Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қырағы құтқарушы, кәсіби қызметкер

04.12.2022, 15:30 247

HALYQLINE.KZ  Құрылым мен жүйенің қалыпты жұмысына мұқтаж қоғам қай уақытта болмасын еңбек адамын лайықты бағалауы тиіс. Онсыз ел өсіп-өнбейді. Жүйе бұзылса, тіршілік талайымен жүрген халық әлдеқашан тоз-тозы шығып, балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен болары еді. Ал сол жүйенің қалыпты жұмыс істеуі үшін әрбір еңбек адамының табандылығы мен ізденісі аса қажет болады.

Соңғы кездері елімізде тілсіз жаудың салдарынан болатын төтенше жағдайлар жиілеп кетті. Әсіресе, тұрғын үйлер мен ғимараттардан шығатын өрт жағдайлары. Мұндайда әрине алдымен құтқарушылар мен өрт сөндірушілер көмекке келетіні түсінікті. Сондықтан болар осы мамандық иелеріне деген халықтың құрметі ерекше артып келеді. Солай болуы да тиіс еді. Себебі өзгенің өмірі үшін өз өмірін тәуекелге тігіп, ерлік жасауға дайын тұратын өзіміздің қазақ жігіттері. Мұндай қызметкерлер әлі де бар. «Жаман айтпай жақсы жоқ» деген. Егер төтенше жағдай бола қалған жағдайда қауіпті қадамға барып, өзіне жүктелген міндетті орындауға әзір тұрады олар. Сондай жандардың бірі – Кенжебек Кеңесұлы.

Ол бүгінде ҚР ТЖМ Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесі Арал ауданы №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші, құтқарушы, азаматтық қорғау аға сержанты болып қызмет атқарады. 1995 жылы 23 маусымда Қызылорда облысы, Арал ауданы, Шижаға елді мекенінде дүниеге келген Кенжебектің әкесі Бажымов Кеңес Балымбетұлы совхоз жүргізуші болып  талай жыл еңбек еткен. Алыс шалғай ауылдарға бірде су тасып берсе, бірде көмір отынын тасып берсе, енді бірде автобус жүргізушісі болып қала орталығына және алыс-жақын ауылдарға жолаушы тасымалдап, еліне еңбек еткен кісі болған. Анасы Бажымова Мәлика Қылышбайқызы көп балалы ана, алтын алқа иегері, осындай көп балалы бола тұра бала тәрбиесі үй шаруасымен бірге совхоз орталығындағы кондитерлік өнімдер дайындайтын цехта, түрлі нан өнімдерін дайындайтын маман ретінде еңбек еткен.

Кейіпкеріміз Кенжебек 2013 жылы Арал ауданы, Шижаға елді мекені №57 Елеу Көшербаев атындағы орта мектепті бітіріп, Арал қаласындағы Арал индустриалды техникалық колледжінің «Кең бейінді құрылыс шебері» мамандығы бойынша оқу бітірген. Колледж қабырғасында жүріп түрлі өнер байқауларына қатысып, өзінің өнерге деген құштарлығы артқан. Бертін келе оқу бітіргеннен кейін, ел арасында өзінің қара сөзге шеберлігімен, ойының орамдылығымен, түрлі ас пен той-жиындарда сөз сөйлеп, тізгін ұстаған. Дегенменде бала кездің қиял сандығында қалып, алға ұмтылдырған арман әскери адам болып, елдің құрметіне бөлену еді. Сол тілегі қабыл болған Кенжебектің өрт сөндіруші болып, адам өмірін арашалап, адамға, қоғамға өз септігін, көмегін тигізетін халықтың, елдің баласы болсам деген арманы алдамады.

Бойында жігіттік рухы басым, өзіне артылған сенімді сезіне білетін Кенжебекке 2016 жылы әскерге шақыру қағаз келеді. Отан алдындағы борышын өтеу өзіндік парызы екенін жете түсінген ол, 2016 жылы әскерге аттанып, Павлодар қаласы 6679 әскери бөлімінде әскери борышын 2017 жылы өтеп келеді. Осылайша Әскери өмірге деген қызығушылығы арта түсіп, қиындыққа төзімділік танытып, шыдамдылыққа бейімделе білген Кенжебек әрі қарай өмірлік мамандығын, қызметін өзі армандағандай өрт сөндіруші болып жалғастыруға бекінді. Осылайша кейіпкеріміз Кенжебектің еңбек жолы өзі армандаған өр сөндірушіліктен басталды. Бұл 2018 жыл болатын.

Қызмет барысында қызметтік міндеттеріне жауапкершілікпен қарап, өзінің тәжірбиесін арттырып, бөлімнің қоғамдық жұмыстарына да белсене қатысып, қызметтегі әріптестеріне үйрете жүріп жігерлендіріп, алға ұмтылды. Қызметтік жетістіктері мен спорттық іс-шараларын қоспағанда, қоғам өміріне тән жетістіктері де бір төбе.

Айталық, 2018 жылы қала, аудан өрт сөндіру бөлімдері арасында өткізілген «Үш тұғырлы тіл, бәсекеге қабілетті» байқауға қатысып, 3-орын иеленіп және «Әзіл қалжың шебері» номинациясымен марапатталған. Осы байқауда өнерімен көзге түсіп, Қызылорда облысы ТЖД-нің намысын қорғау үшін, обылыс көлемінде мемлекеттік қызметкерлер арасында болатын жайдарман көңілді тапқырлар сайысана, шақырту алды. Өзінің әріптестерімен бірге қарқынды дайындығының нәтижесінде, сол жылы 9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күніне орай жас мемлекеттік қызметшілер арасында «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ!» атты көңілді тапқырлар сайысында 1-орын иеленіп, ерекше өнер көрсеткені үшін, «Үздік ойыншы» номинациясымен марапатталған.

2019 жылы Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінде Тұңғыш Президенттің «Болашаққа бағдар, рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын іске асыру, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатында және жастар жылына арналған іс-шаралар аясында жас қызметкерлер арасында ұйымдастырылған Отан және төтенше жағдайлар қызметі тақырыбында байқауына қатысып, 1-орын иеленіп, Департамент бастығының арнайы дипломымен марапатталған.

2020 жылы 19 қазан – «Құтқарушылар күні» кәсіби мерекесіне орай «Nur Otan» (қазіргі «Amanat») партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Л.Төрешованың арнайы Алғыс хатымен марапатталған. 2021 жыл 30 тамыз Қазақстан Республикасы Конституция күніне орай Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Құрылымдық бөлімшелер арасында өткізілген «Тәуелсіздік тірегі – Ата Заң» тақырыбында өлең оқу байқауында 2-орын алғаны үшін Департамент бастығының арнайы дипломымен марапатталған.

2022 жылы 5 қыркүйек Қазақстан халқы тілдер күніне орай Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылған «Ұлт ұстазы – Ахмет» атты сайыста І орын иеленіп, белсене қатысқаны үшін Департамент бастығының міндетін атқарушы Б.Әбдіқадыровтың арнайы дипломымен марапатталған.

2022 жылы Қазақстан Республикасы ТЖМ М.Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясында өткен ұлт ұстазы – А.Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған «Жас қаламгер» атты жас ақындар сайысында, «Қаламгер» номинациясы бойынша 1-орын алғаны үшін Қазақстан Республикасының ТЖМ «М.Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы» ММ бастығы техника ғылымдарының докторы, профессор, полковник С.Д.Шәріпхановтың арнайы грамотасымен марапатталған. Бұл кейіпкеріміз Кенжебектің өзгермейтін өмірдерегіне енген өзіндік жетістіктері мен қызмет жолы.

Иә, қоғам құрметпен қарауға тиіс құтқарушылардың мәртебесі жоғарыласа деген ой салтанат құра бастады. Мұндай көзқарас жалпы еңбек адамының мәртебесін елге елеулі етпек. Бұл тұрғыда қоғамның ойын дөп басқан мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев: «Әділетті Қазақстанда еңбек адамына ерекше құрмет көрсетілуге тиіс.  Әсіресе ұстаз, дәрігер, тәртіп сақшысы, құтқарушы, жұмысшы, шаруа сияқты мамандардың мәртебесін одан әрі арттыра түсуіміз қажет. Олар еліміздегі ең сыйлы азаматтарға айналуы керек. Осы кәсіп иелері тиісті құрмет пен сыйға ие болғанда ғана, қоғамымыз шынымен жаңарды деп айта аламыз» деген болатын жақында өткен салтанатты ұлықтау шарасында. Расында солай етсек ғана ел жаңарады, адал қызмет еткен жандар абыройға бөленеді.

      Әлия Қайратқызы,

Қызылорда облысы ТЖД

                                      Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: