Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Киіктің санын табиғаттың өзі реттеуі керек!

01.07.2022, 17:00 523

HALYQLINE.KZ

Қазір қоғам белсенділері «Орал популяциясына жататын 80 мың киікті атуға рұқсат беріледі. Киік санын реттеуге қатысты шешім биологиялық негіздеме аяқталған соң қабылданған. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев айтты» деген ақпаратқа қарсылық білдіріп, «киіктің киесі ұрып жүрмесін» деп өз ойын ашық білдіруде.

Өте дұрыс! Белсенді азаматтық қоғамның, демократиялық құндылықтың белгісі – бұл. Сондықтан әркім өз аргументін: фактілер, мысалдар, мәлімдемелер, түсініктемелерін қоғам назарына ұсынып, министрдің мәлімдемесі бұрыс екенін дәлелдесін.

Біз Жаңа Қазақстанның сипатын осылай көргіміз келеді. Біздіңше, бұл іске де Президент Қасым-Жомарт Тоқаев араласпай, нүктесі қойылмайтындай.

Жалпы, даланың киесі саналатын киікті атуға біздің де қарсылығымыз бар. Неге? Себебі, біздің санамызға құлдық дерттің енгені соншалықты, біз туған жердің табиғатын аялап, құрметпен қарауды ұмытып кеттік.

Дәл қазір біздің бойымызда «пайдаланып қалу, басып қалу» синдромы басым. Жоғары биліктен ауылдағы әкімге дейінгінің ішкі ойы осыны мақсұттайды (Әрине, көпке топырақ шашпаймыз).

Тендер аясындағы миллиардтардың қолды болуын осыған делел етуге болады.

Ал, 80 мың киікті құрбандыққа шалдық дейік, оны санап, есеп-қисабын шығаратынына халық сенбейді, сенгісі деп келмейді.

Дұрысы табиғи тепе-теңдікті реттеудің басқа жолын іздеген дұрыс. Өйткені адамның араласуымен тепе-теңдік заңдылықтарын реттеу мүмкін емес.

Бірнеше мысал келтірейін.

Қайбір жылы Сырдағы орманшы:

– Ауылда жабайы ара көбейіп кетті. Тоғайға обал болды-ау, – дегені бар ма?

– Тыныштық па? Араның тоғайға не қатысы бар? – деп кері сұрақ қойдық.

– Негізінен ара қызыл мияға ұясын салады. Ұясыз ара, үйсіз адам секілді. Панасыз болғандықтан олар да безіп кетеді.

– Неге бұлай дейсіз?

– Тоғайда мияны тамырымен қопаруда. Браконьерлерді ұстайсыз. Бірақ, одан не пайда? Құзырлы органдардан қоңырау түседі. Амал жоқ, жібересіз! Қазір ұясы оталған аралар ауыл-ауылды аралап жүр. Кеше байқадым қорама аралар ұя салыпты. Тоғай жайлы болса, мұнда келіп несі бар?

– Тоғай мен араның байланысы неде?

– Құдайдың жаратылыс заңдылығын қолмен бұзуға болмайды. Табиғатта бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Мысалы, аралар өсімдіктер алғашқы гүл аша бастағаннан гүлден тозаң мен шырын жинайды. Осылайша оларды будандастырады. Бұл функцияны өзге жарғаққанаттылар атқара алмайды. Тоғайдан араның кетуінен көптеген өсімдік түрлері жойылып кетуі мүмкін. Мәселе, осында… – деп түсіндірді ол.

Орманшы ауылдасым:

– Миядан табыс табуға болатынын білсек, Қытай нарығында мияға сұраныс жоғары болса, неге қолдан мия алқаптарын өсірмеске? Болады ғой! Сонда біздің қолдан тамырымен қопара беру ғана келе ме? Егер мияны өсіруді бизнеске айналдырсақ, табиғатқа зиян тигізбеуші едік.

Не болса да, табиғаттың тепе-теңдігін бұзбаушы едік! – деген еді.

Орманшының ақылы жеткенді біздің басшылар ойлана бермейтіні қынжылтады.

***

Осы әңгімеден кейін Нельсонның айтқаны ойыма келді.

Алматы қаласында өтетін Еуразиялық медиа форумға бір қатысқанымда News-Decoder білім беру сервисінің негізін қалаушы Нельсон Грейвстің (Франция) «Экологиялық журналистика» тақырыбындағы дәрісі қызықтырды.

Ол АҚШ-тағы бір паркке (атауы есте қалмапты) бұғылар жіберілгенін, ауа райы жайлы, шөбі шүйгін арнайы аймақта бірнеше жылда тез көбейгенін айтты.

2010 жылы 32 010 басқа жетіпті. Бұғы санының күрт артуы табиғи тепе-теңдік заңдылығын бұзады. Қалай? Бұған бұғының қандай қатысы бар? Тағы басқа осы сынды сұрақтар туындайтыны анық…

Себебі, парк бақа-шаян, құрт-құмырсқа және сан түрлі құстарымен ерекшеленеді екен. Бірақ, түз жануарының күрт көбейу салдарынан шөптің кейбір түрлері жойылып, өзеннің су тартылады. Бұл жәндіктерге де әсер етеді. Құстар өздеріне қажетті қорек түрлері азайғандықтан басқа жақтарға кете бастайды.

Содан америкалық ғалымдар арасында ұлттық парктегі бұғыларды атып, санын азайтуды ұсынады. Бұған келіспейтін екінші тарап өз ұсынысын алға тартады. Не керек, ұзаққа созылған айтыс-тартыстан кейін паркке қасқыр жіберіледі.

Түз тағысы парктегі ақсақ-тоқсақ, кәрілерін жеп, аз уақытта бұғының санын азайтады. Соның нәтежесінде өзеннің деңгейі қалпына келіп, бақа-шаян мен құстар да келеді. Құстар мен жәндіктердің келуімен шөптердің көп түрі қайта шыға бастайды.

Міне, өркениетті қоғамда табиғи тепе-теңдікті осылай реттейді.

Біз шетелдік таңсық тәжірибелерді енгізуде жан салмаймыз. Бірақ, ең қажеттісін алсақ қой, қанеки!

Ойлану керек!

80 мың киікті атамыз деп популяциясын жойып жіберсек, жауапкершілікті мойнына алатын тұлға бар ма?

Қысқасы, киіктің санын табиғаттың өзі реттеуі керек…

Нұрлат  БАЙГЕНЖЕ,

журналист

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: