкеміз картадан Арал теңізінің маңын көрсетеді. Мұны естіген курорт директоры «Сіздерде «адыраспан» деген шөп бар ма? Ол туралы сіз қандай мәлімет білесіз?», – деп сұрайды. Бала күнінен адыраспанға көзі қанығып өскен Тәкең болса білгенін жайып салады. Сонда курорт директоры «Еліңізге барған соң маған почта жәшігі арқылы адыраспанды посылкамен жібере аласыз ба? Мен қарымтасына сізге араның таза балын салар едім», – деген ұсыныс жасайды. Көкем келіседі. Бастық қатты қуаныпты. Демалыстан аман-есен оралған соң Тәкең уәде бойынша адыраспанды жинап посылкамен Таллинге, жаңағы курорт директоры айтқан мекенжайға салып жібереді. Көп ұзамай Таллиннен ризашылық білдірген хатқа қоса араның таза балы қолына тиеді.

– Ол кезде араның таза балы оңайлықпен табыла бермейтін. Адыраспанның киесін, даламыздың қадір-қасиетінің жоғары екендігін сол кезде терең түйсіндім, – деп құдам сөзін түйіндеген еді.

Көп ұзамай Тәңірберген көкеміздің отбасында үлкен қуанышты жағдай болыпты. Тұңғыш немересі дүние есігін ашты. Сол жылы халқымыздың дарабоз перзенті, әулие әрі батыр Жанқожа Нұрымбетұлы бабамызға Қазалы ауданының орталығынан еңселі кесене салынып, Ақбай алқабында ұлан-асыр ас берілген еді. Мұны жақсылықтың жоралғысына балаған Тәкең перзентінің атын ұлы бабаның құрметіне «Жанқожа» деп атайды. Жылжып жылдар өтті. Қазір баба есімін иеленген сол немересі ат жалын тартып мініп, өзі де әке болды. Аллаға шүкір, ортасына беделсіз емес. Әулие бабаның аруағы қолдаған шығар, Жанқожадан кейін қарындас-інілері өмірге келді.

Иә, маңғаз даланың ашылмаған сыры әлі де көп екені даусыз.

Суретте: Тәңірберген көке мен Құрманкүл апа.

Жұмабек  Табынбаев,

Арал  ауданы,

Құмбазар  ауылы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: