Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қақ жарылған қоғамның құрылтайы

23.06.2022, 12:00 350

Жалпы біздің қоғамға жетіспейтін бір нәрсе бар: оның аты, саясаттандырсақ – центризм. Бір оқиға болса, не оны жер-көкке жеткізбей мақтаймыз, не түкке жарамсыз етіп, тас-талқанын шығарып, даттаймыз.

Меніңше, философтар айтқандай, ақиқат екі кереғар пікірдің қақ ортасында жатыр.

Кеше ғана ұлт ұясы – Ұлытауда Ұлттық құрылтай өтті. Оның жұмысына баға беруде ел-жұрт тағы да қақ жарылды. Мен болсам, жоғарыда айтқан центристік тұрғыдан  баға  беріп  көрейін.

Президент халықтың тағдырына алаң­даған қауымды (оның ішінде шынымен де елге еңбегі сіңген, сыйлы-құрметті азаматтар бар) бір жерге жинап, «ақылдасайық, менің ойым мынадай, сіздер осы туралы не ойлайсыздар?» деп жатса, несі жаман, несі  айып?

«Бәрі салыстырумен танылады» дейді білгіштер: Назарбаевтың тұсында осындай Құрылтай болған жоқ қой. Әйтпесе, әр патшаның тұсында бір… құрылтай болмас па еді? Олай болса, президенттің осы бастамасын неге қолдамасқа? Неге ол қойған ұсыныстарға қатысты пікір білдірмеске?

Әгәрәки, ол кісі осы істі қолға алмаса, не істер едік? Әдеттегідей, жайлы диванда жатып алып, «неге осындай жиын өткізбейді?» деп сынап-мінер ме едік?

Мен де ҰҚ қарсаңында осы тақылеттес ой білдіріп, Ұлттық құрылтай идеясын қолдап, мақала  жазған  едім.

Жиында президент ел бірлігі, ішкі және сыртқы қауіптер хақында жақсы айтты. Қоғамды мазалап жүрген біраз мәселені көтер­ді, оларға қатысты өз көзқарасын білдірді. Мойындау керек, «еститін мемлекет» қағидаты біртіндеп қолға алына бастаған секілді. Оған  да  шүкір.

Ал Құрылтайға қатысушылардың сөзін ести алмадық. Сондықтан оларға баға бере алмаймын. Алайда, Құрылтай жұмысына қатыс­ты бірді-екілі ескертпе мен ұсыныс та жоқ  емес.

Менің пайымдауымша, Құрылтай деген бірегей құбылыс, өне-бойына қоғамдық ой-пікірдің барша палитрасын сыйдыра алатын, әртүрлі көзқарас иелерінің басын бір жерде қосатын  форум  емес  пе  еді?

Мәселен, бұл жиынға басқалармен бірге, ел ішінде оппозиция деп танылып жүрген ұйым­дар мен тұлғаларды да шақыру керек еді. Бұл  жолы  оларды  көре  алмадық.

Бәлкім, олар ащылау сөйлер ме еді? Бәлкім, президент пен оның айналасына ұнамайтын пікір айтар ма еді? Бәлкім, Қаңтар қанды қырғыны жайындағы ресми ақпаратқа сәйкес келмейтін жайттар, саяси тұтқындар мен саяси реформа туралы қаттырақ айтар ма еді? Айтсын! Онда тұрған не бар?

Мұндай әрекет кеше ғана билік партиясы қатарынан шыққан президентке де жарасар еді. Ол өзін елдегі барлық саяси күштерден тыс әрі бәріне бірдей қарайтынын да сездіріп қоятын  еді  ғой.

Президенттің өзі «әртүрлі көзқарас – бір ұлт» деген ұстанымды насихаттап жатқан жоқ па? Және де оппозицияның не сын айтып  жатқанын, оған не деп жауап беру керек екенін, президент  білетін  де  болар (ондай өткір сұрақтарға басқа жерлерде жауап та беріп  жүр).

Егер де Құрылтай барысында мейлінше ашық та бүкпесіз әңгіме, жанды талқылау, керек десеңіз, бір-біріне кереғар ұстаным­дардың табиғи тайталасы болғанда, жаңадан қолға  алынып жатқан құрылымның ел алдын­дағы  абырой-беделі мүлдем өзгеше  болар  еді.

Ең қызығы – оппозицияның ішінде де Тоқаевтың кейбір бастамаларын қолдап, мемлекет Тәуелсіздігі, жер тұтас­тығы, ел тұрақтылығы  туралы тезистеріне түсі­ністікпен қарап  жүрген, жоғарыда мен айт­қандай, центристік  бағыттағы  күштер  бар.

Ұлттық деңгейдегі жиынға ұлттық ойдың құрамдас бір бөлігі – саяси оппозицияның қатыстырылмауы – Ұлттық  құрылтайдың бір кемшілігі деп санаймын.

Әміржан  ҚОСАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: