Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әркім керек кадрын шақырады…

05.05.2022, 11:20 368

Қызылордада облыс әкімі ауысқаннан соң кадрлық ауыс-түйіс қатары жиілей түскендей. Ескі кадрлармен жұмысты жаңаша жүргізу қиындық тудыратын болуы керек, аймақ басшысы тағайындаудың түр-түрін жасап жатыр. Бұған дейін «Халық» газетінің №17 (1127) санында «Ескі де жаңа кадрлар» деген тақырыпта мақала жариялаған едік. Онда ел арасында «Жаңа Қазақстанды ескі кадрлармен құра аламыз ба?» деген сыни пікірдің айтылып, жазылып жатқаны сөз болды. Сондай-ақ, дәл осы материалда тағайындаулар туралы кеңірек тоқталдық. Ал, өткен аптада актив отырысында Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев  қаланың  жаңа  әкімін  таныстырды.

Жиында аймақ басшысы қала әкімі қызметін атқарған Ғанибек Қазантаевтың өз өтінішіне сәйкес Қызылорда қаласының әкімі лауазымынан босатылғанын хабарлап, әріптесіне қаланың әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени дамуына сүбелі үлес қосқаны үшін алғыс білдірді және Қызылорда облысының «Құрмет» грамотасын табыстады. Өз кезегінде, Ғанибек Қазантаев әріптестеріне бірге жұмыс істеу барысында көрсеткен қолдауы үшін ризашылығын білдірді. Айта кетейік, ол осыдан тура бір жыл, 20 күн бұрын осы лауазымға тағайындалған еді.

Осылайша, облыс  әкімінің  өкімімен Қазақ­стан  Республикасы Президенті әкім­шілігі және Қызылорда қалалық мәслихаттың келісімі бойынша Қызылорда қаласының әкімі лауазымына Шәменов Асылбек Өмірбекұлы тағайын­далды.

Аймақ басшысы жаңа әкімді таныстырып, қызметінде  сәттілік тіледі.

– Асылбек Өмірбекұлы бұған дейін де бір­қатар жауапты қызметті атқарған. Қаланың тыныс-тіршілігімен етене таныс. Әсіресе, Қызыл­орда қаласы әкімінің орынбасары ретінде қаланың  қайнаған  қазанында шыңдалған тәжірибелі және іскер басшы. Бүгінгі күнге дейін Жалағаш ауданының әкімі қызметінде жүріп, ауданның экономикалық жағдайын жақсарту мен әлеуметтік әлеуетін арттыру жолында ауқымды жобаларды жүзеге асырып, жергілікті халықтың қолдауына ие болған. Ендігі кезекте, осы  жинаған тәжірибесі мен білімін, іскерлік қабілетін  облыс орталығы Қызылорда қаласын дамытуға  арнап, сүбелі үлесін қосады деп сене­міз, – деді  Нұрлыбек  Нәлібаев.

Облыс әкімі Асылбек Шәменовке Қызыл­орда қаласының қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығына жауапты болып, халықтың әл-ауқатын көтеру мақсатында экономиканың барлық салалары бойынша дамудың оң параметрлеріне  қол  жеткізуді  тапсырды.

Қаланың санитарлық тазалығы, көпқабатты тұрғын үйлердің сәулеттік келбеті, көркейту-көгалдандыру жұмыстарына және тіршілікті қамтамасыз етуші кәсіпорындардың үздіксіз жұмыс істеуіне баса назар аударуды және облыс орталығының сол жағалауын игеру және дамыту бойынша жаңа жобаларды жүзеге асыру­ды  міндеттеді.

Жиында қоғам қайраткері Қожахмет Баймаханов, Айтбай Көшербаевтар жаңа шаһар басшысының қызметіне сәттілік тілеп, жерлес­терін өңірді өркендету жолында бірлесіп әрекет  етуге  шақырды.

Ел арасында «Жалағаш ауданындағы қызметінен босаған Асылбек Шәменовтің орнын кім басады?» деген сауал қойылып, әртүрлі ұсыныстар мен жорамалдар жасалып жат­қан-ды. Көп кешікпей ол орынның иесі де анық­талды.

Облыс әкімінің өкімімен Қазақстан Рес­публикасы Президенті әкімшілігі және Жала­ғаш аудандық мәслихатының келісімі бойынша Жалағаш ауданының әкімі лауазымына Есжанов Асқарбек Темірбекұлы тағайындалды.

Ол әр жылдары Қызылорда облысы әкімі аппаратында бөлім басшысы, Қызылорда қаласы әкімі аппаратының басшысы, Қызылорда қалалық білім бөлімінің басшысы, Қызылорда қалалық мәслихат аппаратының басшысы, Қызылорда қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары болған.

2021 жылдан бастап осы кезге дейін Қызыл­орда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы лауазымында  абыроймен  қызмет  атқарып  келді.

– Асқарбек Темірбекұлы – басшылық қызметтегі ұйымдастырушылық қабілеті мен тәжірибесі мол, өз жұмысын жоғары кәсіби деңгейде атқаратын  білікті  азамат.

Сондықтан, мемлекет басшысының саясаты аясында берілген тапсырмаларды бұлжытпай орындап, өздеріңізбен бірге туған жері Жала­ғаш ауданын одан әрі дамытуға аянбай жұмыс істейтініне сенемін, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Қала әкімі қызметіне тағайындалған Асылбек Шәменов келесі күні-ақ өзінің орынбасарын тағайындаудың қамын жасаған көрінеді.

Қызылорда қаласы әкімінің 2022 жылғы 29 сәуірдегі өкімімен Сейілов Жанмұрат Жақсымұр­атұлы Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары  болып  тағайындалды.

Ол М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде құқық және экономика негіздері және Қ.А.Яссауи атындағы Халықара­лық қазақ-түрік университетінде мемлекеттік басқару мамандықтары бойынша білім алған.

Еңбек жолын 2007 жылы Қызылорда облы­сы әкімі аппаратының кадр жөніндегі инс­пекторы қызметінен бастаған. Қызылорда облысы, Балалардың құқықтарын қорғау депар­таментінің бас маманы, Қызылорда облыс­тық ішкі саясат басқармасының бас маманы, Қызылорда қаласы әкімі аппаратының бас инспекторы-қала әкімі орынбасарының көмекшісі, қала әкімінің көмекшісі, қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы, Қызылорда қалалық мәслихаты аппаратының басшысы қызметін атқарған.

2020 жылдың мамыр айынан бастап осы кезге дейін Қызылорда қаласы әкімі аппаратының  басшысы  болды.

Жанмұрат Жақсымұратұлы қаланың экономика, қаржы, кәсіпкерлік және ауылшаруа­шылығы  салаларына  жетекшілік  етеді.

«Бұл ауыс-түйістің басы да, соңы да емес. «Шабадандық көңіл күйде» жүрген әкімдер мен басшылар да бар. Әлгі қысқартылып кеткен басқарма басшылары қайда барады? Олар да алаңдап отыр. Демек, алда тағы да тағайындаудың болатыны айтылып жүр…».

Бұл – бұған дейін де жазғанымыз. Тағы да қайталаудың жөні келіп тұр. Түр-түрі жасалып жатқан тағайындаулардан әркім өзіне керек кадрды шақырып жатқанын аңғару қиын емес. Әрине, ол түсінікті жайт. Десе де, қарапайым халыққа кімнің келгені емес, оның істеген жұмысы керек және сол маңызды. Басшылар осыны түсінсе екен дейміз.

Рыскелді  ЖАХМАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: