Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бес елдің басшысы неге бас қосты?

21.07.2022, 15:10 665

HALYQLINE.KZ

Бүгін Қырғызстанда Орталық Азия басшыларының кездесуі өтіп жатыр. Екінші күн. Кеше қазақ, қырғыз, өзбек басшылары бас қосып, бейресми форматта кездескен болатын. Шай басында, дастарқан үстінде біраз дүние талқыланғаны анық. Көп келісім мен мәселе негізі сондай бейресми форматта шешіледі.

Бүгін бес ел басшысы ресми кездесуде. Бұл Орталық Азия басшылары арасындағы алғашқы кездесу емес. Өткен жылы Түркіменстанда болған еді. Яғни бірнеше мәрте ұйымдастырылған, жүйесі қалыптасқан деуге болады. Сонымен бүгін не айтылды?

Ең бірінші мәселе шекараны бөлу болды. Оны Тоқаев көтеріп, Орталық Азияда шекара мәселесін реттеу бойынша мәселесі жоқ ел ретінде делимитация өткізу бойынша Қазақстан өз көмегін ұсынатынын, арнайы жүйе құру керектігін айтты. Расымен соңғы жылдары қырғыз-тәжік, қырғыз-өзбек, тәжік-өзбек арасындағы шекара мәселесі ушықты. Өткен жылы тіпті қырғыз бен тәжік қырқысып, соғысқа ұласа жаздады. Кеңес Одағы тастап кеткен анклавтар Орталық Азияның тыныштығын қашырып тұр. Егер үш ел шекара мәселесін шеше алмаса, соңы қарулы қақтығыс болады. Ол Орталық Азиядағы кез келген экономикалық, мәдени жетістікті нөлге теңестірмек. Сондықтан бұл маңызды мәселе.

Екінші өткір мәселе ретінде су ресурстарын бөлісу және мұздықтарды сақтау жайлы айтылды. Бұл Қазақстан үшін маңызды. Жазда ауыл шаруашылығына су жетіспейтін, ал қыста керісінше бізге қарай су көзін ашып жіберетін сәттер жиі кездесетін. Орталық Азия бойынша Қырғызстан мен Тәжікстан су көзіне бай, ал қалған үш ел осы елдерден бастауын алатын трансшекаралық су көздеріне тәуелді. Сондықтан бұл ресурсты бір-біріне қысым жасау рычагы ретінде қолданбай, өзара тиімді бөлісу механизмін қарастыру керектігі айтылды.

Мұздықтардың жылдам еруі де басты тақырыптың бірі болды. Орталық Азия әлем бойынша климаты ең жылдам жылып жатқан аймаққа жатады. Ғасыр соңында тіпті температура ОА елдерінде 6 градусқа дейін көтерілуі мүмкін, бұл – өзге аймақтармен салыстырғанда екі есе жоғары деген сөз. Жай сөз емес, халықаралық табиғатты қорғау ұйымдары солай дейді. Демек мұздықтардың еруі де өзге аймақтармен салыстырғанда екі есе жылдам болмақ. Сондықтан мұздықтарды бірлесе қорғау және сақтау жайлы айтылды. Қазақстанда президенттің айтуы бойынша 2724 мұздық бар. Оның ішінде ең үлкені Тұйықсу мұздығы, оның өзі 38 жылда 1 шақырымға дейін кішірейіпті. Осының өзі мәселенің қандай өткір екенін көрсетіп тұр.

Әлемдегі геосаяси жағдайдың ушығуы жаңа транзиттік бағыттарды іздеуге мәжбүр етуде. Сондықтан Қазақстан жаңа бағыттарды тағы бір мәрте ұсынды. Мысалы «Қазақстан-Түркіменстан-Иран» теміржолы іске қосылғанын айтты. Жақында ғана осы бағыт бойынша Түркияға дейін тауар жөнелтілгенін тілге тиек етіп, жобаға барлық ОА елдерінің қатысу мүмкіндігін келтірді. Сонымен бірге «Мазари-Шариф-Кабул-Пешевар» теміржол бағытын салуға Қазақстан атсалысуға дайын, ол үшін теміржол құрылысына қажетті материалдар мен вагондар беруге әзір. Бұл –  маңызды бағыт. Егер Ауғанстанда тұрақтылық орнаса, осы бағыт арқылы экономиканың бір күретамыры іске қосылар еді. Транскаспий бағытын тиімді қолдануға болатыны да айтылды. Назар аудартын болсақ, бұл бағыттардың барлығы да Ресей аумағынан тыс жатыр және ОА елдері Ресей аумағымен өтетін бағыттың бәрі саяси рычагқа айналатынын жақсы түсінген.

Одан бөлек тауар айналымын арттыру, Тәжікстанда астық терминалын салу, шекарадағы кедергілерді азайту, Арал мәселесін шешу және т.б. талқыланды. ОА елдері арасындағы тығыз саяси-экономикалық қатынас жыл өткен саяси дамығаны дұрыс.

Асхат  ҚАСЕНҒАЛИ,

саясаттанушы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: