Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сынаққа сынбаған шыңға шығады

02.02.2023, 16:30 544

HALYQLINE.KZ

Бір адамның бойында осынша қажыр-қайрат, өмірге ынтызар құштарлық болады екен-ау… Боркемік болып жаралса, баяғыда тағдырдың басқа салғанына көніп, бордай тозар еді. Шыр етіп өмірге келгеннен сан сынақпен жалғыз күресіп келеді. Адамның ең үлкен нығметі деннің саулығы десек, сол саулықтың сынаққа айналғаны сор емес пе? Аяқ-қолы кембағал, кейде тілі күрмеледі, күрмелсе де санасы сайрап тұр. Қозғалысы қиын Қуаныштың бүгінгі жеңісі бәрімізді таңдай қақтырды. Неткен мықтылық, ерік-жігердің күштілігі дерсің.

Қоғамда мүгедек жан көп. Бірақ шектеулі мүмкіндікті шектеусіз өмірге айналдырған жанның бірі – Қуаныш Нұржігітов. Жасөспірім шақтан жігіттікке жеткен бозбала қазір. Ауыр диагнозбен туғаннан күреседі. Өзі өнерлі, бір бойында бірнеше таланты бар. Тіпті, тағдырдың теперішіне мойымаған еңбексүйгіш жігіт бүгінде өз кәсібін ашып, аз уақыттың ішінде ешкімге алақан жаймайтын жағдайға жеткен. Қуаныштың өмірге құштарлығы барша жасқа үлгі. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласады, ән айтып, өлең де шығарады. Іс-шараға да қатысып, шаршауды білмейді. Дәл осы жанның бір ауыз сөзі жастар орталығында үлкен кеш өткізуге сеп болды.

Облыстық «Жастар ресурстық орталығында» «Үміт сыйлаған Қуаныш» атты Қуаныш Нұржігітовтың жастармен кездесу кеші өтті. Жастарды жігерлендіруге, өмірге құштарлық пен күнделікті күйбің тірліктен қажыған жанға Қуаныштың жетістігін көрсету мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры Талғат Оспанұлы қатысып, ізгі тілегін жеткізді.

– Қуаныштың өмірге деген сүйіспеншілігі, махаббаты әрбір адамға мотивация беретіні анық. Қазір қоғамда құлықсыз, бойкүйез жастар көбейген. Он екі мүшесі сау болса да, әр істен тек кемшілік іздеп, өз сәтсіздігін өзгеден іздейтін. Ал, сен, сондай жастарға үлгісің, өзің өнерлісің, қолыңнан келмейтіні жоқ. Бүгінгі жастармен кездесу кеші сенің алғаш рет қоғамға өзіңді таныстыруың деп есептейік, мұндай кештер әлде де өз жалғасын табатын болады, – деді Т.Тілес.

Сонымен қатар кездесу кешіне Қызылорда облысы «Волонтерлер фронт-офисінің» жетекшісі Болатбек Серікбайұы мен «Қызылорда облыстық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сағатбек Қуанышбайұлы арнайы қатысып, кеш иесіне құттықтау хаттары мен бағалы сыйлықтарын ұсынды.

Тағылымды іс-шара жастарға, шынында, ерекше әсер етті. Көзіне жас алғандар, көңілі босағандар, таңдай қаққан мен серпілгендер де болды. «Сынақта сынбасаң, сый аласың». Қуаныштың осындай ұраны талай жастың жігерін жанитыны сөзсіз. Іс-шара соңында «тағдырыма шүкір» дескен күбірмен жастар тарқасып жатты.

Құралай  ЖАҚСЫЛЫҚ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: