Шекара асып, ел мен жер көру – қазіргі буынның арманы һәм мақсаты. Өзге елдегі табиғаттың сұлулығын сезініп, шабыт алғысы келетіндер көп. Американың еркіндігін, Италияның тарихи көрінісін, Францияның махаббатқа толы көшелерін, Түріктің хош иісті тәттілерін, сондай-ақ Кореяның сұлу бойжеткен мен бозбаласын көру көптің қалауы екені жасырын емес. Бұл мемлекеттерде білім сапасы да жоғары. Демек, жастар білсем, көрсем дейді. Бұны мақұлдап, қаржылай көмектесе алатын ата-аналар бар. Бірақ қазақстандықтардың көбі мұндай мүмкіндікті балаларына қамтамасыз ете алмайды. Тіпті, несие алса да, олар үшін жырақта оқыту тиімсіз. Сондықтан ата-ананың «қой, балам, елімізде оқы» деп айтуы қалыпты жағдай. Бұған ата-анаға ренжіп, өзінің мақсатыңды ұмыт қалдырудың қажеті жоқ. Себебі егер шынымен қаласаң, тегін грант жеңіп алуға алпауыт мемлекеттер мүмкіндік береді. Бірақ тіршілік үшін тартыс пен білім үшін бәсекелестіктің жоғары болатыны сөзсіз. Ендеше, әртүрлі елдің грантына бірсыпыра талдау жүргізбес бұрын жастар неліктен шетелде білім алуға әуес? Кеткен қазақ елге қайтып келуде ме? Осы сауалдың жауабын іздеп көрсек.
Жалпы, адамзат баласы көзбен көрмеген жерін ең таза деп санайды. Бұл – жаңылыстық. Әрине, білімді үйіп, бақытты құйып берем дейтін кей бағдарламалар көзді қызықтырып, миды улайды. Десе де таным таразысына салып, шетелді білім алудың даңғыл жолы ретінде қарап, туған жердің топырағына оралған жөн. Бізде кадр тапшылығы осыдан туындап отыр. Еліміздің білімді жастарына желі желдей ескен заманда елі маңызды болмай қалды. Кеткен малдан қайыр жоқ деген осы ма? Бірақ жастарымыз құс секілді баянсыз деп айта алмаймыз. Жүректері туған елмен қайда болмаса да бірге соғып тұр. Тек сол білімді жастың жағдайын жақсарта алмадық. «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан тусын» деп тектен-тек айтылмаса керек-ті. Жастардың елге қарай сабылуын тежеп тастаған өзіміз-ау. Сонда да жастар кемелдіктің кілтін тауып болған соң, елге тетігін көрсетуге келеміз дейді. Ал енді, мүмкіндіктер мекені болған құрлықтарға қалай қол жеткізу керек екені жөнінде сөз сөйлейік.
Ең алдымен, АҚШ-қа тоқталсақ. Шынтуайтына келгенде, бұл елге оқуға түсу үшін біраз тер төгуді қажет етеді. Өйткені АҚШ еңбекқорларды таңдайды. Бұл елге толық грантқа түсу екінің бірінің қолынан келмейтіні рас. Сондықтан Американы армандамас бұрын, олар кімді іздейтініне баса назар аудар. Мектепте «Алтын белгі» иегері болу жеткіліксіз. Оларға әлемге тың жаңалық әкелетін, ауқымды конференция, ғылыми жоба қатысушылары, ағылшын тілі деңгейі advanced болу керек. Алайда бұл да жеткіліксіз болуы ғажап емес. Яғни АҚШ-тың белгілі бір стандарты жоқ. Сол себепті өзіңді өзгеден артық қылатын қырыңды ізде. Бір гранттық орынға мыңдаған талапкер қатысады. Оның қатарына өзге ұлт өкілі мен ағылшындықтар да кіреді. Бөліп-жару жоқ. Тек мықтылар ғана тегін білім алуға мүмкіндік алады. Дегенмен дедлайнға үлгеріп, берілген құжаттарды дұрыс толтырып, интервьюден сүрінбей өтсең, университет тарапынан жеңілдік алуға болады. Мәселен, Айбек Бердіхан есімді биылғы түлек АҚШ-тың 6 университетінің грантын жеңіп алған. Бұған қоса, Біріккен Араб Әмірлігінің Дубай қаласындағы алдыңғы шепте тұрған университетінің толық грантымен қатар, 4 елдің 13 университетінен шақырту алған. Нәтиже таңқаларлық. Сөзімізді білімді жас сабақтаса…
– Америкада көбіне жекеменшік университеттер көп. Ол жақта бұл кәсіпке айналып кетті деуге де болады. Жалпы, оқуға түсу үшін талаптар мынадай: өтінім хат, мотивациялық хат, ағылшын тілі деңгейін анықтайтын тест (IELTS, TOEFL) және SAT деген экзамендік тест бар. Бірақ бұл шарттар университетке байланысты. Десе де көбінің сұрайтыны осы. Мотивациялық хат оқуға түсуде өте үлкен рөл ойнайды. 30-40 пайызын осы шешеді. Себебі бұл хатта сенің қандай адам екенің көрсетіледі. Мұнда сенің жасаған дүниеңнен гөрі адами тұрғыда қандай екеніңе акцент қойылады. Қазақстанда ақылы бөлімге түсу үшін де шектік балл бар ғой. Сол сияқты Америка университеттерінде де осыған ұқсас система бар. Мысалы, «IELTS В2,С1 деңгейі болу керек» деген сияқты талаптары болады. Ақылы бөлімге түсу де оңай емес. Негізі Еуропа мемлекеттерінде толық грантқа түсуге арнайы бағдарламалар бар. АҚШ-та мұндай бағдарламалар сирек немесе уақытша ғана. Тапқан күннің өзінде үздік университеттерде болуы мүмкін. Ал, оларға түсу қиынның қиыны, – деді Айбек Бердіхан.
Түбі бір түркі халқы да қазақстандықтардың бетінен қақпады. Тіпті олардың гранттарына қарап, не деген жомарттық деп қаласың. «Туркия Бурслары» бағдарламасы толығымен оқу ақысын, медициналық сақтандыру, түрік тілі курсын және Түркияға келу және өз еліне қайту билетін төлейді. Сонымен қатар, ай сайын стипендия беріледі. Бакалавриат студенттеріне – 700 түрік лирасы, магистрлерге – 950 түрік лирасы, аспиранттарға – 1400 түрік лирасы, зерттеушілерге 3000 түрік лирасы көлемінде табысталады. 2012 жылдан бастау алған аталмыш бағдарлама Түркияның саяси және экономикалық саладағы тұрақты дамуына әсер етіп отыр. Бүгінде шетелде оқығысы келетін жастардың көпшілігі осы бағдарламаны таңдайды. Тікелей Түркия елімен байланысып, білім алудың жай-жапсарын түсіндірген білімді жаспен жүргізген сұхбатымызды оқи аласыз.
Тағы да жастар арасында k-pop толқынының арқасында танымал болған Оңтүстік Корея мемлекеті бар. Бұл елдің де Түркия секілді бағдарламасы бар және мүмкіндіктері ұқсас. Айырмашылығы – құжат тапсыру мен қойылатын талапта. Нақтырақ айтсақ, құжат тапсыру екі трек арқылы жүргізіледі. Бірінші – елшілік трек. Мұнда сіз қазақстандық талапкерлермен сынға түсесің. Елімізге жылына 2-3 орын бакалаврға, 5-10 орын магистрға осы трек аясында беріледі. Бұл елшілік трек арқылы 3 университетті таңдауға мүмкіндігіңіз бар. Ал екінші трек – университеттік. Сіз бір ғана университетті таңдайсыз және сізбен бірдей таңдаған талапкерлер арасында конкурс жүргізіледі. Бірақ нақты қанша адам өтетіні жайында ақпарат жоқ.
– Мен Кореяны таңдауымның себебі 7-сыныптан бастап, корей тілін үйрене бастадым. Түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. Корей мәдениеті де ұнаған соң, осы елде оқуды шештім. Өткен жылы белгілі бір себептерге байланысты үлгере алмай қалдым. Бірақ биыл бұл мүмкіндікті жіберіп алмайын деп шешіп, белімді бекем буып қатыстым. Мен үшін сәтті аяқталды. Мен елшілік трек арқылы тапсырдым. Бұл бағдарламаға 100-ден аса мемлекет қатысады. Алайда әр елде таңдау критерийлері әртүрлі. Қазақстанда нақты бір ережелер болмады. Сол себепті өзіңнің лайық екеніңді білу қиынға соқты. Дегенмен GPA жоғары, тілдік деңгей анықтайтын тест болса, оқуға түсуге мүмкіндігіңіз жоғары болады. Ең негізгі фактор ретінде мотивациялық хат деп айта аламын. Себебі IELTS, TOPIK жоғары болғанымен, іріктеуден өтпеген жандар бар, – дейді Дария есімді қыз.
Еліміздің жастары аспан асты елге барып, білім алуға құмар. Қытай мемлекетіндегі университеттердің шетелдік студенттерге арналған шәкіртақылары көп. Мұнда әсіресе техникалық, медициналық салалар жақсы дамыған. Сондықтан Қытайдың түсініксіз шатпағы жастарды алаңдатпай тұр. Жалпы, Азия елдерінің гранттары жомарт. Сингапур, Гонконг, Жапония да осылардың қатарында. Сөзімізді Сымбат есімді Қытай Халық мемлекетіне грантқа түскен қазақстандық та растайды. Оның сөзінше, пандемия кезінде де Қытай университеті қамқорлық танытыпты.
– Қытай еліне бару мектеп кезіндегі арманым болды. Мектепті тамамдаған соң, осы елге оқуға түстім. Мен оқып жатқан кезде Қытайда COVID-19 дерті басталды. Мемлекет пен университет бізді бетперде, антисептиктермен қамтамасыз етіп, күн сайын қан қысымымызды тексеріп отырды. Зобалаң күндер болса да, білім беру тоқтап қалған жоқ. Онлайн оқу жүйесіне көшіп, сапалы білім ала алдық. Егер жастар бұл елге оқуға түскісі келсе, әлеуметтік желіден еш ауыртпалықсыз тауып ала алады. Ешқандай лабиринт жоқ. Сол себепті іздену арқылы, нақты өздеріңізге не керек екенін біле аласыздар, – деді Сымбат Байжан.
«Қойшыны таяғы асырайды, қасқырды аяғы асырайды» демекші әу бастан әркім өзінің сара жолын салып, нан табудың қам-қарекетіне кіріседі. Елінен кетіп, білім іздеген жандарды қазақ-орыс әдебиетінен бала кезден жастарымыз оқып өсті. Олардың санасында өзге жақтан алған білім өзгеше деген пікір қалыптасты. Бірақ елімізде де мектеп бітіруші түлекке берер мүмкіндіктер аз емес. Президент тапсырмасына сәйкес, жыл сайын гранттың саны көбейіп, шәкіртақы өсіп келеді. Дегенмен жүйенің жөнсіз болуынан жұмыссыздық туындайды. Ертеңгі еңбек нарығына не керек екенін сауатты сараптай алмай отырғанымыз өкінішті. Десе де жаңа буын өзіне не керек екенін нақты біліп, шешіп отыр. Ол-ол ма? Біреу кетуді ойласа, енді бірі келуді ойлап жүр. Өткен жылы 11 мыңнан астам қазақстандық шетелден келіп, еліміздің ЖОО-на ауысты. Сондықтан болашағымыз деп сенген жастар, болашағына керекті көпірді өзі қалап жатыр. Тек мемлекет мысал келтірген елдерден үлгі алып, демеп отырса жеткілікті.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!