Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазалыда қарқынды тірлік бар

16.01.2023, 17:35 696

HALYQLINE.KZ

«Өткен жылға өкпе жоқ, келер күннен үміт көп» дегенді бұрынғылар текке айтпаса керек. Әр күніне шүкір деп, келер күнінен тек жақсылықты ғана күтетін жұртпыз. Расымен де қазалылықтардың да 2022 жылға өкініші аздай.

«Қаралы қаңтар» оқиғасымен басталған барыс жылы өз қуанышы мен жақсылықтарымен де жосылып жатты. Даму бағыты қарқынды жүргендіктен атқарылған жұмыстарда оң динамика қалыптасты деп айтуға болады.

Ендеше Қазалы ауданының өткен жылы атқарылған басты жұмыстарын шолып шығуды жөн көрдік.

Дамудың  даңғыл  жолы

«Салық – халық қазынасы». Кез келген ауыл, аудан, облыстың қарқынды дамуы бюджетіне тікелей байланысты екені рас. Өткен жылдың басында 21,2 миллиард теңге болып бекітілген аудан қазына қаржысы жыл соңына қарай 22,6 миллиард теңгеге өсті. Ал өнеркәсіп өндірісінің көлемі 20,2 миллиардты құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 25,9 процентке өсім алған.

Жалпы, «Ел келешегі – кәсіпкерлікте» дегенді жиі айтамыз. Оның себебі де негізсіз емес. Бүгінде шағын және орта кәсіпкерлік саласы – өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етумен шектелмей, өзгеге де жұмыс орнын беріп отырған бірден-бір сала.

Тоғыз жолдың торабында тұрған Қазалы ауданында да бұл саладағы соны тірліктер көңіл қуантады. Бүгінде ел ішінде «екінші Түркістан» атанып кеткен ауданда 6121 кәсіпкер тіркелген. Аудан кәсіпкерлерінің тарапынан 7,5 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, сала бойынша 9366 адам жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар өткен жылы 25 кәсіпкерлік нысан бой көтеріп, тұрғындарға үздіксіз қызмет етуге кірісті. Соның нәтижесінде 47 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Осы ретте аудан кәсіпкерлері барыс жылында түрлі қаржы ұйымдары тарапынан 382 жоба бойынша 4,3 миллиард теңге несие алған.

Тың  бастама  –  мол  өнім

Жыл өткен сайын Сырдың суы сирақтан келмей, шаруашылықтар жағдайын қиындатып тұрғаны анық. Несібесін жерден теріп, ерте көктемнен қызу жұмысқа кірісетін еңбеккерлер соған қарамай әр жыл сайын мол өнім алып қалуға, тың, жаңа бастамаларды қолға алуға кіріседі.

2022 жылы аудан бойынша барлығы 17402 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналасқан. Негізгі дақыл күріштің көлемі 6 361 гектарды құраған. Сырдария өзенінде қалыптасқан су тапшылығына байланысты биік жерлерде орналасқан күріш егісінің көлемін 377 гектарға қысқартып, әртараптандыру бағытындағы дақылдардың егіс көлемін ұлғайтуға ерекше мән берілді.

Cудан тапшылықты алдын алу үшін 6 дана көтерме насос сатып алынып, коллекторлар жөндеуден өткізілген.

Бір қуантарлығы, Қазалы ауданы бойынша шетелдік 7 мемлекетке 3374,3 тонна күріш, 893,7 тонна балық, 711,1 тонна қамыс экспортталыпты. Бұл да өз кезегінде ауданның бейнетқор қауымы үшін үлкен жетістік екені сөзсіз.

Иә, ауыл шаруашылығының бір саласы егін болса, екінші қанаты мал шаруашылығы екені даусыз. Өткен жылдың көлемінде де бұл бағыт бойынша Қазалы ауданында әжептәуір өсім бар. Қазір аудандағы мал басының басым бөлігі, яғни 65,2 пайызы – жеке тұлғаларда, 2,5 пайызы – ауылшаруашылық кәсіпорындарында, 32,3 пайызы – шаруа қожалықтарының үлесінде.

2022 жылы аудан бойынша 15,6 млрд теңге инвестиция тарту межеленген. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде негізгі капиталға тартылған инвестициякөлемі 17,6 млрд теңгені құрап, 38,1 пайызға көбейді. Жалпы құны 25,7 млрд теңгені құрайтын 41 инвестициялық жоба дайындалды. Алдағы уақытта облыстық басқармалар арқылы тиісті орталық атқарушы органдарға ұсынылады.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: