Ән көңілдің ажарын келтіреді. Жақсы ән-әуен қай-қай жүректі де әп-сәтте аяқасты жадыратып, өмір толқынына түскен ақ желкенді кемедей алыс-алыс жағалауларға тербетіп апаратындай. Ән әлемі – әдеміліктің, әсемдіктің, адамгершіліктің әлемі. Жабыңқы көңілді серпілтіп, жанға ерекше жылулық ұялататын әрлі әндердің бірі – «Менің Ағам керемет» әні. Авторы – айтыскер ақын, термеші, сазгер Дархан Оразымбетов. Ел ішінен жарып шыққан таза тума талант. Ырғақты әуенінде де мәні терең, мәтінінде де де қаймағы бұзылмаған қазақылықтылықтың қарапайым қалпы жатыр. Қаншама рет тыңдадық десейші. Ал алар әсерің шексіз. Арқа сүйер арлы ағаға деген теңіздей толқыған мұхиттай шалқыған сезімнің шегі жоқ. Үлкен-үлкен сахналардан да орындалып жүр. Ал, қазақтың ешқашан тарқамаған тойларында, әсіресе кең пейілді, асыл текті ағалардың атаулы мерейтойларында бұл ән бір рет болса да айтылмай қалмайды. Дарабоз Дарханның осынау «Менің ағам керемет» әнін біз де оңтайы келгенде іштей ыңылдап тағы бір қосыла шырқап кетуге бармыз.
Ақ үйден кеуілі жарқырап,
Адалдығымен арқырап.
Інім деп құшақ жайғанда,
Қабағың неткен жарқын-ақ.
Таласып ақ сүт ембей-ақ,
Бір үйден өсіп өнбей-ақ.
Жанашыр болып кеттің-ау,
Бауырым болсын сендей-ақ.
Қайырмасы:
Менің Ағам – керемет,
Бұдан артық не керек?!
Қамқоршымыз болып жүр,
Нұрын себелеп.
Жеңешемді сыйлаған,
Өзі жұртқа сыйлы адам.
Ағам барда алдымда-ау
Неге қиналам?!
Асыңды менсіз татпадың,
Мен келмей жайлы жатпадың.
Іні боп жүрмін атырып,
Ағалығыңның ақ таңын.
Кіші деп қағып жасқамай,
Жаныңнан жүрсің тастамай.
Еміренесің «інім» деп,
Кеңесіңді де тастамай.
Қайырмасы.
Бір шығып белес-белеңге,
Келемін мінген кемеңде.
Ақтығын білем пейілінің,
Ақгүлім «аға-ау» дегенде.
Қос ұлың – менің қос інім,
Мәңгіге бауыр, досымын.
Сыйласу үшін екі адам,
Бір тусын деген бос ұғым.
Әсем әннің әр сөзі жүрек елжіретеді. Әр көңілді бір желпінтер қайырма тағы бір қайталанады. Асыл ағаға деген бауырмалдықтың, інілік құрметтің гимні еспетті естіледі. Әсіресе бір анадан тумаса да, бір-біріне арқа сүйеп, бірі қорғап, бірі қолдап жүретін риясыз көңілдің шалқуы жатыр. Бұл – қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан «ағаның үйі ақ жайлау» деген ұлағатты сөзінің ән боп ұшқан көрінісіндей.
Биылғы жылдың маусым айында Қосжар ауылының клубының ұйымдастыруымен, Арал аудандық Мәдениет үйінің қолдауымен ақын, сазгер, термеші Дархан Оразымбетовті еске алуға арналған «Дарабоз-дарын Дархан ең…» атты аудандық жазба ақындар мүшәйрасы өтті. Еске алу іс-шарасына біршама өнер иелері де барды. Өнерпаз Дарханның қысқа да болса мазмұнды өмірінен қызықты естеліктер айтылды. Осы мүшәйраға әділқазы боп біз де төбе көрсеттік.
Кеш басталардан бұрын клуб залында Дархан Оразымбетовтің термелері, әндері айтылып тұрды. Соның бірінде «Менің Ағам керемет» әні орындалған сәтте жанымдағылар бейтаныс бір жігіт ағасын көрсетіп: «Осы ән мына азаматқа арналған» дегенде бірден елең ете қалдық. Орта бойлы, киіктің асығындай шымыр денелі, ойлы көзді жігіт Жаңалық Бөлекбаев көршілес Қазалының тумасы екен. Ұзақ жылдар бойы Қазалы теміржол мекемесінде инженер болып қызмет атқарып жүрген. Біздің басымызға келген алғашқы ой – «Бұл жай жігіт болмады. Дархандай дарабоз «Менің Ағам керемет» деп атын атап әйгілемесе де, бүкіл қазақтың үлкенді-кішілі сахналарында шырқалатындай дүние тууы тегіннен-тегін емес шығар» болды.
Дарханның әулетінің қара шаңырағында дастарқан төрінде қатар отырып сөз реті келгенде Дархан екеуін байланыстырған жайларды сұрай бастадық. Жаңалық та ішіндегі талай-талай бүгіліп жатқан сырларды ашқысы келгендей әріден әңгіме қозғап кетті.
«Біздің танысуымыз да кездейсоқ болды. Кездейсоқ деймін-ау, кейде кездейсоқтық да тегін болмайды ғой. Мүмкін тағдырдың өзі бізді қалай да таныстыруға, табыстыруға итермелеген болар.
Бірде Қазалының «Бесінші квартал» деп аталатын мөлтек ауданынан өтіп бара жатқанымда бір жігіт жол жиегінен қол көтерді. Аққұба өңді, кең маңдайлы, ажары келіскен-ақ жігіт. Қолында домбырасы бар. Өнер адамы екені білініп тұрды. Маңына келіп тоқтай қалдым. «Аға, «Кооператор» тойханасына апарып тастайсыз ба?» деп сұрады да, мен бас изегенше көліктің жанымдағы орындығына келіп отырып та үлгерді. Әп дегенше баратын жеріне апарып салдым. Ол қалтасынан екі жүз теңгелік шығарып, рақметін айтып ұсынып жатыр. «Ау, інім, сен ойлағандай мен такси емеспін. Ақшаңды қалтаңа салып қой» дедім. Ол бетіме таңдана қарап: «Азсынып тұрсыз ба?» деді. «Жоқ, айттым ғой, мен такси емеспін» дедім де жөніме жүріп кеттім. Бұл жігіт кейін білгенімдей Дархан Оразымбетов болатын.
Бір қызығы, арада 3-4 күндей уақыт өткен соң, келе жатсам, тағы сол жігіт жолда қол көтеріп тұр. Тоқтап мінгізіп алдым да, өзі айтқан бір тойханаға жеткізіп тастадым. Бұл жолы да ақша ұсынған, алған жоқпын. Сонымен не керек жұмысым теміржолда болғандықтан, «Бесінші квартал» маңынан жиі өтемін. Кейде өткенде кездесіп, баратын жеріне жеткізіп салып жүрдім. Біршама жүз таныс та болып қалдық.
Енді бірде Сексеуілден шығып, Қазалыға қайтып келе жатқанмын. Түнгі бір жарымның шамасында Арал қаласының маңындағы МАИ бекетінен өте бергенімде бір жігіт жүгіріп шығып қол көтерді. Майда жауын себелеп жауып тұрған. Өтіңкіреп барып тоқтап қарасам, баяғы Дархан екен. Өзі де мені көріп еріксіз күліп жіберді. «Ой, аға, сізге Қазалыда жүрсем де кездесем, дүзде жүрсем де, кездесемін. Аяғында айдалада жүрсем де алдымнан шыға келдіңіз» деп қуанғандай сыңай танытып жатыр. Тойдан шыққаны көрініп тұрды. Ақ жүзі албырап кетіпті. Қасында бір жігіт бар екен, оны «Дін деген сазгер інім Шораев» деп таныстырды. Содан Қазалыға жетемін дегенше осы жолы бір-бірімізден жөн сұрасып, жақын таныстық. «Аға» деп құшақтап та қояды. Қолындағы домбырасын алып, өзінің әдемі дауысымен термелетіп, әндетіп отырды. Түнгі екіден ауа Дарханды тұрып жатқан пәтеріне апарып тастадым. Көліктен түсіп жатып телефонымды сұрап жазып алды да: «Аға, бір кездестік, екі кездестік, алдымнан үнемі жарқырап шыға бердіңіз. Енді хабарласып тұрайық» деді. Айтқандай-ақ мезгіл-мезгіл өзі телефон шалып, амандық-саулық сұрап тұрды. Ақын жігіт емес пе, кейде хабарлама арқылы өз көңілінің ризашылығын, құрметін білдіріп, бір-жар шумақ өлеңдер де жазып тұрды.
Бірде қолында домбырасы бар көшеде кетіп бара жатқан Дарханды көріп, үйге алып келдім. Үйдегі жеңгесімен таныстырдым. Осыдан кейін ол үйге жиі келіп тұрды. Сосын көшеден алып келгенім азаматтығыма сын болар деп, әдейі шақырып шай бердім. Әйел, бала-шағасымен келді. Осылайша араласып-құраласып жүре бердік.
Бір күні ақпан айының іші болуы керек, той-домалақтың азайып, асабалардың қолы бос болатын кезі ғой, оның Шәкен Айманов көшесіндегі тұрып жатқан жалдамалы пәтеріне барсам, бір әйелдің шәңкілдеп ұрысып жатқан дауысын естіп тұрып қалыппын. «Әй, бала, міне үш ай болды пәтерақыңды төлеу ойыңда жоқ. Қашан бересің? Бермейтін болсаң пәтерді дереу босат» деп айқайлап жатыр екен. Мен сыртта еріксіз тыңдап тұрдым. Күшіне мінген әйел жүдә үдетіп барады. Дархан да тентектеу жігіт қой, дегенмен қарыз болып қалғасын ба дауысы бәсең шығып: «Ертең бір тойға бармақшымын, апа. Содан түскен ақшадан құтыламын» деп бүгежектеп жатыр. Бұдан әрі шыдамадым. Есікті ашып кіріп бардым да:
– Апа, соншама не болды? – дедім.
Әлгі әйел: «Сен кімсің?» деп маған ежірейді. Дархан: «Ағам ғой» деп еді қабағынан қар жауып тұрған қатулы әйел менің бетім қарап-қарап тұрып:
– Ағаңның да беті жылтырап алып, тап өзіңнен айнымай қалыпты… – демесі бар ма.
– Не деп тұрсыз сіз? – деп оған қарсыласа кеттім де: – Қанша қарыз? – деп сұрадым.
– Жиырма төрт мың, – деді ол нықтап.
Қалтамнан ол айтқан сомадағы ақшасын алып қолына салдым, үстіне тағы сонша қосып бердім де:
– Үш айға дейін інімнің мазасын алма! Үйден шығыңыз! – деп батылдана дауыс көтердім. – Ақшасын төлеп тұрмын, үй үш айға дейін біздікі, – деп сыртқа шығарып жібердім.
Содан бір қызарып, бір бозарған Дархан демін бір алып: «Уһ, аға, мені бір құтқардың» деп енді-енді жайлана бастады.
Осы бір жай есімнен көпке дейін кетпей жүрді. «Қаратау кейде қарлы, кейде қарсыз, ер жігіт кейде малды, кейде малсыз» демей ме, ел таныған өнерпаз інімнің үйсіз-күйсіз жүргені менің де жаныма кәдімгідей бататын. Сірә, әлгі оқиғадан кейін бір жылдан соң бір күні Дарханға: «Ау, інім-ау, бір үй салайық та» деп ұсыныс тастадым. Бұл сөзіме Дархан: «Аға, менде үй салатын ағаш түгілі тіс шұқитын ағаш та жоқ. Қолымда бір домбырам мен бір баяным ғана бар. Бір тоқ шәйнегім мен бес кесем бар. Үйді қалай саламын?» деп шоршып түсті. «Өй, құдай жеткерер, не болғанда да талап қылып үй салайық» деп оны бір көндіргендей болдым.
Енді қарасам, тек бойындағы өнерінен басқа, айтатын ән-термесінен басқа қолынан ештеңе келмейтін Дарханым үшін үй салу қиямет-қайым көрінетін түрі бар. Амал жоқ, белді буып өзіме жүгіруге тура келді. Жергілікті жердің адамымын, жора-жолдасым баршылық, сыйласып жүрген қызметтегі азаматтарым бар, аз уақытта сәтін салып жер де алдық, құрылыс материалдары да рет-ретімен табылып жатты. Ара-арасында бір құжаттарға қол қою керек болғанда, айта қалсам Дархан: «Аға, мен есік жағалаудан жек көретін нәрсем жоқ еді» деп бетінен басады. Бұл жағының да жолын тауып, ретін келтірдік.
Сонымен үйдің төрт қабырғасы көтеріліп, тұрғызылды. Төбесіне тышқақ лайын да құйылып қойылған. Сол кезде мен іссапармен Алматыға кетіп қалғанмын. Бір күні Дархан: «Аға, жаңбыр жауатын түрі бар, тышқақ лайымыз ағып кететін түрі бар» деп звондап тұр. Содан Қазалыдағы Халық деген құрылыс материалдарын сататын жігітке жағдай айтып шифр мен страфиль бергізетін болдым. Барған соң есептесемін дедім. Төрт-бес күннен кейін Дархан: «Аға, төбені қатырып жауып алдым, бірақ жауын жауған жоқ» деп қарап тұр.
Сол үй Дарханға құтты шаңырақ болды. Осындай өнер адамына қиналғанда қолғабыс бергенімді ризашылықпен еске алып отырамын. Дархандай дара жігіттің әрі қарайғы шығармашылығының жайлы жерде туындайтынына іштей қуанып та жүрдім.
Өмір табыстырған Дархан екеуіміз ағалы-інілідей болып кеттік. Іні болғанда да Дарханның еркелігі ерекше еді ғой. Кейде қанасынан асып та кетіп жатады. Кейде шектен шығып кетіп те жатады. Екеуара түсіністігіміз жақсы болғандықтан да, әрқашан кешіріммен қарап отырдым. Біздің үйдің бір баласындай болып жеңгесіне де қатты еркелейді. Жақсы бір қасиеті, мені аға деп, келіншегім Нәйләні жеңге деп жік жаппар болып жүреді. Екі ұлым Руслан мен Жасұланды өз інісіндей, жалғыз қызым Ақгүлді өз қарындасындай жақсы көретін. Екі ұлымды құшағына алып, бауырына қысып, оларға да мейірімін төгіп жүретін. Алда үлкен жоспарларымыз да болатын. Көбінің іске аспай қалғаны жаныма батады. Дархан тым-тым мезгілсіз кетіп қалды ғой… Тірі болғанда ән мен жырдың шашуын өз жұртына көп сыйлайтындай-ақ еді…».
Жаңалықтың жанындай жақсы көріп өткен інісі Дархан туралы әңгімесі үлкен ой салды. Қарапайым қазақ жігітінің қиын күн кешіп жүрген талантты жігітке аға бола отырып, соншама қамқорлық көрсетуі шындығында да жүрек тебірентеді. Дархан да ағасының ерекше болмыс-бітімін, дара мінезін, адамгершілік асыл қасиеттерін даралай білген болар, содан келіп сазгер жүрегінен сол сезімдер «Менің Ағам керемет» болып төгілген сыңайлы.
Өңірімізге белгілі жыршы-термеші Бақберген Шаниязов осы бір сәт туралы: «Қазалыда жүргенмін. Қазалыға барсам, әрине досым Дарханды тауып аламын. Сол жолы Дархан: «Бақберген, менің ағам Жаңалықты білесің ғой. Туған күні. Соған барайық. Мен бір ән арнадым. Екеулеп айтайық» деген соң Жаңалық ағаның үйіне бардық. Ұмытпасам 2012 жылдың 16 шілдесі болатын. Жаны жайсаң, қолы ашық, мырза көңіл Жаңалық ағаны жақсы білемін, біз барған сайын қолұшын беріп, сөз көмегін де беріп, өзі күтіп алып, шығарып салып, ағыл-тегіл мол дастарқанында қонақ етіп жіберетін.
Ағаның туған күні өтіп жатқан. Достары, әріптестері Дархан баянмен, мен домбырамен «Менің Ағам керемет» әнін шабыттана, шалқыта шырқап қоя бердік. Қонақтар да дән риза болып қалды. Ал Жаңалық ағамыздың қуанышы өз алдына бір бөлек. Айта кететін жәй жеңгеміз Нәйлә Әбдімұратқызы да ағамызға сайына-сай жан еді. Кейін Дархан осы жаны шуақты жеңгесіне «Асыл жеңгем» деп те ән шығарды. Бұл әндер Дарханның «Ана», «Құдаларым-ай», «Әке», «Келіншек келді», «Құда бала, құдаша», «Тойбастар», «Нағашыларым» және тағы басқа әндерімен бірге бүкіл қазақ елінің сахналарында шырқалып келеді» деп еске алды. Міне, «Менің ағам керемет» әнінің тұсаукесері абзал азамат Жаңалық Бөлекбаевтың шаңырағында өтіпті. Аға-іні боп сыйласқан екеуінің жарасымды өмірлерінің айшығындай естелік болыпты.
Көріп жүргеніміздей өнер адамында алдыңғы өмірді болжайтындай да бір қасиеттер болады ғой. Жаңалықты аға тұтқан Дархан оның қызы Ақгүлді «Бір түйір қарындасым» деп сүйсіне айтып отырады екен. Бірде бір әнді ағасына айтып берген Дархан: «Аға, қыз жатжұрттық бала ғой, осы әнді кейін Ақгүлді ұзатқанда өзім айтармын, не өзіңіз айтарсыз» деп аманаттаған екен. Аузына Алла салды ма, шынымен де ол күнге өзі жете алмай кетіпті.
Өзі «Керемет Ағам» деп аспанға көтерген, алабөтен асқақтатқан Дархан Жаңалық ағасына көптеген өлең жазған екен. Сол өлеңдер қолымда отыр. Бір таң қалғаным сол өлеңдердің бәрінде де «Аға» деген сөзді үнемі бас әріппен жазыпты. Жұмыс бабымен Жаңалық 2013 жылы Алматыға кеткен бір сапарында оны қатты сағынған Дархан қайта-қайта телефон шалып: «Аға, қашан қайтасың?» деп балаша еркелей сұрай беріпті де:
Аңсап тұрам Ағамды, іздеп тұрам,
Мен демеймін, көпшілік біз деп тұрам.
Кейде қыс боп бұрқанған тік мінезің,
Жеміс-жидек науқаны – күз деп тұрам.
Іздеп тұрам Ағамды, аңсап тұрам,
Қашан барып жеткенше шаршап тұрам.
Қуат алам, күш алам тек Ағамнан,
Ол жоқ жерде қарт тектес қаусап тұрам.
Аңсап іздеп сағындым Ағамды мен,
Ол кісіні бүкпесіз адал білем.
Жағдайсыз бір сорлымын ол жоқ жерде,
Бұза алмаймын Ағамсыз қамалды мен.
Сағынып, аңсап жүрмін жан Ағамды,
Соқтырған сол жаныма самалымды.
Қай жағдайда кім көрген үлкенісіз,
Өз қолымен жыртығын жамағанды.
Сыйлап өтем, жан Аға, сыйлап қана,
Мен емеспін бақытын қимақ бала.
Әрқашанда қуанышыңды көрейін тек,
Жақсылықтарыңды жинап қана, – деп жүрегі елжірей сезімге толы мөлдіреген өлең шумақтарын төгілтіп жіберген екен. Осынау өлеңдерді қайта-қайта оқи отырып, нәзік жанды ақын-сазгердің ішкі жан дүниесіндегі арпалысты сезгендей болдық. Ағам деп отырған Жаңалыққа бауыр басқандығы сондай бір-жар күн көрмесе мұқап қалатынын білдік. Тек Ағасының қасында ғана өзін нағыз шабыттың шаңқанбозы ретінде сезінетіні көрінеді.
Ал бүгінде қазалылық азамат Жаңалық Бөлекбаев: «Шыным сол, інімді қатты сағынамын. Кейде оңашада көзіме жас та оралады» деп қимастықпен еске алады. Сондай сәтерде ол әрине «Менің Ағам керемет» әнін тыңдап көңілі жайланатын-ақ болар… Тәңір тау суындай тасытып талант берген өнерпаз Дархан мен жазира даладай жүрегі кең жайсаң Жаңалықтың тоғысқан тағдырынан туған әсем ән мен жыр жауһарлары әлі талай-талай жүрекерге нұр сеуіп, жаңа ғасырларға жете берері сөзсіз.
Ерғали Абдулла,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!