Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

СЫРДАРИЯ «СЫР БЕРСЕ», НЕ ІСТЕЙМІЗ?

02.02.2023, 10:40 449

Алдағы ақпан, наурыз айларында біршама елді мекенді су алу қаупі бар. Жыл сайын қозғалатын бұл мәселеге деген дайындық ерте бастан жасалуы тиіс. Мұнымен қоса, жақында ғана өткен Үкімет отырысында ҚР Төтенше жағдай министрі Юрий Ильин еліміз бойынша 127 мыңнан аса үйді су шайып кетуі мүмкін екенін айтты. Сондай-ақ, қазір тасқынның алдын алуға  ешқандай  дайындық  жоқ екенін жеткізді.

Жиында қай аймақтың су тасқынына ұшырайтынына дейін айтылды. Олар – Ақмо­ла, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қос­танай облыстары. Сол үшін «қыс шанаңды жаз сайла» дегендей, тасқын болғанда тықыр таянбау  үшін  қазірден  қамдану  қажет.

Үкімет отырысында Юрий Ильин: «Әкім­діктер 2022 жылға көзделген Жол картасының барлық іс-шараларын іске асырған жоқ. Бүгінде 15,6 миллиард теңгеге 41 іс-шараны іске асыру аяқталған жоқ. Бұған жергілікті бюджеттен қаражаттың бөлінбеуі немесе уақытылы бөлінбеуі ықпал етті. Өткен жылдардағы тәжірибе бойынша, елді мекендерді су басу қаупінің алдын алуда қардың уақытылы шығарылуы, су айдау құралдарының болуы және өзендердегі мұздың әлсіреуі маңызды», – деді ҚР Төтенше жағдай министрі.

Тасқынға дайындық жоқ деген сөз – су айдау құралдары мен қар шығаратын техни­калар әлі қамдалмаған. Бұл болмаған жағдайда расында 127 мыңнан аса үй су астында қалуы бек мүмкін. Сол үшін министр­лік нақты іске көшіп, тапсырмаларды жедел түрде жүктеу қажет. Өйткені, халықтың  қамы – басты  орында.

АЛ  ҚЫЗЫЛОРДАДА  ЖАҒДАЙ  ҚАЛАЙ?

Сыр жұртшылығы дария бойын жағалай қоныс­танғандықтан, бұл жағдай қызылордалықтардың да бас­ты мәселесі болып тұр. Дегенмен, Сыр суының алдағы уақытта арнасынан асып не тасымайтыны жайлы  нақты  болжам  жоқ.

– «Қазгидромет» РМК мә­ліметі бойынша биылғы жылдың 27 қаңтарына «Шардара» су қоймасына түсіп жатқан су көлемі – секундына 1331,8 текше метр. Және су қоймасындағы судың көлемі 4250 млн текше метрді құрайды. Ал су қоймасынан өзеннің төменгі ағысына секундына 800 текше метр су жіберіліп, оның есебінен «Көксарай» су реттегішіне секундына 200 текше метр су  қабылдауда. Және одан өзеннің төменгі ағысына секундына 600 текше метр су жіберуде. Соны­мен қатар, «Көксарай» су реттегішіне жинақталған судың көлемі 1146 млн текше метрге  жетті.

«Көктөбе» су бекеті ар­қылы Сырдария өзенімен секундына 616 текше метр  су өтіп, Қызылорда су торабына дейін орналасқан каналдармен 131,5 текше метр су қабылдайды. Бүгінде Қызылорда су торабынан секундына 400 текше метр су көлемі өтуде.

Мұнан бөлек, Қазалы су торабынан секундына 230 текше метр су өтіп, Ақлақ су торабы арқылы Кіші Арал теңізіне секундына 177 текше метр су көлемі түсуде, – деді Арал-Сырдария бассейн­дік инспекциясының бөлім басшысы Сейітхан Абуов.

Сырдария өзені арқылы өтіп жатқан судың көлеміне қарасақ, бізге де дайындық керек. Себебі, күн жылып, мұз еріген сәтте санымызды соқпауға тиіспіз.

ДАРИЯ  АРНАСЫНАН  АССА,  ОҒАН  ДАЙЫНБЫЗ  БА?

Осы сауалға жауап іздеп, қалалық төтенше жағдайлар басқармасымен байланыс­тық. Тасқын төне қалса, жасалған жағдайдың барын білдік.

Қызылорда қаласы бо­йынша Сырдария өзенінің оң жағалауында 65 шақырым, сол жағалауында 23,5 шақырымды құрайтын қор­ғаныс бөгеті бар. Қалаға қарас­ты дербес бөлімдер, кент және ауылдық округтер мен өзен бойына жауап­ты болып бекітілген 22 ірі мердігер мекеме төтенше жағдай болған жағдайда, өздеріне жүктелген міндеттерді атқаруға толық дайын.

Азаматтық қорғау қыз­метінен және Сырдария өзенінің бойына бекітілген 22 мекемеден барлығы 110 арнайы және ауыр техника дайындыққа келтірілді. Қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімімен жанар-жағармай жеткізуші мекемелерімен жасалған арнайы меморандум аясында, техникаларға қажетті  23 тонна жанар-жағармай да­йындалған.  Қалаға қарасты кент және ауылдық округтерден 350-ден аса еріктіден құралған арнайы жасақ және бөгеттерді қосымша нығайту үшін құм толтырылатын қаптар мен қамыс, пашын және қарабура (4700 дана қаптар, 3650 бау қамыс, 1250 дана пашын, 3081 дана қара­бура, 9 қойтас) жеткілікті көлемде дайын тұр. Бұл туралы қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы Олжас Тұрсынбаев  жеткізді.

– Қала аумағынан өтетін Сырдария өзенінің су басу қау­пі бар аймағына қала және оған қарасты 5 елді мекен бекітілген. Елді мекендердің нақты су басу қауіптілігін анықтау мақсатында зерде­леу жұмыстары қалалық төтенше жағдайлар басқармасы, жергілікті әкімдік қызметкері және «Қызыл­орда Сушар» өндірістік учас­кесінің маманымен бірлесіп жүргізіліп, қарау актісі жасалды. Сырдария өзенінің жағалауларына күнделікті Жедел құтқару жасағымен бірігіп мониторинг жұмыс­тары жүргізілді. Сырдария өзенінің қауіпті аймағында орналасқан елді мекендер мен саяжайларға өзенде сең жүру кезеңінде кезекшіліктер ұйым­дастырылды. Қалаға қарасты дербес бөлімдер, кент және ауылдық округтер мен өзен бойына жауапты болып бекітілген 22 ірі мердігер мекеме төтенше жағдай болған жағдайда, өздеріне жүктелген міндеттерді атқарады, – деді  О.Тұрсынбайұлы.

Мамандар осылай дейді. Айтылған жайттың артында ауыр жүк барын сезінсек, расында жағдайды толық ретке келтіру басты мақсат­қа айналады. Мақалаға мән беру үшін Сырдарияны көзбен көріп қайттық. Баяғыдай емес, арнасы азайған өзеннің бүгінгі жағдайына қарап, сең жүреді деу қиын. Бірақ, күн жылыған уақытта суға деген сенім кететіні тағы бар. Сол үшін не нәрсеге  болсын, дайын болу керек.

Ердәулет  СӘРСЕНҰЛЫ.

Суретті  түсірген 

Нұрболат  Нұржаубай.

Бет  қатталып  жатқанда:

ҚР Премьер-ми­нистрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Үкіметтің цифрлық кеңсесінде өткен кеңесте су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша жедел шаралар қабылдау мәселесі қаралды, деп хабарлайды primeminister.kz сайты.

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин «Қазгидрометтің» болжамы бойынша республиканың оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында 31 қаңтар мен 4 ақпан аралығында қар араласқан қатты жауын-шашын болып, температура көтері­летінін хабарлады. Оның айтуынша, қалың қардың еруінен су жиналып, бұл өз кезегінде мұздың күрт еруі мен өзендерде су деңгейінің көтерілуіне әкеп соғуы мүмкін.

Осыған байланысты Алматы, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл және Жетісу облыстарына 30 қаңтардан бастап азаматтық қорғау  бөлімшелерінің  жұмысын  күшейту  тапсырылды.

Премьер-министр өңірлердің әкімдіктері ТЖМ-мен бірлесіп, қажет­ті  шұғыл  шаралардың  барлығын қабылдауы қажет екенін атап өтті.

«Қазір  бізге су тасқынына дайындық шараларын күшейту керек. Ауа райы­ның күрт жылынуынан тасқын қаупі туындап отырғанын көріп отырмыз. Бұл бағытта тиісті іс-шараларды жедел үйлестіру үшін Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр бастаған арнайы Үкіметтік комиссия жұмысын бастайды», – деді  Әлихан  Смайылов.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: