Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бай болу мақсат емес

14.05.2022, 10:00 815

HALYQLINE.KZ

Ғибратты  әңгіме

Ертеде бір жігіт бай болуды армандапты. Ол бір данышпанға барып:

– Менің бай, дәулетті болғым келеді. Не кеңес бересіз? – дейді.

– Байлықты не істейсің? Онан да ахиретте керек байлық берейін, – дейді. Жігіт қоймайды. Данышпан:

– Қазір ғана бір бай дүние салып еді. Жұрт соған қабір қазып жатыр. Сол көрге бір сағат түсіп шықсаң, байдың бар байлығын саған алып берейін, – дейді. Жігіт қуанып кетіп, шартына келіседі. Данышпан:

– Қорықпайсың ба? – деп сұрайды. Жігіт:

– Ат басындай алтын берсең болды. Бір сағат емес, бір күн жатып шығамын, – дейді.

Данышпан жігітті қазылып жатқан көрге әкеледі. Оны лақатқа кіргізіп, аузын мықтап бекітеді. Сәлден кейін жігіттің шыңғырған даусы шығады. Жұрт қабірді ашқанда жігіт «ойбайлап» атып шығады. Оны данышпан әзер тоқтатып:

– Ей, не болды? – дейді. Жігіттің өңі қашып, түрі бозарып кеткен екен.

– Алтыны да құрысын, байлығы да құрысын! Көрде көрген азабымды, тартқан машақатымды ауызбен айтып жеткізе алмаймын, – дейді.

– Не көрдің? – дейді данышпан.

– Көрге түскенім сол еді, жаным көзіме көрінді. Қаптаған құрт-құмырсқа, жәндік атаулы жабылып, тәнімді шаға бастады. Кенет көктен бір Қарыш атты жылан атылып келіп, кеудемді қонды. Айыр тілін шығарып, шақпақ болды. Бұрын жолда келе жатып, жол шетінде отырған қайыршыға бір үзім нанды беріп едім. Сол нан Құдайдың құдіретімен пайда бола кетіп, жыланға қалқан болды. Қарыш нанға бата алмай, кетіп қалды, – дейді кемсеңдеп. Данышпан:

– Енді не істейін. Ат басындай алтын берейін бе, баюдың жолын көрсетейін бе? – деп сұрайды. Жігіт әлі есін жимаған күйі:

– Маған тек қайырымдылық жасауды үйретіңіз, денім сау болса, малды өзім-ақ табам, – депті.

Әлеуметтік  желіден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: