HALYQLINE.KZ Бүгін ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында су тасқынының алдын алуға дайындық және халыққа онкологиялық көмек көрсету мәселелері талқыланды. Үкімет басшысы «Көктем-2023» республикалық оқу-жаттығу шаралары шеңберінде тасқын қаупі туындаған жағдайда нақты іс-қимыл алгоритмін пысықтауды, жарылғыш заттар мен инертті материалдардың қажетті қорын дайындап, хабарландыру жүйелерінің дайындығын тексеруді тапсырды.
Үкімет отырысынан соң облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ҚР Премьер-Министрі берген тапсырмаларды пысықтау мақсатында жиын өткізіп, облыс аумағында мұз жүру басталғанын атап өтті.
«Облыс аумағында мұз жүре бастады. Жаңақорған Шиелі аудандарының аумағы мұздан толықтай тазарып, бүгінгі күні Сырдария ауданы Айдарлы елді мекені тұсында сең жүруде. Солтүстік аудандар мен Қызылорда қаласы тұсында өзен бетінде толықтай мұз тұр, орташа қалыңдығы 32-43 см құрайды. Қазіргі таңда дайындық шараларын күшейтіп, барлық қажетті қорлардың болуын қамтамасыз ету керек», – деді аймақ басшысы.
Жиында Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы басшысының міндетін атқарушы, «Қазсушар» РМК және «Қазгидромет» Қызылорда филиалының директорлары Сырдария өзеніндегі су жағдайы мен оны қауіпсіз өткізуді қамтамасыз ету жұмыстарының барысын баяндады.
Талқылаудан соң Нұрлыбек Машбекұлы Қызылорда қаласы мен аудан әкімдеріне өзен бойындағы қауіпті учаскелерге бақылауды күшейтіп, өзен арнасындағы мұз жүру процесін қадағалауды және материалдық-техникалық, жанар-жағармай қорларын қажетті көлемде жасақтауды тапсырды. Ал, аумақтық жауапты мекемелер облыс көлемінде су тасқынының алдын алу үшін авариялық-құтқару қызметтері мен күш-құралдардың дайындығын үнемі әзірлікте ұстауы тиіс. Оларға мониторинг жұмыстарын жалғастыру және облыс аумағына мол су жіберілген жағдайда оны қауіпсіз өткізу шараларын ұйымдастыру жүктелді. Күн тәртібіндегі екінші мәселе тұрғындар үшін аса өзекті екенін атап өткен облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев облыстық құрылыс басқармасына халыққа онкологиялық көмек көрсету үшін биыл Қызылорда қаласында салынатын бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы, онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көп бейінді аурухана құрылысын сапалы жүргізуді тапсырды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасына осы бағыттағы жұмыстарды қатаң бақылауға алып, сапалы әрі мерзімінде орындалуын қамтамасыз ету жөнінде міндет қойылды. Атап айтқанда, облыстық онкология орталығынан ашылған ахуалдық орталықтың жұмысын жетілдіріп, науқастарды оңалту және психологиялық қолдау кабинеттерінің санын арттыру керек. Сонымен қатар бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін онколог дәрігерлер тапшылығының алдын алу үшін облыс әкімінің гранты арқылы мамандарды резидентурада даярлауға ұсыныс енгізу бойынша тапсырма берілді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!