Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сенімге серпін берген үндеу

09.04.2020, 11:32 494

Әдеттегідей өзінің мол тәжірибесі мен ақыл-кеңесін еліне арнаған Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың кешегі үндеуі көп адамға ой салды. Соның ішінде маған да. Мойындау керек, қазіргі бұлаңдаған түлкідей бұлдыраған заманда Мұқағали айтпақшы «Қариялар азайып бара жатыр». Шалдар жетерлік, әйткенмен ақылымен асқан абзал ақсақал, қадірлі тасқан қария жоқтың қасы. Елбасымыз өзінің «Ұлы дала ұлағаттары» кітабында: «Қарттықтың қадірлісі – озық дәстүрлерді, халықтың бірлігі мен ынтымағын сақтауға өзіндік үлес қосу» деп тамаша айтқан. Бүгінгі Үндеуінде де осы сөздерін өзі дәлелдеп тұрғандай. «Мен өз сөзімді алдымен аға ұрпақ пен зиялы қауым өкілдеріне арнаймын: халықты ынтымаққа шақырып, жақсылыққа, ізгі амалдар жасауға, саламатты өмір салтын ұстануға үндеңіздер. «Ырыс алды ынтымақ» екенін ұмытпаңыздар» дейді Елбасы.

Мойындау керек, ел басына күн туып, етектен қан кешпесек те ұлт саулығына қауіп төнген қазіргі алаң-елең кезеңде қазыналы қарттардың қолдауы ауадай қажет. «Ұлт денсаулығы мен мемлекет қауіпсіздігі – бір-бірімен етене ұғымдар. Мемлекет бұл қиындықтан шығу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды және тиісті шараның барлығын атқарады. Бірде-бір адам, еліміздің ешбір азаматы қамқорлықсыз қалмайды» деген мейірлі сөздері әрбірімізге жігер сыйлап отыр. «Ауылыңда төбе болса – ерттеулі тұрған атпен тең, ауылыңда қария ұлағатты болса – жазулы тұрған хатпен тең» деген бабалар нақылы осындайда айтылса керек. Одан қалса, «Біз біртұтас елміз, бірлігі бекем жұртпыз. Мен әрқашан халқыммен бірге болғанмын, бұл жолы да Сіздермен біргемін» деген сөздері – шынайы жанашырлықтың, қамқорлықтың көрінісі.

Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы өз үндеуінде жаңа өскін – жас ұрпаққа да келелі сөзін арнады. Тәуелсіздік жылдары дүниеге келген жастар келер жылы орда бұзар отызға толмақ. Осы тәуелсіздік ұрпақтарына зор сеніммен ендігі күш-қайрат жұмсайтын осы жастар екендігін атап өтті. Оларды жамандықтан, жат әдеттен сақтанып, игі істер жасауға шақырды. Сондықтан, Елбасының қиын-қыстау кезеңде жарияланған бұл үндеуі халық үшін зор қолдау, жас буынға, халқына берген ақ батасы деп түсіндік.

Жаратқан елімізді осындай індеттен аман алып шығарына кәміл сенеміз. «Бірлік жоқ жерде – тірлік жоқ». Береке-бірліктің алмайтын қамалы, бағындырмайтын биігі болмайды. Ендеше бірлігімізді бекемдейтін кез жетті.

Әнес Әуезов,

Еңбек ардагері,

Арал қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: