HALYQLINE.KZ Қызылорда облысында өткен тамыз конференциясының секциялық отырысында Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов дуальды оқыту жүйесінде кәсіпкерлер кездесетін проблемаларды ортаға салды.
Іс-шараға облыстық білім басқармасының өкілдері, колледж басшылары мен кәсіпкерлер қатысты.
Палата басшысы Қызылорда облысында дуальды оқытудың жол картасына сәйкес 19 колледждің 2243 студенті 156 кәсіпорын базасында өңір экономикасының 12 саласының 53 біліктілігі бойынша білім алып жатқанын жеткізді.
«Әр студент кәсіпорынмен 3 жақты келісімшартқа отырады және аталған келісімшарт Палата Реестріне тіркеледі. Дуальды оқыту бойынша білім алып шыққан мамандардың 85%-ы жұмысқа орналасты. Осы жүйе аясында жұмыс жасайтын 231 өндіріс шебері «Атамекен» ұйымдастырған «Тәлімгерлер мектебінен» біліктіліктерін арттырып, арнайы сертификаттарға ие болды», – деді тамыз мәслихатының шарасында Пірмұхаммед Сыздықов.
Палата басшысы шарада кәсіпкерлік саласындағы кадр тапшылығы мәселесін көтерді.
«Шетелдік жұмыс күшін тартуға квотаның енгізілуіне байланысты құрылыс саласында кадр мәселесі туындап отыр. Жыл сайын Қызылорда облысының құрылысшылар қауымдастығы 1500-ге жуық білікті жұмысшыға сұраныс береді. Қауымдастық колледждермен жұмыс істеу кезінде оларға 9-сыныптан кейін оқуға түскен студенттер үшін тәжірибеден өту ұсынылатынын айтып отыр. Студенттердің кәмелеттік жасқа толмаған балалар екенін ескерсек, кәсіпкерлердің бұл сұранысы дер кезінде орындалмайтыны анық», – деді кездесуде Пірмұхаммед Сыздықов.
Ақпарат үшін айтатын болсақ, 2022-2023 оқу жылының «Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысына» сәйкес, 9-сыныптан кейін 400 орын, 11 сыныптан кейін 35 орын бөлінген.
Осы ақпараттарды алға тартқан Палата директоры облыстық білім басқармасынан «Құрылыс» саласына арналған «Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын» 11-сынып бітіріп, колледжге түскен студенттерге бөлуді ұсынды.
Мұнымен қоса, Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов облыстық білім басқармасы мен кәсіпкерлер, колледж, Палата қолға алған эксперименттік жоба нәтижелі жүзеге асырылып жатқанын да жеткізді.
Эксперименттік жобаның мәні мынада. «Білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптары және оларға сәйкестікті растайтын құжаттар тізбесіне» сәйкес кәсіпкерлердің сұранысы бойынша кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдары негізгі мамандыққа қосымша модуль енгізу арқылы жаңа біліктілікті игеруге мүмкіндік бере алады. Мәселен, дәнекерлеуші мамандығының білім бағдарламасы оқу жоспарына қосымша токарь модулін қосу арқылы студентке екі біліктілікті қатар алуға немесе соңғысын таңдауға болады.
Биыл И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжі эксперименттік жоба аясында 6 студентін қосымша «токарь» біліктілігі бойынша «Квант» ЖШС базасында оқытты. Ол үшін кәсіпкерге мемлекеттен тәлімгерлерлік еңбекақы төленді. Біліктілік алған студенттерге сертификаттар табысталды.
Палата басшысы бұл тәжірибе кәсіпкерлердің сұранысы бойынша, нарыққа қажет маман даярлауға жақсы мүмкіндік беретінін айта келе, тәжірибенің проблемасын да жеткізді.
«Тәлімгерлік үшін кәсіпкерге төленіп отырған еңбекақы көлемі аз. Еңбекақы практикаға бөлінген сағат көлеміне сәйкес беріліп жатыр. Бұл бір топ үшін күніне шамамен 700 теңге. Аталған қаржы жұмыс берушінің студенттерді жұмыс орнында оқытуға жұмсаған шығындарымен салыстырғанда өте аз. Осыған орай, «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, орта білім берудің, сондай-ақ кредиттік оқыту технологиясын есепке алғандағы техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесінде» тәлімгерлердің қаражатын есептеу формуласына өзгеріс енгізу қажет деп санаймыз. Кәсіпкерлер палатасы әдістемелік қолдау көрсетуге әзір», – деді Палата директоры.
Қызылорда облысында кәсіптік және техникалық білім беру саласында барлығы 30 колледж қызмет атқарады. Оның 17-сі – мемлекеттік, 13-і – жеке колледж. Бұл колледждерде барлығы 19 692 оқушы қамтылған.
Қызылорда облысы
кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!