Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сталиннің шинелі

09.05.2022, 17:00 471

HALYQLINE.KZ

«Пәшистерді мұрнынан сүйреп сабадым», дейтін еді Сома көкеміз. Тағы бірде желін былай шығарды:

–Ұрысқа Мәскеудің түбінде топ етіп түстім. Немістердің тәңкі деген дырылдауығы бір-бірімен жарысып таптап кетердей жақын келіп қалады. Басындырып тұра алмаймын ғой, тұмсығынан грәнатпен періп кеп жіберемін. Лап етіп жанып, шыңғырып қоя береді. Әрине, ішіндегі солдаттарды айтамын. Тәңкі ұру торғай ұру емес, ана немелерге қозы қайырым қашықтықтан шақ еткіземін. Лақтырғаным зая кетпеді. Сырдың бойында тары қорып, сақпан атқанымның пайдасын жұрт сонда көрді-ау, шіркін! Менің құлашымның қарқынын көрген солдаттар гранаттарын менің алдыма жинап, жайбарақат карта ойнап отыратын болды. Соғыста жүрміз деп ойларына кіріп-шықпайды пәтшағарлардың. «Сөзіңді біреу сөйлесе, аузың қышып бара ма?» дегендей де. Қарайғанын қағып түсемін. Тұмсығы сорайып, шоңқияды да қалады. Сонымен құдай-ау, бір күнде жиырма шақты тәнкісін тып-типыл еттім.

Айдаудың айтақырына шығып, айнала «шапқан» Сомекең енді тізгінді тарта қоймас. Сөз араластырмай тыңдап отырмыз.

–Әңгіменің қызығы әлі алда, бала. Кешке командир риза болып, екі күнге «уболнение» берді ғой, маған.

–Уболнение алғанда қайда барасыз? – деп Томпи риза болмаған кейіпте.

–Қайда барғаны несі? Артымызда Мәскеу тұрған жоқ па? Кәтта қалаға қыдырудың реті осылай келген шығар деп пешком тартып кеттім. Келдім, көрдім. Құрысын! Соғыстың аты – соғыс. Әр жерде өртенген үй, құлаған ағаш, төңкерілген трамбай. Әпті қашқан қатын-қалаш, бала-шаға. Түтін. Ыс сасиды. Содан көше аралап жүріп бір үлкен үйдің жанына келіп қалыппын. Сөйтсем Креміліміз осы екен. Ұят болар Стекеңе сәлем берейін деп бұрыла салдым. Есік алдындағы солдат әуелгіде жібергісі келмей қоқиланып еді, танауынан бір шертіп өттім де кеттім. Кіріп барсам құдай-ау, атшаптырымдай кең үй, іші көк түтін!

–Кел, Сома! – деген Стекең гүр-гүр етіп бір бұрыштан көрінді. Қорқорын тартып олай-былай теңселіп жүр екен.

–Таниды екен ғой, – деп Томпи тағы жыбырлады.

–Жындысың ба ей, танымағаны несі.., бірге талай қасқыр атқанбыз ғой кезінде.

Сомекең ары қарай жөңкіді.

Қолбасшы жанына отырғызып, кофе алдырды. Әжік-түжік әңгімені гөйттік. Майдан жөнінде сұрап-сұрап қояды. Мен де баяндап жатырмын. Риза болды-ау деймін, Стекең бір кезде қабырғадағы үлк-е-е-н картаның пердесін ысырды. Мені ымдап жанына шақырып: «Мына жерге, мына жерге абай болыңдар!, – деді нығырлап. –Жау әскері өтіп кетпесін! Өзіңе сенем, Сома!» – деп арқамнан қақты.

– Ест тауарыш, Иосип Биссаронобиш! – деп мен қарғып тұрдым. Сөйттім де насыбайымды атып алып, киініп шығып кеттім. Корқорын тартып Қоба қалды. Содан полкке жаяу тарттым да кеттім. Стекеңнің арқамнан қаққаны қанат бітіргендей, есік пен төрдей жерді бір-ақ аттап, шаңды бұрқыратып келемін. Жолда кездескен әскер біткеннің бәрі тақ тұрып шест беріп жатыр. Тіпті кездескен опицерлер да қалт тұра қалып, құрмет көрсетеді. Майор, полковниктер де қалшиып қатып қалады. Мыналарға не көрінген-ей деп ойлаймын да, кете беремін. Әрқайсысымен мылжыңдасып тұруға уақыт қайда? Осылайша алдыңғы шепке де келіп қалыппын. Полктің командирі подполковник алдымнан жүгіріп шығып, шест бере беріп:

–Тауарыш Генералисмус, – деп баяндай бастады да – Ой, елки Сома! – деп қуанғанынан құшақтай алды. Сонда аңғардым.., Кремілден шығарда асығып-үсігіп жүріп, Стекеңнің шинелі мен шәпкісін ауыстырып киіп кетіппін. Аңқаулықты қарасайшы. Жолдағылардың жаны шығып жүгіріп жүргені сол екен.

Содан соғысқа қайта араласып кетіп, Стекеңнің шинелі мен шәпкісін қайтара алмай, соғыста бір айдай киіп жүрдім. Өзі қайта-қайта сәлем айтып қоймаған соң, бірде оқ таситын самолеттің бірінен беріп жібердім-ау, – деді Сомекең екпінін бәсеңдетіп. Сөйтті де:

– Балдар, мен жаңағы насыбайды қайттім.., түкірдім бе, әлде жұтып қойдым ба?! – деп мұрты желбіреп, батысқа тесірейе қарады.

Нұрмахан  ЕЛТАЙ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: