Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Еңбекқор жастар – егіс даласында

22.07.2022, 18:12 436

Қазақ ықылым заманнан егін және мал шаруашылығымен айналысып, тіршілік еткен. Бұл үрдіс күні бүгінге дейін жалғасын тауып келеді. Көктем басталса иығынан кетпені түспей, қарық жағалаған қоғамның бар тілегі – бейнеттің зейнетін көріп, мол өнім алу.  Жаз бен күз айларында шетелге экспортталатын өнімдердің басым көпшілігі егіс дақылдары мен бақша өнімдері екені түсінікті. Өйткені елімізде ауыл шаруашылығымен айналысатын мамандардың осы шақта егіні  пісіп, диқаншылардың жұмысы қыза түседі. Мұндай шаруадан Қызылорда облысы да кенде емес, тұрғындары бейнетшіл, жастары еңбекқор.

Биыл аймақта 188,6 мың гектар жерге егін егілді. Соның 91,7 мың гектарына дәнді дақыл, 5,9 мың гектарына майлы дақыл, 71,3 мың гектарына мал азықтық дақылдары егілсе, картоп, көкөніс, бақша өнімдері 19,6 мың гектар аумақты алып отыр. Су тапшылығының әсерінен  негізгі дақыл – күріштің көлемі 78,6 мың гектар болып, өткен жылмен салыстырғанда 5 мың гектарға қысқарып қалған. Дегенмен күріштің оңтайландырылған көлемінің орнына суды аз қажет ететін әртараптандыру бағытындағы күріштен басқа дәнді дақылдармен қатар, картоп, көкөніс, бақша және малазықтық дақылдарды орналастыру туралы шешім қабылданып, өткен жылмен салыстырғанда бұл дақылдардың көлемі 6,2 мың гектарға артық орналастырылған. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы баспасөз қызметі мәлімдеді.

         Егін – берекелі жұмыс. Десе де машақаты көп. Мұндай іс ауыл адамдары үшін үйреншікті шаруа болып кеткен. Бұл сөзіміздің дәлелі Сырдария ауданына қарасты Айдарлы ауылының биылғы егін жұмысына жастардың белсене араласқаны болып отыр. Өңірлік коммуникациялар қызметі мен облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының ұйымдастырған баспасөз турында  жаста болса бас болған азаматтардың жұмысын көріп қайттық.

Жалпы аудан бойынша 33,098 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырған. Оның ішінде негізгі дақыл – күріштің көлемі 20728гектар, жаздық бидай 2119 гектармақсары 359 гектар, күнбағыс 2 гектар, қант құмайы 20 гектар, сүрлемдік жүгері 42 гектар, жаңа жоңышқа 2113 гектар, ескі жоңышқа 6696 гектар және картоп, көкөніс, бақша 1019 гектарды құрайды. Ал Айдарлы ауылында 83 гектар жер тұрғындарға беріліп, 117 отбасы қысқы зейнетті егін пайдасынан көрмек ниетте. Бұл жайында Айдарлы ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Ережеп Есенгелді баяндап берді.

  • Ауыл шаруашылығы бойынша бақша дақылдары 62 гектар, картоп 17 гектар және 4 гектарға көкөніс егілді. Аудан басшысының тапсырмасына сәйкес, қосымша жер дайындалып, ауылдағы жұмыссыз жүрген жастардың басын қосып, 10 гектар жер егін егуге берілді.  Оның бес гектары картоп, қалған бес гектары бақша өнімдеріне тиесілі, – деді Е.Есенгелді.  

Ауылдан бес шақырымды артқа тастап, топтасқан жігіттердің егін алқабына табан тіредік.  Су тапшылығының алдын алу мақсатымен жергілікті әкімшілік тарапынан «Алтай» насос қондырғысы беріліп, осы арқылы егінжайды суарып жатқан сәтіне куә болдық. Қос қолдың арқасында он гектарды жасыл желекке айналдырған жастар бригадасының жетекшісі Зейнулла Жүсіп биыл егіннің бітік шыққанын айтып, нәтижесі жақсы болатынын жеткізді.

  • Айдарлы ауылы тұрғындарының көпшілігі егінмен айналысады. Солардың ішінде биыл 10 жас бірігіп, 10 гектар жерге егін ектік. Еңбек етіп жүрген азаматтардың барлығы осы жұмыстың арқасында отбасын асырап, қысқа дайындығын қазірден бастап жатыр. Бұл өнімдерді тиімді бағада ауыл тұрғындарына сатып, жәрмеңкелерге апарамыз деген ниеттеміз, – дейді З.Жүсіп.

Оның айтуынша, егінмен айналысу – нағыз ауыл өмірін суреттеп ғана қоймай, адамды еңбекке баулиды. Мұндай жағдай тек Айдарлы ауылында емес, ауданға қарасты барлық дерлік ауылдың негізгі кәсібі. Себебі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында және тұрғындардың өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерімен қамсыздандыру үшін шаруашылық құрылымдары тарапынан егіс алқабынан 210 гектар қосымша жер ашылып, 1400 отбасыға бөліп берілген. Оның 90 гектарына картоп, 20 гектарына көкөніс, 100 гектарына бақша дақылдары егілді.

Қазіргі басты жұмыс – осы. Енді күз мезгілінде еңбектің нанын жеп, көл-көсір өнім қуаныш алып келерін күтеміз. Ол үшін ағын су арқырап ағып тұрса болғаны…

Ердәулет СӘРСЕНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: