Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылорда: Биыл 18 мыңға жуық бала 1-сыныпқа барады

28.07.2022, 10:45 492

HALYQLINE.KZ Облыс бойынша 2022-2023 жаңа оқу жылында 1 сыныпқа 18 мыңға жуық бала қабылданады деп күтілуде. Осыған сәйкес аймақта 4 350 орынға арналған 9 мектептің құрылысы жүргізілуде.

Бұл білім ордалары жаңа оқу жылына орай пайдалануға берілмек. Ал өңірде мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының үлесі 73 пайызды құрайды. Аталған ұйымдар өткен жылдан бастап мемлекеттік тапсырыс негізінде меншік нысанына қарамастан жан басына қаржыландыру әдістемесі бойынша бірдей көлемде қаржыландырылуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бағдат Бердаулетов хабарлады.

– Мектепке дейінгі ұйымдарда білім беру ісін жаңа сапалық деңгейге көтеру міндеті бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Бүгінде өңірдегі 439 жекеменшік балабақшада 29 868 бала тәрбиеленуде. Аталған ұйымдардың 52 пайызы ауылдық жерде орналасса, 48 пайызы қалалық және аудан орталықтарында жұмыс істеуде. Жоғарыда аталған сандық мәліметтерден-ақ облыстағы 1-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі ұйыммен қамтуда жекеменшік балабақшалардың үлесінің айтарлықтай екендігін көруге болады. Биыл бір балаға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемі қалалық жерде 9 сағаттық топтар үшін – 47,4 мың теңге төленеді. Сонымен қатар жаңа оқу жылында облыстағы 311 мектепте 180 мыңнан астам оқушы білім алады деп жоспарлануда. Оқушылар саны өткен жылмен салыстырғанда 4 087-ге артатын болады, – деді облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Б.Бердаулетов.

Брифинг барысында облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ғалия Дәулетова мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын лицензиялауға байланысты бірқатар мәселелерді түсіндірді. Айтуынша, лицензия алу кезінде мектепке дейінгі ұйымдар мемлекеттік, сондай-ақ жеке меншік ұйымдар үшін бірыңғай ең төменгі біліктілік талаптарына сәйкестігін растауы тиіс.

Оқу-ағарту министрлігі мектепке дейінгі ұйымдарда лицензиялауды енгізу бойынша тиісті жұмыстарды бастады. Ең алдымен заңнамада белгіленген тәртіппен енгізілетін лицензиялаудың талаптарына талдау жүргізіледі, содан кейін тиісті заң жобасы әзірленеді. Яғни, лицензиялауға қойылатын бастапқы талаптар нарықтың нақты шарттары мен мүмкіндіктерін ескеретін болады. Қазіргі уақытта басты мәселе – мектепке дейінгі білім беру сапасы. Әрине, лицензиялау сапаны қамтамасыз етудің жалғыз жолы емес. Министрлік сапаны қамтамасыз ету бойынша бірқатар шаралар кешенін қабылдауда және лицензиялау – сол шаралардың бірі. Қазіргі таңда мектепке дейінгі білім беруді кезең-кезеңімен лицензиялау жоспарлануда.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: