Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ән әлдилеген әулет

13.02.2023, 14:10 450

HALYQLINE.KZ

Тағылым

«Музыканың жұмыс салдарынан пайда болған шаршағандықты ұмыттырып, өзіне баурап әкететін қасиеті болады. Ол бізге осы жұмыстың зардабына шыдауға, төзуге көмек береді», – дейді Әбу Насыр Әл-Фараби.

«Ел іші – өнер кеніші». Бүгінгі әңгімеміз осынау халық даналығын жандандыра түседі. Әулие әрі батыр Жанқожа Нұрымбетұлы атындағы ауылда Мейрамбек Тілеубергенов деген азамат тұрады. Ата-бабасынан бері осынау киелі қонысты мекендеген Мәкең – ел арасында «Ақ бұлтты Ақтан батыр» аталған Ақтан Ақайұлы бабамыздың ұрпағы. Мейрамбектің отбасын «өнерпаздар әулеті» десек жарасымды. Өзі кезінде мықты әнші, шебер гитарашы, жақсы боксшы ретінде көпшіліктің көзіне ілікті. Ғажабы Мейрамбек хакім Абайдың қара сөздерін түгелге жуық жатқа біледі. Бозбала шағында сол кезде «Қазақстанның 40 жылдығы» аталатын совхоздың мәдениет үйінде жастардың би кештерін ұйымдастырып, мәдени іс-шараларға қатысып, белсенділігімен танылды. Бертін келе аудандық «Шырқа, гитара» байқауында бас жүлде иеленді. Қазіргі таңда ауылдағы мәдени іс-шаралардан да бой тартып қалмайды. Қарапайым еңбек адамы. Өнегелі де өнерлі отбасының тірегі. Мейрамбектің ағалары Өмірбек пен Балғабек те өнерден құралақан емес. Ағайындылар гитараға қосылып ән салғанда жан дүниеңді баурайды. Ақын жанды Өмірбек ағамыз шығарған терме көпшілік арасында кеңінен таралған.

Мына қызыққа қараңыз. Мейрамбектің жұбайы Зағира Исалда –  білімді музыка пәні мұғалімі. Жанқожа батыр ауылындағы №94 мектепте шәкірттерді өнер жолына шыңдаған ұлағатты ұстаз. Зағирадан дәріс алған шәкірттер түрлі деңгейдегі байқауларда жеңімпаз, жүлдегерлер қатарынан табылып, ауыл мерейін асқақтатты. Ал, Мейрамбек пен Зағираның көздерінің қарашығындай жалғыз ұлы Еркін Күлімбет – керемет әнші. Бірнеше музыкалық аспапты шебер меңгерген. Мектепті алтын белгіге бітіріп, жоғарғы оқу орнын да үздік бағаға аяқтады. Шалғай ауылдың қарапайым баласы орыс, ағылшын тілін еркін меңгерген. Қазекеңнің «тектілік тұқым қуалайды» деген ғибратты сөзі естеріңізде шығар. Еркіннің бойындағы білімге деген құштарлық ауыл мектебінде ғұмыр бойы ұстаздық қызмет атқарған марқұм атасы Күлімбет Тілеубергеновтен дарыған. Кезінде аудандық мәдениет бөлімінің тұңғыш басшысы болған Күлімбет көкеміз халық ақыны Байназар Өтепұлы тағы басқа да танымал тұлғалармен бірге қызмет жасапты. Тектілік ізсіз кетсін бе? Күлекеңнің бойындағы мәдениетке жақындық, өнерге құштарлық балалары мен немересінің бойынан табылса, таңдануға болмас. Күлімбеттің немересі Еркін де қат-қабат тіршіліктен қолы босағанда гитараға қосылып ән салғанды ұнатады. Әрі кейбір мықты әншілерден орындау шеберлігі кем түспейді. Тек, нота жағы ғана қинайды. Егер Еркінді сәл баптап, үлкен сахнаға шығарса, тыңдарманның құлақ құрышын қандыратыны анық.

«Музыкаға бейім адам ешқашан жаман әдетке жоламайды» деген тәмсіл бар. Мына жайтты назарларыңызға ұсынсам. Еркін мектеп қабырғасында жүргенде көше бойынан аяғы сынған кішкентай күшікті кездейсоқ тауып алып, үйіне әкеледі. Күшіктің сынған аяғын таңып, Құтжол деген ат қойыпты. Жарақаты жазылған Құтжол Еркінге тез бауыр басып кетеді. Еркін Құтжолды музыка әуеніне ілесуге үйретуді алдына мақсат қылып қояды. Төрт аяқты хайуанның санасына музыка әуенін сіңірудің жеңіл еместігі көпке мәлім. Алайда бастаған ісін аяқсыз қалдырмайтын Еркін бұл жолы да дегеніне жетті. Құтжолдың музыкаға ілесіп әуенге сай жасаған қимылы әлеуметтік желіде кеңінен тараған болатын. Еркіннің осындай да қыры бар. Отбасы мүшелері ғана емес, бұл әулеттің итіне дейін музыканы түйсінеді. Міне, өнерге, әнге деген құштарлық деп осыны айт.

«Құлақтан кіріп бойды алар, жақсы ән мен тәтті күй…». Күлімбет әулетінің гитараға қосыла шырқаған әсем әндері ауылдастарының ілтипатын иеленіп те үлгерді. Ел ішінде танылмай жүрген таланаттар қаншама десеңші?!

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы,

Жанқожа  батыр  ауылы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: