Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қара ағаш түбіндегі оқиға (Хикая-детектив)

09.04.2020, 11:01 1284

Алдажар ӘБІЛОВ

12.  ОҚИҒА  ОРНЫНДА  БОЛҒАНДА

Аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы қызмет­ке түстен кейін келді, беті ісіңкіреген, үстінен өткір әтір иісі аңқыған ол қабылдау бөлмесінде отырған Орынбек, Қазыбек, Асқарды көріп «кабинетке кірейік» дегенді сездіре қолымен белгі берді. Бұл кезде бастықтың басы әңкі-тәңкі болып тұрған, «Осы тергеуші келеді» дегеннен мазасын ала бастаған осындағы әкімдіктегілері, кәсіпкерлері, ардагерлері бар, Ақмешіттен телефондап зіңкілдеп отырған бірнеше лауазымды тұлғалар бар мұны шаршат­қан еді, шаршамағанда қайтеді, олардың айт­қанын істесе – заң бұзылады, қызметіне, келешегіне қауіп төнеді, істемейін десе – аналар да осал жау емес, түрлі бәлені ұйымдастырулары мүмкін, не істерін білмей дал болып отыр еді. «Халық деген қызық қой, бірдеңе болса ішкі істер органдарын кінәлап шыға келеді. Театрдың сайқымазақтарының да шамасы тек бізге жетеді, жемқорлық, анау-мынау деп әжуалап жатқаны, сонда олар погондағы, бас киімдегі елтаңбаны мазақтап тұрғандарын білмегені ме, мемлекеттік рәмізге деген құрметі қайда, оны биліктің көрмей отырғаны ғой соған жол беріп отырған, әлде, олар да оны түсінбей ме екен? Бұл қоғам не болып барады сонда? Ау, бұлар бұй­рыққа бағынады емес пе, бұйрық беретіндер биіктегілер, биліктегілер, ал заңды қада­ғалаушы­ прокурор да, үкім шығарып отырған сот та әп-әдемі адамдар сияқты, қай кезде де олар «судан таза, сүттен ақ», бәленің бәрін көтеріп отырған біздер. Ал соның барлығының басында билік жасап отырғандар, осы елдің жағдайын жасайды деп бекіткен адамдар тұр­ғанын осы жұрт білмейді-ау, сірә. Не істерсің енді?». Оның үстіне кеше түнде Сағадатты тағы да уақытша ұстау абақтысына әкеп қамағанын естіді. «Мұның мына қиқар тергеуші кеп жат­қанда топ ете қалғанын  айтсайшы, бір бәле болып­  кетпе­се  болар  еді».

– Бұл бір таусылмайтын жыр болды-ау. Ананы­  тағы  әкепсіңдер  ғой.

– Иә, Қабеке. Жігіттер алып келіпті.

– Не дейді, жауап алдың ба, бұрынғы құжаттармен  таныстың  ба?

– Таныстым да, жауап та алдым, Әнесұлын өлтіргенін  мойындап  отыр.  Енді жауапты оқиға орнында бекіту үшін тергеу әрекеттерін жүр­гізуді көлікпен қамтамасыз етсеңіз жақсы болар­  еді.

– Ма – ла – дес… Бәріне үлгіріпсің, ә? Өзің демала  алдың  ба?

– Рақмет. Бұл жақта демалмау мүмкін емес ғой.

– Жарайды. Бізде көлік жағы қиындау. Менің «Уазыма» барлығын тиеп алыңдар да, барып қайтыңдар.

– Қабеке, маған көлік кемінде екі күнге және таңертеңнен түске дейін керек болып отыр.

– Паһ деген! Ондай жағдайды мен жасай алмайм­ын, айналайын-ау, бұл сенің қалаң емес, соны  ұққын.

– Қабеке, іс шаткый болып тұр, солай істемесек  болмайды.

– Ертең таңертең көлік өзіме керек, түстен кейін көлік босағасын ертеңгі тергеу әрекетін кешке дейін «қағып тастамайсың» ба?

– Болмайды, Қабеке! Себебі оқиға 1-май ауылының батыс бетінде болғандықтан бейнетаспаның сапасы дұрыс болуы, яғни тергеу әрекеті­нің дұрыс болуы үшін күннің шығу бағытын  ескеруім  керек.

– Бала! Мен де тергеуші болғанмын. Оны маған несіне айтып отырсың?

– Мен сіздің тергеуші болғаныңызды білгесін іс жайын түсінеді деп айтып отырмын. Оған қоса УПК-ның талабы бойынша оқиға болған жерде бірнеше адамның айғақтарын бір уақытта тексеру мен нақтылауға жол берілмейді деп атап көрсетілген.

– УПК-ны біз де білеміз. Сені қиқар деуші еді, тошно солай екенсің ғой. Үлкенге уважение деген болу керек ғой. Менің жасым да, шенім де, органдағы стажым да, қызметім де сенен үлкен  екенін білесің бе?

– Әрине, Қабеке! Осының барлығын сізге деген құрмет болғандықтан баяндап отырмын. Сізге де, маған да тергеудің нәтижелі болғаны керек емес пе? Оның үстіне маған екі күнге кемін­де алты адам керек, олар тергеудің нәтижесін­е мүддесіз болуы қажет және маған 101-мен байланысып отыратын телефон керек.

– Ім – м… Да-а. Жарайды, ертеңгісін ерте келіңдер. Мен жоғары жақпен хабарласайын. Ал, Ертаев сен неғып  жүрсің?

– Қабеке! Сіздің бұйрығыңызды орындау­дамын.

– Ол қандай бұйрық?

Бастықтың көзі шатынап кетті.

– Ақмешіттен келген важняктың қасында бол, көмек көрсет, біздегі тергеушілер бос емес. Өлесің бе, тірілесің бе, білмеймін, соның тапсыр­масын орында деп бұйрық бердіңіз ғой маған.

Бастық бейне қылғынып бара жатқандай галстугін  босатты.

– А?… Қай кезде? Қай жерде?

– Асылбаев осында келген күні, кешкі сағат 10-да «Баршын» кафесіне шақыртып алып, бұйрық бердіңіз ғой, қасыңызда сот төрағасы бар…

Бастықтың сұлқ түскені даусынан да аңғарылғандай.

– Ә-ә… Иә… иә… Дұрыс. Бұйрықты орында!

– Құп болады!

Үшеуі сыртқа шықты. Қазыбек ерекше қуанышты.

– Не болды, Қазеке?

– Ореке, 101-ді айтқаның дұрыс болып кетті, көзі бақырайып, біраз үнсіз қалды ғой. Сосын өсектің пайдасын көргеніме мәз болып келемін, қой, бір рет насыбай атып жібермесем болмас.

– Ол қандай өсек? Қандай пайда?

– Құдай аузыма салды… Мені өлтірсін бе… Сендер «Нұржолға» кеткен түні біздің бастық райсот екеуі «Баршын» кафесіндегі кабинада отырып, біраз сілтепті, соттың шофері бастығын әзер машинаға мінгізіпті дегенді естігем ғой. Мен осы РОВД-ның адамымын, анау тікелей  бастығым, жаңа «Неғып жүрсің?» деген кезде­  «Құрыдым!»  деп  ойладым, содан әлгі өсек есіме түсе кеткені, соны пайдаланып «Өзіңіз  бұйрық  бердіңіз» – деп едім отырды да қалды. Өздерің көрдіңдер ғой. Мені шақырған-шақырмағанын ол тіпті білмейді де екен, қатып кеткен жоқ па, ә, жігіттер?

– Қатқанда қандай…

– Бұл сотыймен жақсы, бірақ ол отпускада. Та-ак, іс әлі екі күнге созылайын деп тұр-ау осы.

Ертеңіне ертемен тергеу әрекеті Сағадаттың айтуымен оқиға болған жерді тексеру арқылы нақтылаудан басталды. 1-май ауылының батысындағы «Түйетам» деп аталатын жерге қарай бес шақырымдай шыққан соң ол «Оқиға ана жерде болды» деп, көз ұшында қарайып көрініп тұрған ағашты көрсетті. Орынбек Сағадат пен куәлер көрсетуіне сай оқиға болған мезгілге дәлме-дәл келу үшін ауық-ауық сағатына қарап қояды. Ағашқа бір шақырымдай қалғанда олар көліктен түсті, Сағадат пен оның қорғаушысы, криминалист, Қазыбек, Нұрлан, Асқар және бүгінгі тергеу әрекетіне куә ретінде қатысушы екі адамды бастап Орынбек оқиға орнына бет алды. Тапсырмаға сай криминалист бұлардың соңынан сол жақ беттен бейнекамераға түсіріп келеді.

– Міндетті түрде қай жағдайда түсіргенде де қара ағаш көрініп тұратын болсын, яғни екі объекті – бірі қара ағаш, екіншісі – Сағадат объективтен тыс қалмауы тиіс.

– Соншама мұқияттамсақ та болады ғой.

Адвокаттың қарлығыңқы дауысы сенімсіздеу  шықты.

– Жоқ! Болмайды! Мұны тергеу тілінде обзор­лы қамту дейді. Бәрі талапқа сай болуы қажет.

Топ ескі канал бөгесіні үстіндегі қара жолға шықты. Сағадат баянын бастады.

«Екеуіміз осы жерде кездестік. Онда ылғи насыбай жүретінін білгесін, осында келгенмін насыбай сұрап». Орынбек оның келуінің себебі басқа екенін білсе де, әңгімені бұзбады. «Екеумі­з насыбай аттық. Ол маған «Күніңді көре алмай жүрсің бе, неге біреуден атқанды пайда көресің?» – деп тиісті. Осыдан ерегіс бастал­ды, не түрлі боғауыз сөздер кетті, тіпті ұстаса бастадық ат үстінде тұрып. Мен осы өңірге белгілі көкпаршы болсам да оны аттан аудара алмадым. Тақымы өте мықты болатын, бұрын қорадан қашқан үш жасар бұқаларды атпен­ қуып жетіп, мүйізінен ұстап, тырп еткізбегенін талай көргенмін. Неге көкпаршы болмад­ы екен деп ойлайтынмын, бір-екі рет сойыстыққа деген өгіздердің қашып ұстатпағанда атпен қатарласа шауып келе жатып, бір қолымен мүйізінен шап беріп ұстап, екінші қолымен үнемі қынында жүретін пышағымен тамақтан шалып жібергенін де көргенмін, өте әбжіл қимылдайтын. Екеуміз айқасып жүргенде ішімнен пышақ шығармаса екен деп тіледім. Ол да іс насырға шабар деп ойламаған шығар пышаққа қол апарған жоқ, мен де бұлай болар деп ойлаған жоқпын. Екеуміз апыр-топыр болып­ аттан құладық, екі ат екі жақта, біз төбелесіп жатырмыз, екеуміздің де ойымыз – тез атқа жетіп, мініп алу. Бір кезде ол қамшымен менің басымнан осып-осып жіберді, мен басым­ды қорғап, қолыммен көлегейлеген кезде­ ол жақын тұрған менің атыма қарай жүгіре жөнелді, мен жолдың келесі бетінде сәл алыстау­ тұрған оның атына қарай жүгірдім. Жүгіріп бара жатып көз тастап ем, киімінің алба-жұлбасы шыққан оған менің атым үркіп, ұстатпай жүр екен. Мен Ордабектің атына жеттім, бұл ылғи малға мініп жүрген жабы болатын, атқа қарғып міндім. Ашу-ызадан көзіме қан толып кетті, тіпті үзеңгіге аяғымның ұшын да ілген жоқпын, пырылдай шапқан ат басын соған бұрдым. Бұл кезде ол да менің атымды ұстап үлгірген екен, бірақ мен оның атқа мінуіне үлгіртпей, айғайды сала шабдардың маңдайынан бір-екі рет тартып-тартып жібердім. Сол кезде барып менде де қамшы бары есіме түсті, «Құдай-ау жаңа неге қолымдағы қамшыны білмегенмін» – деген ой санамды шаншып өтті, онан сайын ашуым қоза түсті. Ат жұлқа тартқанда қолынан шылбыр шығып кетті, ол жерге бір құлап тұрды да каналға­ қарай қаша жөнелді. Мен атпен қуып жеттім, қолымдағы тобылғы сап қамшының өрім жағын қолыма бір орап алдым да, сап жағым­ен бастырмалата басынан тартып-тартып жібердім. Ол басын қорғаштай жоңышқалық орнына қарай қашты, оны қуып келе жатып, шылбырдың бір ұшын ілмектеп күрмедім, кәдімгі бұғалық сияқты болды да шықты, қуып жеткен кезде әлгіні оның мойнына тастап үлгірдім де , ат кеудесімен қағып өттім. Ол тұрамын дегенше шылбырды тақымға басып, оны сүйрете жөнелдім, поляны екі айналып шықтым да каналдың келесі бетіне шауып өтіп, ана ағаштың түбіне тоқтадым. Әрі-бері қарап едім: ол қозғалар емес, каналдан өткен тұстан бастап оның қалтасынан ақша шашылыпты. Мен аттан­ түспестен оның денесінің жанына кел­генде оң жағымнан біреудің қарап тұрғанын сездім. Жалт қарасам Тұрғанбай екен, айғайлап шақырып алдым да: «Неге қарап тұрсың, мойнындағы шылбырды шеш», – дедім. Шылбырды шешіп жатып ол: «Өліп қалыпты», – деді. Өзі қорқып тұр, сөйте тұрып, дүниесі құрғыр-ай жаман ғой, «мына ақшаларды не істейін», – деді. Мен: «Жинап, қалтаңа салып ал», – дедім, ол барлық ақшаны жинап қалтасына салып алды. Төңіректе басқа ешкім жоқ па екен деп ер үсті­нен бой созып ем, ана дөңнің басында тұрған екі баланы көрдім, олардың қой бағып жүрген Мәтеновтің балалары екенін біліп, айғайлап аттың басын солай бұрып ем, олар ары қарай қаша жөнелді. Содан соң түнде келіп мүрдені ескі киізге орап, әріректегі ескі кепеге тықтым. Арада бірнеше күн өткесін, ел болып оны іздеп, таба алмаған соң барып мүрдені әлгі жерден алып  шығып,  далаға  апарып  тастадым».

Қара ағаштың бұл жерге тамыр жайғанына біраз жылдың жүзі болған сияқты, бірнеше жыл бұрын өртенсе керек, төменгі жақ діңі қара күйе. Енді Сағадаттың жауабының растығын тексеру­ және бекіту үшін осы ағашты пайдалану керек. Куәлар да осы ағашты көрсетсе, оқиға орны нақтыланды деген сөз. Оның көрсетуі, баяндауы бейнетаспаға жазылып, оқиға орнының схемасы сызылды, хаттама толтырылды.

Келесі күні дәл сол уақытта осы жерге әкелін­ген Тұрғанбай да, қосымша куәлар Мәтеновтің балалары да Сағадаттың жауабын растап шықты, қылмыстың болған жері, уақыты, жасалу­ әдісі айқындалды. Бұлардың да көр­се­тулері мен баяндаулары бейнетаспаға және хаттамағ­а түсірілді. Келгендер машинаға оралған­  кезде  тағы  да  найзағай  ойнады.

(Басы өткен сандарда. Жалғасы бар.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: