Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жұмысына немқұрайды қараған қызметкердің «жыртығына» жылтырақ жамаған дұрыс па?

05.05.2022, 11:00 551

Мемлекеттік қызметкерлерден мерзімінен бұрын ешқандай аргумент көрсетпей тәртіптік жазаны алып тастау көбейіпті. Бір айға жетпей еш себепсіз алып тастағандарға Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ғалым Тұрсынбаев наразылығын білдірді. Оның айтуынша, кей мемлекеттік органдар тәртіптік жазаны сыйақы беру үшін алып тастайтын көрінеді. Сонда өз жұмысына немқұрайды қараған қызметкердің «жыртығына» жылтырақ жамаған дұрыс па? Әлде жауырыны жер иіскесе де, жер көтереді дегеннің кері ме, бұл? Десе де жат қылықтарға жол берген мемлекеттік қызметшілердің теріс ісі жеке-жеке қаралмақ. Осы және өзге де мәселелер Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында талқыланды.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментімен Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кіріс­тер департаментінде 2021 жылдың қараша айында жүргізілген профилактикалық бақылау мен қадағалау жұмыстары барысында конкурс өткізу тәртібін бұзу деректері мен мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидаларының талаптары сақталмағандығы анықталған. Конкурс өткізу қағидаларының талаптарын сақтамау 2021  жылғы  4 маусымда осы мекемеде С-О-4, С-О-5 санаттарының бос мемлекеттік әкімшілік  лауазымына орналасуға жарияланған жалпы конкурстарға қатысқан үміткерлерге де қатысты болған. Дегенмен қараша айындағы болған жайт үшін тиісті жұмыстар жүргізілгендігін Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті  басшысының  міндетін  атқарушы  Әділбек  Бекішев  айтты.

Қазалы ауданында да конкурс өткізу бойынша заңбұзушылықтың 8 дерегі анық­талыпты. 2021 жылдың желтоқсан айында Департаментпен жүргізілген профилактикалық бақылау нәтижесінде Қазалы ауданы әкімі аппаратында нысаналы мақсатты индика­торлар бойынша мемлекеттік қызметшілерді бағалау бойынша заңбұзушылықтың 6 дерегі анықталған. Бұл бойынша іс қайта қаралып, тиісті түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Алдағы уақытта мұндай келеңсіз жағдайларға жол бермейтінін  аудан  әкімі  Мұхтар  Оразбаев  мәлімдеді.

Facebook әлеуметтік желісінде Динара Дастенова есімді азаматша жеке парақшасында Қазалы ауданы әкімінің тапсырмасымен аудандағы мемлекеттік мекеме қыз­меткерлеріне аудандық медресе салуға қаражат жинау, сондай-ақ мәжбүрлі түрде газетке  жазылу туралы сыни көзқарасын жариялады. Бұл туралы аудан әкімі өзіне тағылған  кінәратқа  бүй  деді.

– Бұл азаматшаны кемінде аптасына бір рет қабылдаймын. Кеше ғана қабылдауымда болды. Ол аудандағы көптеген мәселеге үн қататыны рас. Бірақ аудандық медресе аудан әкімдігінің қолдауымен салынып жатқан жоқ. Жеке кәсіпкерлердің мұрындық болуымен жүзеге асып жатқан жоба екенін айтқым келеді. Бірде-бір мемлекеттік қызметші қаражат аударған жоқ. Ал мерзімді баспасөзге келетін болсақ, біздің мәжбүрлеп жаздыруға құқымыз жоқ, тек түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Жалған ақпарат таратылмауын бақылауда ұстап отырмыз, – деді аудан әкімі.

Сонымен қатар Қызылорда облыстық аумақтық инспекциясының әдеп жөніндегі уәкілі Жанат Дүзелбаева мен Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы Талғат Нұртаевтың есебі тыңдалды. Тап-тұйнақтай қылып жұмыстарды атқардық дегенімен бірнеше олқылық анықталып, соған сәйкес тиісті шешімдер шығарылды. Және Қызылорда облысындағы Әдеп жөніндегі кеңес мүшелерінің 2022 жылдың 2-тоқсанына арналған жеке және заңды тұлғаларды жергілікті жерлерде қабылдау кестесін бекіту туралы пысықталды.

Айта кетейік, облыстық әдеп жөніндегі кеңестің құрамы өзгерді. Әділдікті ту еткен жаңа құрам барлығы ашық болу керек екенін алға тартты. Ендігі кезекте ауыл-аймақты аралап, азаматтарға жеке қабылдаулар өткізбек. Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ғалым Тұрсынбаевтың төрағалығымен өткен алғашқы жиында кеңес құрамы Наурызбай Байқадамов, Сәуле Құлымбетова, Анар Ізден, Жандос Түсмағанбетов секілді азаматтармен толықты. Бұдан бөлек, кеңес құрамында Жағыппар Қарабала, Мақсұт Нәлі­баев, Рустам Ақмырзаев, Рашид Темірбек бар.

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: