Бүгін шаһар басшысы Асылбек Шаменов Тасбөгет, Белкөл кентінің тұрғындарымен кездесіп, ондағы атқарылып жатқан ілкімді істердің барысына куә болды.
Кент және ауылдық округ тұрғындарымен кездесу бағдарламасына сәйкес, шаһар басшысы әуелі Белкөл кентіне ат басын бұрып, кенттегі жас жеткіншектерді спортқа баулу мақсатында ашылған «Белкөл» спорттық сауықтыру кешенінің жұмысымен танысты.
Мұндағы 4 жаттығу залында 8 үйірме тұрақты жұмыс жасауда. Жас өрендер еркін күрес, джиу-джитсу, қазақша күрес, дзюдо, каратэ, үстел теннисі, шахмат т.б. спорт түрлерін меңгеріп, салауатты өмір салтын ұстануда. Кешен меңгерушісінің ендігі межесі тағы бір жабық спорттық нысанның құрылысын жүргізіп, футбол алаңын ашу. Ол үшін арнайы жері белгіленген.
Белкөл кентінің тұрғындарының игілігіне берілетін келесі нысан – теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірі. Ұзындығы 108, биіктігі 8 метрлік көпір құрылысы биылғы жылдың ақпан айында басталған. Шойын жолдың екі бетін жағалай қоныстанған халық үшін ауадай қажет бұл көпір қазан айында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Нысандарды аралап болған соң қала басшысы Асылбек Шаменов кент тұрғындарымен жүздесті. Бұл кездесуде белкөлдіктер бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Халықтың талап-тілегін тыңдаған қала әкімі көтерілген мәселелердің мүмкіндігінше тез шешілу жолдары қарастырылатынын атап өтті.
Тасбөгет кентінде де бірқатар әлеуметтік нысандар бой көтеріп, құрылыс қарқынды жүруде. Бұл жолғы аралауда қала әкімі алдымен «Қызылорда строй монтаж» темір-бетон өнімдері цехына барды. Александр Ким басқаратын цех 11 адамды жұмыспен қамтып отыр. Цехта бетонды құдықтар, рабица торшалары, өзге де құрылыс материалдары шығарылуда. Шаһардағы құрылыстарға кәсіпорын дайын әрі сапалы өнімдерін ұсынып, кәсіпті ілгерілетуде.
Цех жұмысына сәттілік тілеген Асылбек Өмірбекұлы ары қарай Орталық саябақ жанында жеке кәсіпкердің бастамасымен салынып жатқан биометриялық зертхананың, «Құддыс ишан» мешітінің, 53 пәтерлік бес қабатты тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Жұмыстардың барысын бақылаған қала әкімі мердігерлерге нысандардың барлығы сапалы болуы керектігін тапсырды.
Тұрғындармен жүздесу №11 мектеп-лицейдің алдында өтті. Қала әкімімен кездесуде тұрғындар жер беру кезегі, қоғамдық көлік қатынасын реттеу, жаңа емхана салу қажеттілігі туралы өзекті мәселелерді көтерді. Шаһар басшысы талап-тілектердің ескерусіз қалмайтындығын, айтылған ұсыныстарға байланысты нақты шаралар қабылданғандығын жеткізді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!