HALYQLINE.KZ Әзербайжан Президентінің «Загульба» резиденциясында Мемлекет басшысын салтанатты ресми қарсы алу шарасы өтті.
Құрмет Қарауылының бастығы екі ел басшыларына рапорт беріп, Қазақстан мен Әзербайжанның әнұрандары орындалғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев бір-біріне ресми делегациялардың құрамын таныстырды. Салтанатты рәсімнен соң екі ел президенттері келіссөз жүргізді.
Қазақстан Президенті Әзербайжан Республикасына ресми сапармен келуге шақырғаны үшін Ильхам Әлиевке алғыс айтты.
– Ең алдымен бізге көрсеткен қонақжайлығыңыз үшін сізге ризашылығымды білдіремін. Бұл – Қазақстан Президенті ретінде алғаш рет ресми сапармен келуім. Бұл сапардың мен үшін мән-маңызы айрықша. Бүгін бірқатар өте өзекті мәселелер туралы пікір алмасулар болады. Келіссөздер нәтижесінде бірқатар құжатқа қол қойылмақ. Ол екіжақты ынтымақтастықты, қазақ-әзербайжан қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтереді деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ильхам Әлиев өзінің шақыруын қабыл алып, Әзербайжанға ресми сапармен келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдіріп, Қазақстан Президентінің Бакуға келуі екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретінін атап өтті.
Жеке келіссөзден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-әзербайжан қарым-қатынастарына қосқан зор үлесі үшін Ильхам Әлиевті Қазақстан Республикасының жоғары мемлекеттік наградасы «Алтын Қыран» орденімен марапаттады. Бұл марапат Ильхам Әлиевке екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға зор үлес қосқаны үшін табыс етілді.
Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы екіжақты саяси, экономикалық және мәдени қатынастарды нығайтуға және дамытуға қосқан айрықша үлесі үшін Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Алиевті «Алтын Қыран» орденімен наградтады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Құрметті Ильхам Гейдар оғлу, бүгін мен сіздің еліңізге ресми сапармен келіп отырмын. Біздің шағын құрамдағы келіссөзіміз өте нәтижелі болды. Менің сапарымның бағдарламасында сізді Қазақстан Республикасының ең жоғары «Алтын Қыран» орденімен марапаттау рәсімі де қарастырылған. Қазақстанда сізді көрнекті мемлекет қайраткері ретінде біледі, құрметтейді. Бүкіл әлемге танымал тұлға ретінде сыйлайды. Әзербайжанды тарихи жеңіске жеткізген, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларына сәйкес, территориялық тұтастығын қалпына келтірген әкелген адам ретінде мен бүгін біздің жеке кездесуімізде сізді құттықтадым. Сіз мемлекеттеріміздің көпжақты, көпқырлы ынтымақтастығын дамытуға зор үлес қосып келесіз. Барша қазақ халқының атынан құрмет белгісі ретінде бүгін сізге «Алтын Қыран» орденін табыс еткім келеді».
Президент Ильхам Әлиев: «Біз үшін бауырлас ел Қазақстанның ең жоғары орденімен мені марапаттауды қажет деп санағаныңызды мақтан тұтамын. Мен өз тарапымнан алдағы уақытта да достық және бауырластық қарым-қатынасымызды дамытуға үлес қосу үшін барлығын жасаймын.
Біздің халықтарымызды тарихымыз, ортақ тамырымыз байланыстырады. Бүгінгі таңда егемендік жолымен сенімді қадам басып келе жатқан екі тәуелсіз мемлекет – Қазақстан мен Әзербайжан экономикалық дамудың және әлеуметтік мәселелерді шешудің жоғары қарқынын көрсетіп келеді. Әлемдік аренада біздің елдеріміздің беделі артып келеді.Мен бұл марапатты бүкіл әзербайжан халқына деген құрметтің белгісі деп білемін. Сіздің қолыңыздан осы марапатты алу мен үшін зор абырой. Сіз жүзеге асырып жатқан реформалар курсын толық қолдайтынымды тағы бір рет айтқым келеді. Сіз жүргізіп отырған саясат Қазақстан халқының ұлттық мүддесіне толық жауап береді. Алға қойған мақсаттарыңыздың бәрі орындалатынына сенімдімін».
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!