HALYQLINE.KZ Мен осы даулы құрылысқа қатысты журналистік зерттеу жүргіздім. Сұрақтарыма Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы м.а. Айбек Имашев жауап берді.
Сонымен… Ақтау қаласындағы мұз сарайын салу және пайдалану жұмыстары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қолға алынған. «Мемлекеттік әріптес» атынан аймақ әкімдігі өкілеттік берген Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы 2018 жылғы 26 наурыз күні «Жекеше әріптес» тарапынан «Н+Н TECHNIKA, spol. s r.o.» ЖШС-мен бірге екіжақты келісімшарт жасаған.
Шартта көрсетілген міндеттемелердің орындалмауына байланысты кейін «Мемлекеттік әріптес» ол шартты бұзу туралы сотқа талап арыз берген. Ал «Жекеше әріптес» құрылыстың толық аяқталмауына және кешігуіне байланысты мынадай түрлі себептерді алға тартады:
Ең алдымен, сыбайлас жемқорлық ісі. Тергеу нәтижелері бойынша 2019 жылы жабдықтары бар қоймалар мөрленіп, жұмыстар 2019 жылдың соңына дейін тоқтатылған.
Одан кейін 2019-2020 жылдары Covid-19 індетінің салдарынан Қазақстан мен Словакиядағы карантиндік шектеулерге байланысты Жекеше әріптес өкілдерінің және Инвестициялық банктің техникалық қадағалау өкілдерінің елімізге келуге мүмкіндігі болмаған.
Сондай-ақ құрылыс жұмыстарын бастау үшін 2021 жылы мердігер «Шалқарпромхолдинг» ЖШС-мен шарт жасалады. Мердігер 2021 жылдың басында алдын ала төлем жасап, құрылыс-монтаж жұмыстарын бастап, бірақ бір айдан кейін жұмысын тоқтатқан. Жекеше әріптес жұмыстарын жүргізбегені үшін мердігер сотқа талап арыз берген. Осы іс бойынша 2022 жылғы қарашадағы соттың шешімі Жекеше әріптестің пайдасына шешілген.
Жекеше әріптес 2021 жылдың соңында «Атамекен СМК» ЖШС-мен құрылысты жалғастыру үшін шартқа қол қойып, жұмысты 2022 жылғы ақпанда жаңа мердігер бастайды.
Бұл ретте 2022 жылдың сәуір айынан бастап құрылыс жұмыстарының басталуымен қатар, Жеке әріптес жер учаскесін жалға алу мерзімін ұзарту, бұрын берілген техникалық шарттардың мерзімін ұзарту үшін және МЖӘ негізгі шартына қосымша келісімге қол қою жөніндегі бірлескен кеңес өткізген.
Соның негізінде 2022 жылғы 8 шілде күні жер учаскесін жалға алу мерзімі, ал желтоқсан айында инженерлік желілерге қосылудың техникалық шарттары ұзартылған.
«Словакияның инвестициялық банкі» жобаны қаржыландыруды жалғастыру және қосалқы станцияның құрылысын салу үшін шартқа сәйкес мемлекеттік серіктес немесе жеке серіктесті анықтау мәселесін қарастырып жатыр екен. Егер жеке серіктес болса, онда бұл тармақ бойынша қосымша келісімге түзетулер енгізіліп, екі тараптан мақұлданып, бекітілуі керек екен. Бекітілген қосымша келісім аясында құрылыс жұмыстары жалғасады дейді.
Қандай жағдайда да қаражат пен уақыттан ұтылып жатырмыз. Кейін келген әкімдер мен жұмысқа енді кіріскен мекемелер өздеріне дейінгі әріптестерінің әрекетіне сілтей салмай, осы жұмысты жылдам, жауапкершілікпен және сапалы аяқтауын күтеміз.
Айбек Мұханов,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!