Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тоқаев тоқетерін айтты

23.06.2022, 11:40 265

Қазақ елі Тәуелсіздік алғалы бері ешбір елмен қақтығысқа түспеді. Дау-жанжалға қатыспады. Барлығымен бейбіт келісімге келуге тырыс­ты. Сол себепті ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүкіл ел алдын­да белгілі бір топ өкілдеріне қатысты көзқарасын ашық айтады деп ешкім күтпеді. Әсіресе көрші Ресей Федерациясы жайында сөз қозғалғанына әлемдік БАҚ өкілдері таңқалғанын жарыса жазды. Өйткені әскери тұрғыдан болмаса да, экономикалық, имидждік жағынан әрқашан Ресей­ді қолдаған ел едік. Постсоветтік мемлекеттердің арасында ашық ешқашан батыспен ақпараттық соғысқа қатыспаған жалғыз ел екеніміз мәлім. Ал міне, кенеттен Ресей мемлекеті үшін маңызды Петербург халықа­ралық экономикалық форумының пленарлық отырысында Ресей­дің «Украинадағы арнайы әскери операциясын» қолдамайтынын және Украинаның шығысындағы «ДХР», «ЛХР» жікшіл аймақтарымен қатар, Ресейдің арқасында қолдау тапқан даулы аумақтарды Қазақстан мойындамайтынын  Президент айтты. Бұны былай жіктеді.

– Бізде бұған қатысты әртүрлі пікір айтылады. Егер халықтардың қала­уы  бола  берсе, әлемде БҰҰ құрамына енетін 193 ел емес, 500 немесе 600 ел болар еді. Әрине, бұл үлкен хаосты әкеледі. Сондықтан біз Тайваньды да, Косованы да, Оңтүстік Осетияны да, Абхазияны да мойындамаймыз. Бұл принципті Луганск пен Донецктің квазимемлекеттік құрылымына да қолданамыз, – деді  ол.

Қазақ «көңілге қарап сөйлеу – имандылықтың белгісі» деген қағиданы қаперінде мықтап ұстаған. Сол себепті, көп уақытта күмілжіп қалатынымыз рас. Алайда «Өй, қазақ па? Не айтсақ та дегенімізді істейді» деп айту орынсыз. Сыйлағанды қорыққандық деп қабылдап, достық қарым-қатынасымызды қастыққа ұластырып алмау керек. Жиында мемлекет басшысы да Ресей депутаттарына, журналис­теріне және мәдениет қайраткерлеріне Қазақстан жайлы  айтылған сөздеріне  назын  білдірді.

Осы мінберді пайдалана отырып, Ресейдің бір­қатар депутатының сөздеріне шағым айтқым келе­ді. Қазақстанға бағытталған орынсыз сөздер, журналистердің, тіпті мәдениет қайраткерлерінің қате мәлімдемелері. Владимир Владимирұлы жоғары басшылықтың, Кремльдің өзге мемлекеттерге, соның ішінде менің еліме қатысты ұстанымын тәптіштеп түсіндірді. Ол үшін оған алғыс білдіремін. Шынымен де, біздің халықтардың арасында түрлі жолмен қоздыратындай ешқандай мәселе жоқ. Мұндай пікірлер Ресей Федерациясының өзіне зиянын тигізеді. Бұл сөздер  мен  үшін  түсініксіз, – деді  Президент.

Бұл сөздер ресейлік режиссер Тегран Кеосаянның жөнсіз шабуылына да қатысты. Ол «қазақтар, бауырлар, бұл не деген рақметі жоқ елсіздер? Украи­наға қараңыздар, ойлаңыздар» деген тікелей эфирдегі қоқан-лоқысы көптің ашуына тиді. Осы келелі кездесудің тізгінін Тегранның әйелі Маргарин Симо­нян жүргізген еді. Бұл сөздердің кімге бағытталғанын бірден түсініп, «мемлекет қайраткерлері сіздің позицияыңызды естіген-ді» деп тіл қатты.

Жалпы, мемлекет басшысының сөздерін әлемдік алып ақпарат агенттіктері референдумнан кейін Қазақстан Ресейден бойын аулақ ұстауға көшті деп пайымдады. Бұған қоса, Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей билігі ұсынған Александр Невский орденін алудан бас тартты-мыс. Сондықтан болар, The New York Times, Bloomberg, The Economist сынды БАҚ-тың тілшілері осындай тұжырымға келгені. Менің ойымша, Ел Президентінің бұл пікірі құрметтеудің арты ғайбаттаумен аяқталмасын деген ескерту. Дегенмен пленарлық отырыста Ресеймен арадағы біздің бұрынғы шарттарға байланысты Қазақстанның міндеттемелері бар екені айтылып, геолокация жағынан да бірге жұмыс істеу қажеттілігі сөз болды. Елімізді ел қылайық, бірігейік  дегеннің  несі  айып?

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: