Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Автобус паркі: тағы бес бағытты қамтимыз

20.01.2023, 15:25 259

HALYQLINE.KZ

Қала әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте «Қызылорда автобус паркі» ЖШС-нің директоры Мақсат Жүсіп жыл көлемінде атқарылған жұмыстар және алдағы міндеттер туралы баяндады.

Қазіргі таңда «Қызылорда автобус паркі» ЖШС-де күнделікті 110-120 дана автобус қалаішілік 12 бағытта (1, 11, 14, 17, 18, 19, 20, 22, 25, 28, 29) және қосымша жүктелген «Ягодка» саяжайы бойынша қызмет көрсетуде.

– Өткен жылы «Қызылорда автобус паркіне» «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы жаңадан лизингке 150 дана автобус алуға 1 млрд 430 млн теңге бөлінген болатын. Соның аясында, 100 жаңа автобус маршруттық бағытқа қосылды. Бірінші тоқсанда келетін қалған 50 автобуспен тағы бес бағытты (№15, №16, №31, №32) қамтимыз, – деді директоры Мақсат Өмірбекұлы

Тұрғындар тарапынан қоғамдық көліктерге сұраныс күннен-күнге артуына байланысты, аймақ басшысының тікелей қолдауымен биыл тағы 150 автобус алуға 1 млрд 434 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ, бұрын қолданыста болған үлкен сыйымдылықтағы көліктердің 30-40 данасы күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін қосымша бағыттарға қосылып, қалаішілік жолаушылар тасымалдау жұмысын жақсартуға өз үлесін қоспақ.

Қоғамдық көлік санының еселеп артуына байланысты серіктестіктің штаттық бірлігі де артуда. Мәселен, серіктестікпен жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 2022 жылдың қараша айынан 2023 жылдың қаңтар айына дейін 88 жүргізуші жұмысқа қабылданған.

Алдағы уақытта мекеме қызметкерлерін шипажайға және балаларын тынығу лагерьлеріне жіберу жұмыстары жалғасатын болады. Сондай-ақ, тоқсан бойынша жұмыс нәтижелеріне сәйкес, жетістікке жеткен қызметкерлерге 10 АЕК мөлшерінде сыйақы беру де жоспарлануда.

Айта кету керек, жолаушыларды тасымалдауды қамтамасыз ететін жүргізушілерге қойылатын кәсіби талап: 25 жасқа толған, кемінде 5 жыл жүргізуші жұмыс өтілі бар, кемінде үш жыл «D1» кіші санатына жатқызылатын көлік құралдарын басқару өтілі бар жүргізушілер қабылданады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: