Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылорда: Жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектісінің саны 15,2%-ға өсті

27.09.2022, 16:15 468

HALYQLINE.KZ Бүгін Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру барысы мен егін жинаудың алдын-ала қорытындысы қаралды. Жиынға министрлер мен онлайн режимде өңір әкімдері қатысты.

ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров 2021 жылы ұлттық жоба аясында 48,8 мың жобаға мемлекеттік қолдау көрсетіліп, қызмет көрсету және өңдеу өнеркәсібі салаларында жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 984 жобаға гранттар берілгенін мәлімдеді. Егін мәселесі бойынша Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы жинау алаңы 23,4 млн гектарға жеткенін баяндады. Оның ішінде астық жинау алаңы 16,1 млн гектарды құрайды.

Жиын қорытындысымен Үкімет басшысы кәсіп ашам деген азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетуді, астық жинау жұмыстарын тез арада толықтай аяқтауды тапсырды.Үкімет тапсырмаларын орындау негізінде аймақтағы жағдайды саралаған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бағытында Арал, Сырдария, Жаңақорған аудандарында жұмыс баяу екенін ескертті. Сол себепті де ауылдарда жаңа кәсіпкерлік субъектілерін құру шараларын атқаруды, макроэкономикалық көрсеткіштерді орындау қажет екенін баса айтты. Мұнан бөлек, аймақ басшысы құрылысы аяқталған инвестициялық жобалардың статистикалық есептіліктерінің тапсырылуын және іске қосу актісінің алуы мен Қызылорда қаласында жаңғыртылуы қажет «Сыбаға», «Сұлтан» және «Асбол» сауда базарларын сүйемелдеуге алып, құрылыс жұмыстарын жақын арада бастау бойынша жедел шаралар қабылдауды тапсырды.

Сондай-ақ, жуырда қайтарымсыз грант беру бастамасына қатысты орын алған түсініспеушілікті ескеріп, нақты түсіндірме жүргізуді және қаражаттың мақсатты жұмсалуына, жобаның толығымен іске қосылуына мониторинг жүргізуді міндеттеді.

«Бизнес жасауға ынталы азаматтарды қолдауымыз қажет. Әрбір кәсіпкер 5-6 азаматты жұмыспен қамтыса да, тұрақты табыс түсіруге ықпал етеді. Сондықтан шағын өндіріс болса да, оны іске асыруға мүдделі болуымыз керек. Біз үшін салық базасын ұлғайту, халық табысын арттыру өте маңызды. Сондықтан, аудан әкімдері, өңір дамуына үлес қосатын азаматтарға барынша қолдау көрсетіңіздер, – деді Н.Нәлібаев.

Айта кетейік, қазіргі таңда мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде облыста жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 15,2%-ға, жұмыспен қамтылғандар саны 6,6%-ға ұлғайды. Ал, шағын және орта кәсіпкерлік бойынша несие портфелі 15 млрд теңгені құрайтын 833 жоба субсидияланды. Оның ішінде, ауылдық елді мекендегі кәсіпкерлердің 165 жобасына 867 млн теңге көлемінде шағын несие берілді.Үкімет отырысында қаралған екінші мәселе бойынша облыс әкімі аймақта егін жинау жұмыстарын сапалы жүргізіп, өнімді шығынсыз толық жинап алуға ерекше мән беру және жыл сайын өткізілетін «Алтын дән» мерекесін жоғары деңгейде ұйымдастыру жөнінде нақты тапсырма берді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: