HALYQLINE.KZ Қазіргі таңда Қазалы ауданында құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Бюджеттен бөлінген қаржыға жолдар асфальттанып, көпір салынуда. Сондай-ақ, тұрғын үйдің аулалары абаттандырылып, елді мекендер газдандырылуда.
Әрбір құрылыс жұмыстарының сапасы аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың тұрақты бақылауында. Мұхтар Әуесұлы әр күн сайын сала басшыларымен бірге әрбір нысанға арнайы барып, құрылыс жұмыстарының барысын қадағалауда.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев бүгін де аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқаппен бірге бірқатар құрылыс нысанына барып, жұмыс барысын көрді.
Аудан басшысы Әйтеке би кентіндегі автоматтандырылған электрондық емтихан алаңы мен Ерімбет Көлдейбекұлы көшесінің бойындағы абаттандыру жұмыстарын және Басықара елді мекеніне кіреберіс жолдағы көпір құрылысымен танысты.
Сондай-ақ, Әйтеке би кенті мен Басықара ауылының арасындағы жолға орташа жөндеу жұмыстарын көрді. Қазіргі таңда «СтройМодульАстана» ЖШС екі елді мекен арасындағы жолдың 11 шақырымнан астамын асфальттап үлгерген. Мердігер мекеменің жауапты қызметкерлері жолды бекітілген кестеге сәйкес аяқтаймыз деп жоспарлап отыр.
Құрылыс барысын көрген аудан әкімі Мұхтар Оразбаев әрбір нысандағы жұмыс сапалы әрі мерзімінде тапсырылу қажеттігін айтты. Құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүруі үшін бюджеттен қаржы бөлініп отырғанын жеткізді.
– Халықтың игілігі үшін салынып жатқан нысандар – сапалы әрі мерзімінде тапсырылуы қажет. Себебі біз халыққа ең бірінші кезекте керек болған соң қажетті қаражат бөліну үшін көп іздендік. Тиісті орындарға дәлелдеп, қаржы бөлдіру үшін көп еңбектендік. Енді қаржы бөлінген соң ол жұмыстар сапалы жүргізіліп, бекітілген кестеге сәйкес пайдалануға берілу керек. Сол үшін де Сіздерден ең бірінші кезекте жұмыстың сапалы болуын талап етеміз, – деді Мұхтар Әуесұлы.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев құрылыс нысандарын аралау барысында тиісті сала басшыларына жұмыстардың сапалы болуын қадағалауды тапсырып, күнделікті бақылау қажеттігін айтты.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!