Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шұжық өнімдері сұранысқа ие

14.02.2023, 11:30 382

 2022 жылы өз өндірісін бастаған «Perovsk» цехы қазіргі таңда өнім көлемін айтарлықтай арттыруда. Ет өнімдерінен жасалатын шұжықтармен қатар жартылай фабрикат тағамдарын әзірлейтін цех бүгінгі таңда тәжірибелі германиялық маман мен оның шұжық өндіретін құрылғысы арқылы түрлі өнімдерді өндіруде. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметімен барған көшпелі брифингте  «Perovsk» цехының директоры Василий Огай айтты. Кәсіпкер екі бірдей цех ашуға 60 млн теңге шамасында қаржы жаратып, «Байқоңыр» ӘКК-дан осы жобаға 9 млн теңге несие де алған. Жаңа құрылғылар сатып алып, білікті маманмен тәжірибе алмасып, жұмысын жандандырған кәсіпкер бүгінгі күні 30 шақты адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Цехта заманауи жабдықталған құрылғылардың арқасында күніне 400 келі шұжық өндіріледі. Қой, сиыр, жылқы және тауық еттерінен шұжықтың 72 түрі жасалады.

Өндіріс цехына заманауи құрылғылар Ресей елінен алынып, арнайы қоспалар да шетелден жеткізіледі. Қазіргі таңда, өніміміз өз өтімін беріп жатқаннан кейін тағы да жаңа қоспалардан жасалған өнім шығару үшін арнайы маман шақырып, басқа да шұжықтардың дайындалу құрамын үйренудеміз. Ет түрлері жергілікті фабрикалардан алынады, – деді Василий Огай.

«Шұжық өнімдері сұранысқа ие» деген цех басшысы облыс көлеміндегі мейрамхана, маркеттер мен өзге өңірлерге де өз өнімдерін жеткізіп отыр екен. Ал тәжірибесімен бөлісіп, дағдысын арттыруға келген германиялық Вили Хейгер Қазақстанда бірнеше рет болғанын айтып, осында өз өндірісін бастағысы келетінін жеткізді.  

Осы кәсібімді 15 жасымда бастадым. Бірден үлкен компанияға келіп, тірліктің басықасында жүріп, барлығының қыр-сырын үйрендім. 25 жасымда кәсіпқой атанып, бүкіл елді аралай бастадым. Оның қатарында Тайланд, Марокко, Франция, Қытай, Непал, Белгия, Өзбекстан және Қазақстанды 3 рет аралап отырмын. Сондай-ақ, немістердің сиқырлы өнімін осында өндіру ойда бар. Бірақ, өзге елде кәсіп бастау оңай емес. Сапалы өнімді жасау үшін қаншама күш-жігерді талап етеді, – деді Вили Хейгер.

Цех мамандары шұжық өнімін әзірлеп болғаннан кейін арнайы жапсырмасы бар қалталарға орап, дүкен сөрелеріне сатылымға қояды. Сонымен қатар шұжық цехының басшылығы алдағы уақытта бизнес жоспарына сәйкес өндірісті кеңейту жұмыстарын жүргізбек.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: